Әр жылдың басында мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы көлемі бекітіледі. Биылғы мөлшерде қандай өзгерістер бар? Қаншалықты өсті? Бұл туралы толығырақ материалымыздан біле аласыздар. 2021 жылдан бастап Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі көтерілді. Мысалы, былтыр оның көлемі 32 668 теңге болса, биыл — 34 302 теңге. Сонымен бірге айлық есептік көрсеткіш те өзгерді. 2020 жылы 2 778 теңге болса, осы жылы 2 917 теңге болды. Бұл соманы есте ерекше ұстағаныңыз жөн. Себебі айыппұл не басқа да төлемдер осы айлық есептік көрсеткіш немесе қысқартып айтқанда АЕК арқылы есептеледі. Яғни алдағы уақытта 1 АЕК дегеніміздің 2021 жылы 2 917 теңгеге тең екенін біле жүріңіз.
Айтқандай, осы минимал күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш көлемі жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерге тікелей әсер етеді. Бұл туралы сәл кейінірек тарқатамыз. Көпшілік үшін маңызды ақпарат — осы жылы зейнетақы, декреттік төлемдер, әлеуметтік жәрдемақылардың қандай болатыны. Осы ретте пайдалы материалды назарыңызға ұсынып отырмыз.
Зейнетақының ең төменгі мөлшері қандай?
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жасына және қызмет еткен жылына байланысты төленетін зейнетақы төлемдері 7 пайызға көтерілді. Соған сәйкес, ең төменгі зейнетақы мөлшері 43272 теңге болып бекітілді. Ал минимал базалық зейнетақы төлемі — 18 524 теңге. Әдеттегідей, ерлердің зейнетке шығатын жасы өзгеріссіз, 63 жас болып қалды. Ал әйелдердің жасы болса, 2018 жылдан бері жарты жылға жылжып келеді. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 60 жастан шығады. Осылайша 2027 жылы 63 жасқа, ерлермен теңескенше жылжи береді. Нақтырақ айтқанда, былай:
• 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 60,5 жас;
• 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 61 жас;
• 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 61,5 жас;
• 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 62 жас;
• 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 62,5 жас;
• 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 63 жас.
Ең минимал жалақы көлемі қанша?
Пандемия кезінен хитке айналған көлем 42 500 теңге дегеніміз, осы ең төменгі жалақы мөлшері. Биыл да өзгеріссіз қалып отыр.
Баланың туғанына байланысты берілетін жәрдемақы
Баланың өмірге келгені — бақыт. Ендеше, осындай қуанышты сәтте мемлекет тарапынан да сыйлық берілуі заңдылық іспеттес. Елімізде баланың дүниеге келуіне байланысты берілетін бір реттік жәрдемақы түрі бар. Оны жұмыс істейтін де, істемейтін де әйелдер алады. Яғни бала туса болды, бәріне беріледі. Жыл сайын жәрдемақы мөлшері өзгеріп тұрады. Сонымен қатар, көлемінің ұлғаюына баланың саны да әсер етеді. Яғни бала көп туған сайын, көбірек жәрдемақы беріледі.
• Бірінші, екінші, үшінші балаға 38 АЕК, яғни 110 846 теңге көлемінде тағайындалады. Былтыр мұның мөлшері 105 564 теңге болған еді.
• Төртінші баладан әрі қарай болса, 63 АЕК мөлшерінде төленеді. Бұл дегеніміз, 183 771 теңге деген сөз. 2020 жылы 175 014 теңге болған.
Осы ретте ескере кететін бір жайт, егіз не үшем өмірге келсе, олардың әрқайсына жеке-жеке төленеді. Бұл — бір реттік төлем. Сонымен бірге жұмыс істейтін әйелдер босанғанға дейін, яғни жүктіліктің 7 айында декретке шығады. Соңғы 12 айдағы табыс көлеміне байланысты орташа табысы есептеліп, бір реттік декреттік төлем тағайындалады. Ал жұмыс істемейтін әйелдер мұндай төлем ала алмайды.
Баланың бір жасына дейінгі күтіміне берілетін жәрдемақы
Декреттік демалыста отырған әйелдерге бала бір жасқа жеткенге дейін ай сайын беріліп отыратын жәрдемақы бар. Жұмыссыз әйелдерге де төленеді. Бірақ мөлшері әр түрлі. Нақтылап айтатын болсақ, төлемдерді жүргізу үшін екі жерден қаражат тағайындалады. Оның бірі республикалық бюджет тарапынан болса, екіншісі — мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен. Республикалық бюджеттен бөлінетін ақшаны декретке шыққанға дейін еш жерде жұмыс істемеген аналар алады. Көлемі бала санына байланысты.
• Бірінші балаға – 5,76 АЕК, яғни 16 802 теңге (2020 жылы – 16 002 теңге);
• Екінші балаға – 6,81 АЕК, яғни 19 865 теңге (2020 жылы – 18 919 теңге);
• Үшінші балаға – 7,85 АЕК, яғни 22 899 теңге (2020 жылы – 21 808 теңге);
• Төртінші баладан әрі қарай – 8,90 АЕК, яғни 25 962 теңге (2020 жылы– 24 725 теңге).
Ал енді жұмыс істеген әйелдер болса, жалақысының мөлшеріне байланысты алады. Мұндағы бір шарт — жұмыс берушінің қызметкері үшін Әлеуметтік сақтандыру қорына ай сайын ақша салып отыруы. Яғни соңғы екі жылдағы табысының орташа көлемі анықталып, соның 40 пайызы төленеді.
Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап отбасында төрт баладан көп болған жағдайда берілетін бөлек жәрдемақы енгізілген еді. Яғни балалары кәмелетке толмаған немесе күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент болса, яғни жасы 23-ке жетпесе, беріледі. Жанұядағы табыс көлемі ескерілмейді. Ал енді мөлшеріне келсек:
• Төрт балаға – 16,03 АЕК немесе 46 760 теңге;
• Бес балаға – 20,04 АЕК немесе 58 457 теңге;
• Алты балаға – 24,05 АЕК немесе 70 154 теңге;
• Жеті балаға – 28,06 АЕК немесе 81 852 теңге;
• Сегіз және одан да көп балаға – 28,06 АЕК немесе 81 852 теңге. Бұған қоса, жетінші баладан соң дүниеге келген әр балаға 4 АЕК-ден қосылып беріледі. «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен және «Ана даңқы» орденімен марапатталғандар айына 18 669 теңге төленеді.
Мүгедектікке байланысты төленетін жәрдемақы
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері 5 пайызға өсті.
• І топтағы мүгедектер 65 860 теңге алады (2020 жылы 62 723 теңге болған);
• Ересек жастағы II мүгедек тобындағы адам – 52 483 теңге (2020 жылы 49 983 теңге болған).
• III топтағы ересек мүгедек адам 35 675 теңге алады (2020 жылы – 33 975 теңге).
• 16 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балалардың жәрдемақысы келесідей өзгерді:
• I топ – 65 860 теңге(2020 жылы – 62 723 теңге);
• II топ – 54 541 теңге (2020 жылы – 51 943 теңге);
• III топ – 41 164 теңге(2020 жылы – 39 202 теңге).
• 16 жасқа толмаған мүгедек балалар 48 023 теңге алады (2020 жылы – 45 736 теңге).
Жедел қызметте істейтін әскерилер, ядролық апаттар ликвидаторлары, экологияның әсерінен мүгедектікке ұшырағандарға берілетін жәрдемақылар да өседі:
• I топ – 96 389 теңге(2020 жылы – 91 798 теңге);
• II топ – 82 325 теңге (2020 жылы – 78 404 теңге);
• III топ – 68 948 теңге (2020 жылы – 65 663 теңге).
Қызметтік парызын өтеу кезінде мүгедектікке ұшыраған әскерилер мен Ішкі істер органдары қызметкерлері 2021 жылы мынадай көлемде жәрдемақы алады:
• I топ – 117 999 теңге (2020 жылы – 112 378 теңге);
• II топ – 90 901 теңге (2020 жылы – 86 624 теңге);
• III топ – 68 948 теңге (2020 жылы – 65 663 теңге).
Асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы
Асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейіне және адам санына байланысты есептеледі:
• Ата-анасының бірі болмаған жағдайда балаларға немесе еңбекке жарамсыз отбасы мүшелеріне ай сайын – 29 500 теңге (2020 жылы – 26 818 теңге);
• екі адамға – 51 110 теңге (2020 жылы – 46 463 теңге);
• үш адамға – 63 459 теңге (2020 жылы – 57 689 теңге);
• төрт адамға – 67 232 теңге (2020 жылы – 61 119 теңге);
• бес адамға – 69 634 теңге (2020 жылы – 63 302 теңге);
• алты және одан көп адамға – 72 378 теңге (2020 жылы – 65 797 теңге)
• Ата-анасының екеуінен де айырылған жетім балаға 40 477 теңге беріледі.
Атаулы әлеуметтік көмектің жайы не болады?
Атаулы әлеуметтік көмекті жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын келесі санаттағы тұлғалар ала алады:
• ҚР азаматтары;
• Оралмандар;
• Босқындар;
• Шетелдіктер;
• Қазақстанда тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар.
Атаулы әлеуметтік көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан аспайтын азаматтарға беріледі. Отбасының әрбір мүшесіне тағайындалатын АӘК мөлшері нақты облыс үшін кедейлік шегінің көрсеткішіне байланысты айқындалады, оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына тең (2021 жылы бұл 34 302 теңгені құрады), яғни 34 302-нің 70%-ы 24 011 теңгеге тең. Отбасындағы әрбір адамның табысы осы көрсеткіштен төмен болса, айырмашылық атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін құрайды. Ең төмен күнкөріс деңгейі азық-түлік тауарларының бағасына байланысты әр өңір үшін жеке есептеледі. АЕК тоқсан сайын тағайындалады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек бүкіл отбасы үшін тоқтатылады.