Елорда рекордты көлемде триллионнан астам инвестиция тартты
Елорда әкімдігі 2020 жылы коронавирус пандемиясына қарамастан қала тұрғындары үшін маңызды жобаларды іске асыруға қажет жеке инвестицияларды тарту бойынша жұмыстарды тоқтатқан жоқ. Өткен жылы елордаға 1,1 триллион теңге инвестиция тартылды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 20%-ға артық. Бұл туралы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмұрзаев мәлімдеді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің сайты хабарлады.
«Карантин кезінде, мысалы, құрылыс жұмыстары тоқтаған жоқ, санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып жүргізілді. 2020 жылы елордада 3,0 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды және пайдалануға берілді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2 есе көп.
Инвестицияларды тарту бойынша өңірлік кеңестерді өткізу онлайн-режимге ауыстырылды. Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің басшылығымен 16 отырыс өткізіліп, 110-нан астам жоба мақұлданды. Бұл негізінен білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, логистика және сауда, спорт, тұрғын үй секілді салаларға қатысты.Коронавирустың таралуына байланысты өткен жылдан бастап жеке гигиена және жеке қорғаныс құралдарын шығару бойынша жобаларды іске асыру өзекті болды. Бұл бағытта бірқатар жоба қолдау тапты. Бірқатар кәсіпорын өз қызметтерін медициналық маскалар, қорғаныс костюмдері секілді өнімдерді өндіруге қайта бағыттау туралы бастама көтерді, әр инвестормен тығыз жұмыс істейміз», — деді Ерлан Бекмұрзаев.
«Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығының базасында инвестицияларды тарту бойынша өңірлік фронт-офис жұмыс істейді, онда инвесторларды «бір терезе» қағидаты бойынша, оның ішінде мемлекеттік қызмет көрсету рәсімдерінен өту кезінде толық сүйемелдеу жүзеге асырылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Нұр-Сұлтан әкімдігі инвесторлар үшін барлық жағдайды жасап, әкімшілік кедергілерді жоюда.