2020 жылы теңге бағамын ұстап тұру үшін қанша миллиард доллар желге ұшты? 2020 жыл валюта нарығы үшін жайлы болды ма?

Жарияланды
Ұлттық банк сараптама жасады

2020 жыл әлем экономикасы үшін сынаққа толы жыл болды. Жыл басында тәп-тәуір көрсеткішке ие болған мұнай бағасы көктемде күрт құлдырап, ОПЕК+ елдері мұнай өндірісін шектеуге мәжбүр болды. «Қара алтынның» құлдырауы ұлттық валютамызға да оңай тиген жоқ. Былтыр I тоқсанда мұнай бағасы 65,6 пайызға құлдырап, барреліне 23 долларға арзандап кеткен еді. 

Мұнай бағасының қалпына келуі, анығырақ айтсақ 2020 жылғы ақпан айынан бері алғаш рет 57 долларға жетуі осыдан бірер күн бұрын ғана орын алды. Ол туралы тарқата айтпас бұрын, Ұлттық банктің былтырға жасаған шолуымен таныса отырайық. Бас қаржылық қадағалаушы әлемдік дағдарыспен күресу үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданып, соның арқасында ғана жағдай тұрақталды деп санайды. 

«Жыл соңына қарай, жасалып жатқан әртүрлі вакцина тиімді деген ақпарат Covid-19 екінші толқынының қауіпін сейілтті. Егер жыл ортасында экономистер нарық U тәрізбен, яғни, ақырын болса да ұзағырақ қалпына келеді деп болжаса, жыл соңына қарай, әлемдік нарықтың қарқынына сүйенген олар нарық V тәрізді формада, яғни, тез қалпына келеді деген пікірге қарай ойысты. Сөйтіп жыл соңына қарай, мұнай бағасы $51,80 деңгейіне дейін қымбаттады» деп жазады ҰБ. 

Мұнай арзандап, коронавирус инфкциясы таралуын тоқтатпаған соң, ішкі валюталық нарықтағы жағдайды тұрақтандыру үшін Ұлттық Банк пен Үкімет мынадай іс-шараларды қолға алған еді. 

«Біріншіден, сатылым төмендеген кездегі жекелеген кезеңдерде валюталық нарық дұрыс жұмыс істеу үшін Ұлттық Банк нарықты интервенциялар арқылы қолдап отырды. Бір жылдағы интервенциялар көлемі 1,905 млрд АҚШ долларын құрады. Интервенция ақпан, наурыз, қыркүйек және қазан айларында жасалды. Ең үлкен интервенция нарық күрт құлдыраған наурыз айында жасалды, көлемі – 1488 млн доллар.

Екіншіден, валюталық операциялардың ашықтығын тиісті деңгейде қамтамасыз ету үшін ұлттық банктер айырбастау операцияларын алдын ала тексеріп, сатып алған валюталардың заңнамалық мерзім ішінде қаншалықты мақсатты пайдаланылғанын тексерді. Тараптар бағаны қолдан қымбаттатпау үшін айырбастау пункттерінде сату курсын сатып алу курсынан қатты ауытқымайтындай талап орнады.

Үшіншіден, валюталық нарықтағы ұсыныс пен сұранысты теңестірудің маңызды факторы – ҚР бюджетіне түсетін кепілдендірілген трансферлер үшін валюталық конвертация жүргізу жөніндегі операциялар болды. Осындай конвертациялардың бір жылдағы жалпы көлемі шамамен 9,05 млрд доллар болды» деп хабарлайды ҰБ. 

Дегенмен өте ауыр жыл болғанына қарамастан Ұлттық Банктің алтын валюталық активтері 6,7 млрд долларға немесе төрт есе артып, жыл соңында 35,7 млрд долларға жеткен. 

«Жыл бойы әлемдік нарықтағы тұрақсыз жағдай кезінде біз алтын бағасының рекордтық көрсеткішке жеткеніне куә болдық. 2020 жыл ішінде құнды металл бағасының бір унциясы үшін 1523 доллардан 1891 долларға дейін немесе 24 пайызға өсті. Осыған байланысты, алтын валюта қорының құрамындағы алтын портфелі 4,7 млрд долларға артты. Алтын валюта активтерінің құрамындағы алтынның үлкен үлесі өзін толықтай ақтады, сол арқылы сыртқы факторлар нашарлаған кезде, алтын валюта активтерін толтырып, тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік берді. Алтындағы активтер валютадағы активтердің тартымдылығын төмендетпей, сақтап қалуға мүмкіндік береді» делінген мәлімдемеде. 

Алтын портфелі алтын валюта активтерін арттырған жалғыз фактор емес. Онымен қоса екінші деңгейлі банктердің де есепшоттары ұлғайған. Оң факторлардың арқасында 1,4 млрд доллар көлеміндегі мемлекеттік қарыз қайтарылып, валюталық интервенция жасалған. Тек желтоқсан айында Ұлттық банк резервтері 3,2 млрд долларға артыпты. Резерв Қарашығанақ Консорциумынан түскен 1,3 млрд доллар салық өтемақысы мен Азия Даму банкінен алынған 0,9 млрд еуро көлеміндегі үкіметтік қарыздың есебінен валюталық түсімдердің арқасында көбейген. Жылдың соңғы айында алтынның бір унциясы да 1727 долларға күрт қымбаттап, нәтижесінде алтын портфелі 1,6 млрд долларға жетті. 
Ал жыл соңында ел экономикасының донорына айналып кеткен Ұлттық қор активтері 58,7 млрд долларға жеткен. 

«Жыл басынан бері $3,1 млрд азайды. Активтердің төмендеуіне әсер еткен негізгі себеп – бюджетке алынатын Ұлттық қордың трансферті қорға түсетін түсімнен арта түсті. Коронавирус пандемиясының салдарымен күресу үшін Ұлттық қордан бөлінген кепілді трансферттің көлемі 2,07 трлн теңгеден 4,77 трлн теңгеге дейін көбейді. Ал, сол аралықта, мұнай бағасы құлдыраған соң, жылда Ұлттық қорға түсетін түсім бар-жоғы 1,4 трлн теңгені құрады. Солай бола тұра, Ұлттық қорды басқарудың нәтижесі бойынша жағымды кіріс нетто-шығындардың көп бөлігін өтеді. 2020 жылдың басындағы коронавирус пандемиясының салдарынан қаржы нарықтарының айтарлықтай құлдырауына қарамастан, Ұлттық Банк Ұлттық қордың активтерін консервативті түрде бөлуден тең бөлу тәртібіне ауысып, акциялар, корпоративті облигациялар мен дамушы елдердің облигациялары сияқты тәуекелді болса да, кірісті активтердің үлесін арттырды. Алтын портфелін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасты. Өткен жылы ҚР Ұлттық қорына 1 млрд АҚШ долларына тең алтын алынды. Соның нәтижесінде, қордың жинақтаушы портфелінің құрамындағы алтын портфелінің үлесі 4,4 пайыз немесе 2,4 млрд АҚШ долларына жетті» деп жазады. 

Ұлттық банктің хабарлауынша, жыл бойғы қиындыққа қарамастан әлемдік қаржы индекстері жылды рекордты көрсеткіштермен аяқтаған. Экономистер болжамындағы басты оптимистік фактор – вакцинация. Мұнай бағасы да вакцина жаңалықтарына орай құбылуы ықтимал. Goldman Sachs мұнай бағасы 2021 жылдың соңында ғана барреліне 65 доллардан асады десе, JPMorgan әлемдік мұнай бағасы ондай көрсеткішке 2022 жылы жетеді дейді. 

«Тұтас нарық 2021 жылы эконика қалпына келе бастайды деген оптимистік болжамдарын абайлап айтып отыр. Жалпы, дамушы нарықтарға қатысты, ішінара, теңгеге қатысты біздің болжам жағымды сипатқа ие. Вакцинацияның кідірісімен, ОПЕК+ іс-қимылдарының келісімі мен Covid-19 жұқтырғандар саны көбейіп жатқанымен байланысты тәуекелдерге қарамастан, дамушы нарықтар өзінің тартымдылығын сақтап отыр» дейді Ұлттық банк. 
 

Сондай-ақ оқыңыз