Зейнетақы жинағын алу: «Отбасы банкінде» арнайы шот ашу басталды
Атауы «Отбасы банк» боп өзгерген ТҚЖБ бүгін зейнетақы жинағының бір бөлігін алып, баспана мен ем-домға жұмсағысы келетіндер үшін арнайы шот ашуды бастады. Аталмыш шотты онлайн режимде ашуға болады, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
Біржолғы зейнетақы төлемдеріне арналған арнайы шот дегеніміз – уәкілетті операторда (Отбасы банк) тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсатында БЖЗҚ-дан біржолғы зейнетақы төлемдерін аудару үшін ашылатын ағымдағы банк шоты.
«Отбасы банк» ең алдымен бұған дейін осы банкте есепшоты болмаған салымшылар үшін шот ашуды ұсынып отыр.
Сонымен арнайы шот ашу үшін не істеу керек?
1. ЖССБ24 мобильді қосымшасын телефонға жүктеңіз (IOS және Android).
2. Қосымшаның басты бетіндегі «Біржолғы зейнетақы төлемі үшін шот ашу» пернесін басыңыз.
3. Сосын ұялы телефон нөмірі мен ЖСН жазыңыз.
4. Телефон нөміріңізге коды бар SMS жіберіледі.
5. Келген кодты енгізіңіз.
6. Сканерлеу үшін жеке куәлікті дайындап қойыңыз.
7. Енді өзіңізді куәландыру қажет. Экранға қарап, басыңызды ары-бері бұрып, бет-жүзіңізді түсіріңіз.
8. Верификациядан өткеннен кейін клиент сауалнамасын толтырыңыз.
9. Деректерді өзгертуге арналған өтініш, Банктің стандартты талаптары және біржолғы зейнетақы төлемі үшін шот ашу туралы өтінішпен танысыңыз.
10. Бұл әрекет расталуы үшін сіздің нөміріңізге коды бар SMS жіберіледі, келген кодты енгізіңіз.
11. Әрі қарай, интернет-банкингке кіру үшін пароль ойлап тауып, енгізіңіз. Мобильді қосымшаға жылдам кіру үшін 4 саннан тұратын пасскод ойлап тауып, енгізіңіз.
12. Осы қадамдар дұрыс орындалса, біржолғы зейнетақы төлемі аударылатын арнайы ағымдағы шот ашылады.
«Отбасы банк» клиенттері үшін арнайы шот онлайн-платформада біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану туралы өтініш беру барысында ашылады. Платформа біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелері бекітілгеннен кейін іске қосылады.
Сондай-ақ арнайы шотты «Отбасы Банк» АҚ сайтындағы бейне қоңырау қызметі арқылы да ашуға болады.
Арнайы шотты дүйсенбіден сенбіге дейін, 9:00-ден 21:00-ге дейін ашуға болады.