Еуразиялық одақ зейнетақысы қалай беріледі? Оны кімдер алады?

Жарияланды
Жаңа заң 2021 жылдан бастап күшіне енді

2021 жылдың 12 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ елдері аясында жұмысшыларды зейнетақымен қамтамасыз ету келісімі ресми түрде күшіне енді. Енді одақ елдері азаматтары өзге елге (одақ ішіндегі) барып жұмыс істеп, сол елдің үкіметінен зейнетақы алуға құқылы. Мәселен, Армения азаматы Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Беларусь елдерінде де жұмыс істеген болса, соған орай төрт мемлекеттің үкіметінен де жұмыс істеген жылдарына есептеп зейнетақы алады. Әрине, әр мемлекет өзінің зейнетақы заңнамасына сәйкес төлейді. 

Жаңа келісім биыл 12 қаңтарда күшіне енгендіктен, 2021 жылдың 12 қаңтарынан кейінгі еңбек өтілі ғана есепке алынады. Егер зейнетке шығу үшін азаматтың еңбек өтілі жеткіліксіз болса, онда ЕАЭО-ның өзге мемлекетіндегі ресми жұмыс кезеңі есептеледі. Бұл келісімге сәйкес зейнетақыны алу үшін мигрант өзі барған елде осы келісім күшіне енгеннен бастап 12 ай заңды түрде жұмыс істеуі керек және зейнет жасына жеткен болуы тиіс. Сондай-ақ азамат сол елдің әлеуметтік немесе зейнетақы қорына уақытылы төлем жасап тұруы керек. 

Өзге елде жұмыс істеп, зейнетке шыққысы келген азамат бұл процесті рәсімдеу үшін мемлекеттің зейнетақы немесе әлеуметтік қорына жазбаша өтініш жолдайды. Егер барлық құжаты дұрыс болса ол отанына оралмай-ақ зейнетақы төлемін ала алады. Ескере кетер жайт, ЕАЭО зейнетақысының екі түрі бар – базалық және экспортталған зейнетақы. Базалық зейнетақыны азамат тұрып жатқан мемлекет төлейді. Экспортталған зейнетақы – Еуразиялық экономикалық одақтың өзге елінің нақты жұмыс мерзімі үшін төлейтін зейнетақысы. Мысалы, келісім күшіне енген соң Ресей азаматы Қазақстанға келіп 4 жыл, Беларусьта 3 жыл және Арменияда 1 жыл жұмыс істеп, сосын отанына оралса, онда төрт елден де зейнетақы алатын болады. Бірақ зейнетақының базалық бөлігін өзі тұрған елі – Ресей төлейді. 

Бір елден басқа елге көшкеннен кейін зейнетақы мөлшері қайта қарастырылады. Бұл зейнетақыны күштік құрылым қызметкерлері, әскери қызметкерлер мен олардың отбасы және мемлекеттік қызметкерлер ала алмайды. 

Еске салайық, елімізде мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 2021 жылы 18 524 теңге (былтыр 17 641 теңге болған) болды. Ал зейнетақы төлемінің төменгі мөлшері 40 441 теңгеден 43 272 теңгеге өсті. 

2020 жылы 22 мыңға жуық қазақстандық елден кетсе, 9,2 мың азамат Қазақстанға келген. Статистика бойынша экономикалық одақ құрылған 2015 жылы Ресейге жұмыс істеуге 70 мыңнан астам қазақстандық кетсе, 2019 жылы олардың саны 136 мыңға жеткен. Есесіне Қазақстанда да еңбек мигранттарының саны көбейді. 2015 жылы елімізге 13 мыңға жуық, ал 2019 жылы 30 мың ресейлік нәпақа табу үшін келген. 

Егер азаматтың банктік шоты Қазақстан территориясында ашылса онда Ресейдің зейнетақы қоры әр тоқсан сайын БЖЗҚ-ға зейнетақы жіберіп тұрады. Өз кезегінде БЖЗҚ ол ақшаны алушы азаматтың банктің шотына жібереді. Осылайша, Қазақстан аумағында жұмыс істейтін ЕАЭО елдерінің азаматтары қазақстандықтармен тең жағдайда БЖЗҚ-ға 10 пайыз аударым жіберуге тиіс. Олар бұл қаржыны өз елінің уәкілетті органына өтініш жасау арқылы алады. 

Сарапшылардың айтуынша, ЕАЭО аясында бірыңғай зейнетақы жүйесін қалыптастыру – қарапайым адамның мүддесін қорғайтын маңызды қадамдардың бірі. Алайда дәл мұндай қадамға бару үшін одақ елдерінің әлеуметтік-экономикалық ахуалы да бір-бірімен деңгейлес шамада болуы керек. Эксперт Әкімжан Аруповтың айтуынша, дәл осы мәселе көп нәрсеге әсер етеді. 

«ЕАЭО құрылған 2015 жылы Ресейдегі орташа жалақы 856 доллар, Беларусьта – 590, Қазақстанда – 675, Арменияда – 381, Қырғызстанда 229 доллар еді. Соңғы төрт жылда бұл цифрлар өзгеріп кетті. Мәселен, Қырғызстан мен Ресей экономикасының арасындағы алшақтық жер мен көктей. Мәселен, Мәскеуге жұмыс істеуге барған Қырғызстан азаматы мәскеулік зейнеткер сияқты зейнетақы алмайды. Зейнетақыны оған өз елі Қырғызстандағы еңбек өтіліне есептеп береді. Дегенмен зейнетақымен қамтамасыз ету туралы келісім – әлеуметтік қорғанысты қалыптастыратын маңызды қадам» дейді ол. 

Экономист Айдархан Құсайынов та бұл келісім лайықты деңгейде орындалуы үшін елдердің өмір сүру деңгейі де теңесу керек деген пікірмен келіседі. 

«Бұл жерде әңгіме тек зейнетақымен қамтамасыз ету және табыста емес. Мұнда білім де, денсаулық сақтау да, жалпы өмір сүру сапасына әсер ететін мәселелер бар. Одақ ішіндегі мигранттар ағыны негізінен Ресейге бағытталған. Дегенмен барлық елдер өзіне әртүрлі саладағы үздік мамандарды шақыру арқылы адами капиталды теңестіре алады. Адами капитал үшін жасалған бәсекелестік пайда әкеледі. Егер адам бір елге қажетсіз болса, онда келесі елден жұмыс істеп, табыс табады» дейді Құсайынов. 

Мемлекет аумағында тұру шартымен зейнетақы былай төленеді: 

Арменияда – базалық зейнетақы (18 мың драм) және қосымша қаржы; 
Беларусьта – еңбек өтілін есепке ала отырып зейнетақы және қосымша төлем; 
Қырғызстанда – базалық зейнетақы (1,5 мың сом) және қосымша төлем; 
Ресейде – сақтандыру зейнетақысына белгіленген төлем (6044 рубль), өсім және қосымша төлем. 
 

Сондай-ақ оқыңыз