2020 жылдың басынан бастап халықтың кредиттері 7,36 трлн теңгеге дейін жетіп, 10,5%-ке өскен. Бұл жөнінде үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді.
«Соның ішінде тұтынушылық қарыздар 4,3 трлн теңгеге дейін артып, 3,2%-ке, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру есебінен ипотекалық қарыздар – 2,3 трлн теңгеге жетіп, 27,8%-ке өсті» деді ҰБ төрағасы.
Ал экономикаға салынған кредит көлемін жыл басынан бері ұзақ мерзімді кредиттердің өсуі нәтижесінде, қарашаның соңында 14,65 трлн теңгеге жетіп, 5,6%-ке артқан. Қысқа мерзімді кредиттер 2,1 трлн теңгеге дейін: 3,0%-ке немесе 60,5 млрд теңгеге жетті.
Бизнестің кредиттік портфелі 2020 жылдың басынан бері 7,29 трлн теңгеге жетіп 1,2%-ке өскен. Бизнестің теңгелей алған несие мөлшерлемесі қараша айында 11,9% болған. Соның ішінде қысқа мерзімді кредиттер бойынша – 11,6%, ұзақ мерзімді кредиттер бойынша – 13,1%.