Алматы облысының полицейлері ломбардқа ұрлыққа түспек болған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Алтын Орда» әмбебап базарының күзетшілері Қарасай аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне хабар беріп, базардың аумағында орналасқан ломбардта дабыл белгісі іске қосылғанын айтқан. Олар ломбардтың сыртынан қарап, кіретін есіктің бұзылғанын және біреудің ішке кіргенін анықтаған.
Оқиға орнына жедел жеткен патрульдік полиция инспекторлары ломбард иесімен бірге үй-жайды тексеру кезінде қораптардың артына тығылған ер адамды ұстаған. Күдікті бұған дейін бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін сотталған Шығыс Қазақстан облысының 32 жастағы тұрғыны болып шықты.
Аталған дерек бойынша 24-бап арқылы ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабымен (Қызметтік үй-жайға кіріп, ұрлық жасауға оқталу) қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктінің осыған ұқсас басқа да ашылмаған қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.