Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделуге ақы төлеуге және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушыға беру үшін қалай пайдалану керек? Бұл туралы БЖЗҚ АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін емделуге және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға ақы төлеу үшін, сондай-ақ, жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін пайдалануға құқықтары бар.
БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар төмендегі адамдар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өзінің, жұбайының (зайыбының) жақын туыстарының тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында және (немесе) өздері немесе жұбайы (зайыбы) не жақын туыстары үшін емделу ақысын төлеу үшін пайдалану құқығын қолдана алады:
1) олардың зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинағының белгіленген ең аз жеткіліктілік шегінен асып түсуі керек.
Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемі салымшының (алушының) МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы мен уәкілетті оператордан электрондық хабарлама алған күнге Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесіне сәйкес есептелген зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегі арасындағы айырма сомасынан аспауы тиіс;
2) зейнетақы мөлшері алушының Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен белгіленетін 40 пайыздан төмен емес деңгейдегі орташа айлық табысын алмастыру коэффициентін қамтамасыз ете алуы керек.
Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемі уәкілетті оператордан бастапқы электрондық хабарламаны алған күнге салымшының (алушының) МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары мөлшерінің 50 пайызынан аспауға тиіс;
3) сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасқандар;
Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемі салымшының (алушының) жеке зейнетақы шотындағы МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен жинақталған зейнетақы жинағының мөлшерінен аспауы қажет.
Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асыру үшін азаматтар, ең алдымен, өздерінің зейнетақы жинақтарын тексеріп, БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотында алуға болатын соманың бар екеніне көз жеткізулері тиіс.
Қордың enpf.kz корпоративтік сайтындағы Жеке кабинетте, сондай-ақ, БЖЗҚ-ның жаңартылған ұялы қосымшасында, Telegram-да алуға болатын қолжетімді сома туралы ақпаратты онлайн режимінде тексеру мүмкіндігі іске асырылды.
Қордың корпоративтік сайтындағы Жеке кабинетте және ұялы қосымшада авторланудың екі тәсілі қолжетімді: ЖСН мен парольді енгізу немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану. Сондай-ақ, ұялы қосымшаға кейіннен қайта кіретін болсаңыз, ұялы құрылғыңызда бар болса Touch ID немесе Face ID пайдалануға болады. Ыңғайлы болу үшін пайдаланушы қызмет көрсетудің қазақ немесе орыс тілдерін таңдай алады.
БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын тексергеннен кейін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға және/немесе емделуге пайдалану туралы шешім қабылдаған салымшылар (алушылар) арнайы шот ашу үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, біржолғы зейнетақы төлеміне өтініш (бұдан әрі-төлемге өтініш) беру үшін уәкілетті оператордың интернет – порталы арқылы уәкілетті операторға жүгінулері тиіс.
Салымшы (алушы) біржолғы зейнетақы төлемін алған кезінде төлейтін жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу тәсілін өзі таңдауы тиіс (жарналарды БЖЗҚ-ға аударған кезде ЖТС алынбайтынын естеріңізге саламыз). Ол уәкілетті операторға төлемге өтініш берген кезінде ЖТС ұстап қалу туралы өтінішке таңдаған тәсілді көрсетіп, ЭЦҚ арқылы қол қою жолымен іске асырады.
Яғни, азаматтар БЖЗҚ-ға ЖТС біржолғы зейнетақы төлемі сомасынан қай уақытта: төлем сәтінде толық көлемде дереу немесе ЖТС кейінге қалдырылған кезеңде ұстап қалу (зейнетақы төлемдерінің кестесі бойынша зейнетақы жасына жеткен кезде ай сайын тең үлестермен) керектігін өздері көрсетеді.
Уәкілетті оператор 2 (екі) жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-ға электрондық хабарлама жібереді, онда төлемге қабылданған өтініш туралы мәліметтер, оның ішінде алу мақсаты, ТАӘ, туған күні, ЖСН, салымшы (алушы) айқындаған мөлшердегі біржолғы зейнетақы төлемінің сомасы, ЖТС ұстап қалу тәсілі туралы мәліметтер қамтылады, сондай-ақ, салымшының (алушының) ЭЦҚ қойылған ЖТС ұстап қалу туралы өтініші электрондық хабарламаға қоса берілетін болады.
БЖЗҚ уәкілетті оператордан электрондық хабарлама алғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде уәкілетті операторға салымшының (алушының) біржолғы зейнетақы төлемінің сомасын аударады, ол өз кезегінде бұл соманы салымшының (алушының) арнайы шотына аударады.
Біржолғы зейнетақы төлемінің сомасы уәкілетті операторда («Отбасы банк» АҚ) ашылған салымшының (алушының) арнайы шотында 45 жұмыс күнінен аспайтын мерзім ішінде сақталады.
Осы мерзім ішінде салымшы (алушы) уәкілетті операторға нысаналы мақсаттар бойынша құжаттарын ұсынуы тиіс. Егер ол көрсетілген мерзімдерде ұсынылмаған жағдайда, уәкілетті оператор біржолғы зейнетақы төлемінің сомасын БЖЗҚ-ға қайтаруға тиіс, Қор ол соманы салымшының (алушының) жеке зейнетақы шотына есептейді.
Осылайша азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мәселелері бойынша барлық өтініштері уәкілетті операторға «бір терезе» қағидаты бойынша келіп түседі және қаралады. Азаматтар тарапынан БЖЗҚ-ға жеке өтініш беру талап етілмейді. Тек салымшылар БЖЗҚ-дан алуға болатын зейнетақы жинақтарының сомасы туралы мәліметтерді өз бетінше онлайн тәртібімен алулары керек.
Зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында алудан басқа, 2021 жылдан бастап азаматтар түрлі инвестициялық стратегияларды ұсынатын инвестициялық портфельді басқарушыларды (ИПБ) дербес таңдау арқылы МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен өздерінің зейнетақы жинақтарын басқаруға қатыса алады. Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ға аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ның өңірлік кеңселеріне жеке өзі жүгіну жолымен немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, БЖЗҚ-ның интернет-ресурсы арқылы қашықтықтан БЖЗҚ-ның ішкі құжатында белгіленген нысан бойынша өтініш беруі қажет.
Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ға аудару үшін пайдалану құқығын БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқару туралы шарттар, сондай-ақ, кастодиандық шарттар жасасатын, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындаған, Қазақстанның қаржы нарығында ИПБ ретінде пайда болғаннан кейін ғана қолдануға болатынына назар аударамыз.