Банк пен қаржы

Шетелге ақша жіберуге тиімді қай жүйені таңдаған жөн?

Салыстырып көрдік, танысып шығыңыз

Халықаралық ақша аударымы жүйелерінің тиімді тұсы сол — банктен есепшот ашпастан Қазақстан ішінде не шетелге қаражат жіберуге мүмкіндік береді. Ол үшін банк бөлімшесіне немесе аударым жүйесі қызмет көрсететін бөлімшеге бару қажет. Одан бөлек, онлайн жасауға да болады. Бірақ ол үшін сізде банк картасы болуы міндетті. Яғни ақша жібергіңіз келсе, алдымен ақша аударымы жасалатын жүйенің ресми сайтына кіресіз. Содан кейін жіберетін адамның тұратын елін, аты-жөнін, құжатының мәліметтерін енгізесіз. Артынша картаңыздың мәліметтерін жазған соң, жібермей тұрып комиссия қанша ұсталатыны, аударымның сомасы, қанша ақша түсетінін — бәрін көрсетеді. Осы ретте қай жүйенің тиімді, ыңғайлы әрі комиссия аз ұстайтынына қатысты бірер ақпарат бере кетсек. 
     Шетелге ақша жіберуге мүмкіндік беретін жүйелерді тізіп шығайық:

•    Золотая корона
•    Western Union
•    Contact
•    Юнистрим
•    MoneyGram
     Айтқандай, онлайн жібергіңіз келсе, қолыңызда кез келген банктің картасы болуы керек. Әлбетте, ішінде аударатын соманың жеткілікті болуы да шарт. Мысал үшін енді осы жүйелердің ішіндегі үшеуі арқылы 500 доллар көлеміндегі соманы Түркияға аударып көрелік. Салыстырып көру үшін көп қолданылатын Золотая корона, Western Union және Юнистримді алдық.    

Золотая корона

 Басты бет ашылған соң, ақша аударымдарына кіріп, онлайн дегенді таңдаңыз. Кейін қай елге жіберетініңізді көрсетесіз. Ақшаны доллармен немесе еуромен жіберуге болады. Әрі жіберетін елді таңдаған соң, ақшаны қай жерден алуға болатыны жайлы қысқа ақпарат көрсетілген терезе шығады. Банк картасының қай елде шығарылғанына қарап, валютасы да белгілі болады. Біз қазақстандық банк картасы арқылы жіберетіндіктен, «Қазақстан» деп көрсеттік. Сәйкесінше, аударым валютасы да теңгеде көрініс тапты. Золотая корона комиссия ұстамайды, бірақ бірегей курс бойынша есептеледі. Мәселен, материал дайындалған сәттегі курс 1 АҚШ долларының бағамы 429, 8413 теңгеге тең болды. Сонда ақша қабылдап алатын адам 500 доллар алуы үшін біз мына жақтан 214 920,65 KZT салуымыз керек екен. Соманы анықтап болған соң, келесі қадам — мәліметтерді толтыру. Ақша алғалы жатқан адамның фамилиясын, атын, әкесінің атын латынша жазасыз. Әкесінің аты болмаса, тиісті белгі қойып кетесіз. Сондай-ақ, телефон нөмірін енгізу керек. Одан кейін өзіңіз жайлы толық мәліметті енгізуді сұрайды. Аты-жөніңізден бастап, туған жеріңіз, туған күніңіз, телефон нөміріңіз, төлқұжаттың мәліметтері, қай мекенжай бойынша тіркелгенсіз, ЖСН нөміріңіз, Қазақстан резидентісіз бе, жоқ па — осының бәрін көрсету қажет. Кейін телефон нөміріңізді растау үшін код енгізуді сұрайды. Бәрін дұрыс толтырғаныңызға тағы бір мәрте көз жеткізіңіз. Егер сенімді болсаңыз, әрмен қарай басып, жалғастырасыз. Ақша аудару үшін банк картасы 3D Secure технологиясымен жасақталуы міндетті. Картаның деректерін енгізіп, төлем жасайтыныңызды растаңыз. Эмитент-банктің парақшасындағы «құпиясөз» деген жерге хабарлама арқылы келген кодты енгізесіз. Содан кейін ғана ақша аударылады. 

Western Union

Бұл жүйеде ақшаны алатын тарап еуро, доллармен де, түрік лирасымен де қабылдай алады екен. Қай елге жіберетінімізді таңдаған соң, қабылдаушы жақтың қолына 500 доллар түсуі керек екенін енгіздік. Бізге мынадай сома шығарып берді — 210 659,36 тг. Операциялық алым үшін 300 теңге төлейсіз. Сонда Түркияға 500 доллар салып жіберу үшін 210 959,36 теңге салуыңыз қажет. Егер промокод болса, қосымша жеңілдіктер алуға болатынын ескеріңіз. Одан соң қабылдаушы тараптың бөлімшеден не банк картасынан алатынын, өзіңіздің қандай жолмен салатыныңызды көрсетесіз. Әрмен қарай жоғарыдағыдай сұраған деректің бәрін толтырып, төлем жасайсыз. Мұнда да онлайн немесе бөлімшеге барып төлеу мүмкіндігі бар. Ақша демде түседі.  

Юнистрим 

     Басты бетте аударым жасау жолы бірден көрінеді. Онлайн аударымды таңдап, қай елге жіберетіңізді көрсетесіз. Өкінішке қарай, ақша аударымы жүретін елдердің ішінде Түркия жоқ екен. Сол себепті басқа елді, мәселен, Ресейді таңдап көрелік. Бұл жүйедегі ақша аударымының есебі толықтай рубльмен жүргізіледі. Материал әзірленген сәттегі курс бойынша 500 доллар 36751,19 рубльге тең болды. Бұған қоса, шетелдік картаға көрсетілген қызмет үшін соманың 1,5 пайызын комиссия ретінде төлеу керек. Сонда 551,28 рубль комиссиямен есептегенде 37 303,28 рубль төлейсіз. Біздің валютаға аударғанда — 213571,03 теңге. Кейін жіберетін адамның, қабылдаушы жақтың мәліметтерін, промокод болса, оны көрсетіп, толтырып шығасыз. 

Қосымша дерек

Ranking.kz мониторингтік агенттігінің деректеріне сүйенсек, өткен жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстаннан шет мемлекеттерге 552,2 миллиард теңге кеткен. Бұл дегеніміз оның алдындағы жылмен салыстырғанда 16,6 пайызға көп екен. Демек, ақша аударымы жүйесіне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді деген сөз. Көбіне Қазақстаннан Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанға ақша аударылады деседі. Соның ішінде Золотая корона рейтингте бірінші орында тұр. Атап айтұанда, осы жүйенің көмегімен шетелге 449 миллиард теңге аударылған. Бұл болса, барлық аударымның 81 пайыздан астамы екенін ескеріңіз. Бұдан кейінгі орында 40,6 миллиард теңге аударыммен — Western Union. Үшінші орында — Contact. Бұл жүйе арқылы 25,9 миллиард теңге көлемінде ақша аударымы жасалыпты.