Қазақстанның ОПЕК+ алдындағы міндеті қандай? Елімізде мұнай өндірісі қысқара ма?

Жарияланды
Мұнай – Қазақстанның басты табыс көзі

2020 жылдың желтоқсан айының қорытындысы бойынша Қазақстан ОПЕК+ келісімі аясында мұнай өндіру міндеттемесін орындаған. Энергетика министрлігінің мәліметінше, желтоқсан айында елімізде 6,3 млн тонна мұнай және 85,6 млн тонна конденсатты мұнай өндірілген. 

«ОПЕК+ келісімі бойынша міндеттеме 96 пайызға орындалды. Қазақстан ОПЕК+ келісімі аясында міндеттемені сақтауды жоспарлап отыр» делінген министрлік хабарламасында. 

Былтыр желтоқсан айының басында ОПЕК+ елдері 2021 жылға арналған мұнай өндірісіне қатысты жаңа уағда бекітті. Ол бойынша қатысушы елдер 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұнай өндіруді тәулігіне 0,5 млн баррелге дейін арттыра алады. Қаңтар айында ОПЕК+ қатысушы елдерінің өндірісіне қойылатын жалпы шектеу базалық деңгейден тәулігіне 7,2 млн баррелді құрайды. Қазақстанның міндеті – қаңтар айында тәулігіне 1,417 млн баррель мұнай өндіру. Ал 5 қаңтардағы келісім бойынша ақпан және наурыз айларында Қазақстан мен Ресей өндірісті тәулігіне 75 мың баррелге дейін көбейте алады. 

«Қатысушы елдердің отырысының нәтижесі бойынша қазіргі өндіріс деңгейін 2021 жылдың ақпан және наурыз айларында да жалғастыру туралы шешім қабылданды. Бұл ретте Қазақстан мен Ресей үшін жеке жағдай қарастырылды, екі ел өндірісті тәулігіне 10 және 65 мың баррелге дейін кезең-кезеңімен арттырады. Осылайша, Қазақстан мұнай өндіруді ақпан  айында 1,427 млн және наурыз айында 1,437 млн баррелге дейін арттырады» деп хабарлады энергетика министрлігі. 

Министр Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, ОПЕК+ елдері мұнай өндірісін қысқартуға келісудің арқасында әлемдік нарықтағы мұнай бағасының тұрақтандыруына әсер етті. «Қазіргі кезде қатысушы елдер келісімі мұнай индустриясына тың серпіліс беріп жатыр» дейді министр. 

Еске салсақ, 5 қаңтар күні WTI мұнайының бағасы былтырғы ақпан айынан бері алғаш рет барреліне 50 доллардан асты. Бұл ОПЕК+ елдерінің ақпан айындағы мұнай өндірісі деңгейі туралы жаңалығынан соң мүмкін болған. ОПЕК+ елдері ақпан мен наурыз айына арнап келісім жасасқаннан кейін қара алтын бағасы бір жылдан бері алғаш рет 54 доллардан асқан. Сонымен қатар теңгеге қатысты доллар курсы аздап төмендеген. 

Телеграмдағы Tengenomika каналы да ОПЕК+ елдерінің сәтті келісім жасасуы мұнай бағасының қымбаттауына әсер етті деп бағамдайды. 

«Әрі қарай шикізат валюталарының реакциясын күтеміз. Әзірге «мұнай» валюталары АҚШ долларына қатысты нығаюға асығар емес. Дегенмен дәл қазіргі мұнай бағасы жағдайында олардың (валюта) қазіргі деңгейі де жаман емес» деп жазады канал. 

Консалтинг қызметін көрсететін Wall Street Invest Partners компаниясының сарапшысы Данияр Жұмекеновтың айтуынша, мұнай нарығындағы жағдай 2020 жылдың көктемімен салыстырғанда жақсы, алайда Brent маркасы жыл басынан бері 25 пайызға арзан күйде тұр. 

«Нарық қатысушылары жақын уақытта эпидемиологиялық жағдай жылдам бақылауға алынып, жаздағы автокөлік маусымына дейін ахуал жақсарады деп үміттенеді. Сондықтан олар жаппай вакцинациялау туралы жаңалыққа әркез құлақтарын түріп, жаппай егу жақын арада басталады деп үміттеніп жүр. Алайда дәл қазіргі сәттегі пандемия қиындықтарын елемеу тағы мүмкін емес. Әр күн сайын әлемнің әр түкпірінде ауру статистикасының өсіп бара жатқанын байқап отырмыз. Соған сәйкес карантин де күшейе түседі. Артық оптимизмге салынуға болмас. Вакцинациялау процесі баяу жүруде. Сондықтан коронавирустің таралуын болдырмаудың жалғыз жолы – карантин болып қалып отыр» дейді сарапшы. 
 

Оның айтуынша, ОПЕК+ елдерінің келісімі Қазақстанға да оң әсер беруі тиіс. Мұнай бағасы өскен сайын теңгенің де жай-күйі жақсара бермек. Дегенмен ОПЕК+ қатарына кірмейтін, сондықтан мұнай өндірісін шектемей отырған елдер де бар. Сол себепті, әлемдік мұнай нарығындағы ахуал әлі талай өзгерері күмәнсіз. 

11 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан қор биржасындағы доллардың орташа курсы сағат 11:00-де 418,98 теңге болды. 8 қаңтар күні таңертеңгі жағдаймен салыстырғанда (1 доллар – 418,83 теңге) ұлттық валюта 0,15 теңгеге арзандаған. Kurs.kz мәліметі бойынша, америкалық валютаның ең қымбат сатылуы 421,5 теңге деңгейінде тіркелді. 

Соңғы рет 9 қаңтар күні Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 56 долларға дейін көтерілді. Мұндай жағдай 2020 жылдың ақпан айынан бері алғаш рет тіркеліп отыр. 
 

Сондай-ақ оқыңыз