Жинақтағы ақшаны емге қалай жұмсайды?
Биылдан бастап қазақстандықтар жылдар бойы зейнетақы жинағына жинаған қаражатын жұмсауға мүмкіндік алады. Сірә, бұл туралы әңгіменің шеті шыққаннан-ақ, көпшілік үй алатынын, болмаса ипотека-сын жабатынын күн жақындады деп қуанғаны рас. Әйтсе де, бәрі бірдей жинағындағы ақшаны ала алмайды, алса да қолына берілмейтіні тағы бар. Бір айта кетерлігі, бұдан бөлек, денсаулық жағдайын жақсартуға да жұмсауға еріктісіз. Әйтсе де, «әр қазақ баспаналы болсын» деп жиі айта-тынымыз соншалық, емделуге ақша алуға болатыны жайлы бірлі-жарым ғана жазылып жүр.
Ақпаратты қайдан аламын?
Алдымен жаңа заңның нақтыланған ережесі туралы айтып өтсек. Зейнетақы жинағының бір бөлігін жұмсай ала ма, жоқ па анықтау үшін жинағындағы қаражатты тексеру қажет. Бұл ретте ескере кететін жайт — барлығы бірдей ала алмайды, тек жеткілікті шектен асқан жағдайда «жыртығын жамауға» жұмсай алады. Ол үшін enpf.kz сайтындағы жеке кабинетке кіріп, қанша сома жиналғанын, үй алу не емделу мақсатында қанша сома ала алатынын білуге болады. Сонымен бірге мобайл қолданба арқылы да ақпарат алу мүмкіндігі бар.
Маңдай термен тапқан тиынды зейнет жасына жетпей қолдануға рұқсат берілгенінің жағымды тұсы аз емес. Себебі бүгінде емі тек шетелде табылатын, болмаса құны қалта көтермейтін операцияны қажет ететін жағдайларды жиі естиміз. Әлеуметтік желіден парақша ашып, көмек сұрайтындар көбейді. Ал осы зейнетақы жинағының бір бөлігін жұмсауға берілген мүмкіндіктің арқасында туысының өмірін сақтап қалуға болады. Өйткені ем мақсатында құны қымбат, сирек кездесетін дертті емдеу үшін өзіне ғана емес, жақын туысы үшін де ала алады.
Жинақты ем үшін жұмсаймын десеңіз…
«Азамат БЖЗҚ-дан ала алатын сомасының бар-жоғын анықтауы керек. Егер жеткілікті шек оған жинақты емдеу үшін пайдалануға мүмкіндік берсе, тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға хабарласып, медициналық комиссиядан бір жолғы зейнетақы төлемдері есебінен емделуге жіберу туралы қорытынды алуы қажет. Қорытынды медициналық комиссия отырысы өткізілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде шығарылады» дейді Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директоры-ның орынбасары Гүлнәр Сәрсенбаева.
Ендеше, қандай медициналық қызметтердің жіпке тізілгенін де атап өтейік.
• уәкілетті орган бекіткен тізім бойынша орфандық ауруларды емдеу, оның ішінде оларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сондай-ақ емдеу тактикасын анықтау үшін диагностикалық зерттеулер;
• Қазақстандағы медициналық ұйымдарда көрсетілетін стоматологиялық қызметтер;
• дененің жұмсақ тіндеріндегі косметикалық сипаттағы операциядан кейінгі тыртықтар мен туа біткен ақауларды түзету мақсатында қалпына келтіру және қалпына келтіру оталары (пластикалық);
• радионуклидті және радиоиодты терапияны, радиохирургиялық емдеуді (гамма пышағы, киберпышақ) және протонды терапияны қажет ететін аурулар;
• отандық медициналық ұйымдарда, оның ішінде Қазақстан аумағында ор-наласқан санаторий-курорттық жағдайларда медициналық оңалту;
• офтальмологиялық қызметтер (лазерлік көруді түзету, мультифокальды линзаларды қолданатын катаракта емдеу, ангиогенез ингибиторлары-ның интравитриальды инъекциясы) кіреді.
Асықпаған арбамен қоян алады
Қазақстандықтар үшін бұл бастама құдды бір бәйгеге ұқсағаны рас. Дереу жинағындағы ақшаны біліп, ала ала ма, алса не істейтінін дастархан басында талқылағаны да анық. Әйтсе де, бұл белгілі бір мерзімді қамтып, алып үлгеру керек дейтіндей науқан емес. Яғни заңмен бекітіліп, алдағы уақытта да қолданыста болатынын білдіреді. Бұл дегеніміз, жеткілікті шектен ақшаңыз асқан соң, емін-еркін арнайы мақсаттарға жұмсай бересіз. Әрі жинаққа «қолыңызды бір салғанда мол салу керек» деген ереже жоқ. Бастысы, шектен асып тұрса, бірнеше рет бөліп алуға да құқылысыз.
Айтқандай, заң бойынша қаражатты өзі үшін ғана емес, жақын туыстарына қол ұшын беру үшін де қолдануға болады. Ал жақын туысқа кім жатады десеңіз, айтайық. Сіз үшін ет жақын адамдар қатарында ата-әже, ата-ана, балала-рыңыз, немерелеріңіз және туған бауырларыңыз жатады. Сондай-ақ, отбасы мүшелері зейнетақы жинақтарын қосып, белгілі бір мақсатта пайдалануға өтініш бере алады.
Бұған дейін алған ақшадан жеке табыс салығы ұсталуы мүмкін екені жайлы сөз болған. Ұсталатыны рас. Бірақ таңдау еркін өзіңізге қалдырыпты. Яғни зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алған кезде, 10% мөлшерінде жеке табыс салығын төлеу мерзімін кейінге қалдыру құқығы беріледі. Олар табыс салығын зейнетке шыққан соң, 16 жыл ішінде бөліп төлей алады. Демек, одан ақша бәрібір алынады. Мәселе — мерзімде ғана.
Маманнан кеңес
Экономист Олжас Құдайбергенов осы ретте отандастарға бірнеше кеңес ай-тып өтті.
«Осы күнге дейін тұрақты түрде салық төлеп келген орта класстағыларға арналған мемлекеттік бастама екенін осыған дейін де айтқам. Бұл бір реттік шара болмағандықтан, алдағы 2-3 жылда жеткілікті шекке жететіндер саны арта түседі деген сөз. Ең бастысы, мына кеңестерге құлақ түре жүрген жөн болады деп ойлаймын. Айналаңыздан қаражатты жақсы басқаратын адам табыңыз. Кімге сеніп тапсырып, егжей-тегжей жоспарлай аласыз, сонымен ақылдасыңыз. Одан кейін отбасылық эффектіні барынша максимал қолданып қалыңыз. Яғни ерлі-зайыптылар қаражатын біріктіріп, зейнеткер ата-аналар жинағының бір бөлігін беріп дегендей, қолдануға рұқсат берілген. Үшінші кеңес: қарапайым шешімдерге бел буу. Яғни қолда кредитке тағы біреуін қосып алғаннан гөрі, қазір бар несиені жапқан дұрысырақ. Уақытқа байланысты шектеу жоқ, сол себепті асықпай шешім қабылдаңыз» дейді сарапшы.
Байқасақ, көпшілігі баспана мәселесін шешетініне қуанып жүр. Ал шоттағы қаражаттың жеткілікті шектен тым аз екенін білгендердің көңілі су сепкендей басылып, ондай ақшаны аз айлықпен қалай жинауға болатынын айтып, өкпелі. Десек те, мұсылман баласы бауырының қуанышы қуана біледі, бөлісе біледі. Бастысы, сеңнің қозғалып, үдерістің басталғаны. Осылайша біртіндеп көшке ілесетіндер де көбейер.