Шетел банктеріне қандай талаптар қойылады?

Жарияланды
Қазақстанға шетелдік қаржы ұйымдары келе бастайды

2020 жылдың соңында Қазақстанда шетелдік қаржы ұйымдарының елімізден филиал ашуына рұқсат етілген еді. Естеріңізде болса, бұған дейін тыйым салынған болатын. Қаржы ұйымдары деп отырғанымыз — екінші деңгейлі банктер, сақтандыру компаниялары мен брокерлер. Мұны Дүниежүзілік сауда ұйымының міндеттемесі десек болады. Қазақстандықтарға қолайлы болуы үшін шетелдік қаржы мекемелеріне белгілі бір талаптар қойылады. Осы туралы толығырақ тарқатайық. 

     Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 21 қыркүйектегі № 86 Қаулысында бейрезидент банк филиалын ашуға рұқсат беру қағидалары, сондай-ақ филиал қызметін жүзеге асыру шарттары бекітілген еді. Қаулыға агенттік төрағасы Мадина Әбілқасымова қол қойған. Аталған құжаттағы ережелер мен талаптар бейрезидент ислам банктеріне де ортақ. Демек, әлемнің кез келген бағыттағы банкі бізден орталық ашып, ісін жүргізуге рұқсат алады деген сөз. Ал енді филиал ашу үшін не керегін де айта кетсек. Бейрезидент банк өкілетті органға «бір қап құжат» өткізуі тиіс. Қысқаша айтқанда, банк туралы ақпарат, ҚР ашылатын филиалдың бизнес-жоспары, ол жерді кім басқаратыны туралы мәлімет, айматағы жеке орынның бар екенін растайтын құжат, қай жерде орналасатыны сияқты деректерді келтіруі тиіс. Бұл туралы сәл кейінірек айтамыз.    

     Сонымен бірге шетелдік банктің бізде ашылатын филиалының бизнес-жоспарында алдағы бес жылға арналған  жылдық қаржы жоспары болуы да міндетті. Бұл дегеніміз негізгі қаржылай көрсеткіштер есебі, бюджет, бухгалтерлік баланс, кіріс пен шығын туралы есеп, қаржыландыру көлемін — бәрін жайып салуды міндеттейді деген сөз.

Қазақстанда бәсеке бар ма?

     Дүниежүзілік сауда ұйымы елдерінің қатарынан кіру туралы келісімшарт аясында Қазақстан шетелдік банктерге құшақ ашуы тиіс екенін айттық. Ендеше, 16 желтоқсаннан соң ел есігін қағып, кіруге рұқсат сұрайтын банк көп пе? Жалпы бізге деген қызығушылық қандай? Осы сауалдардың туындауы заңды. Қарап отырсақ, бүгінде қандай да бір банктің жемісті жұмыс істеуі үшін бірінші кзеекте операциялық қызметті жақсы көрсете білу маңызды. Бұл тұрғыдан алғанда, шетелдік банктердің қандай жаңалықпен келетіні қызық. Себебі жергілікті банктер қызметтің бұл түрін көрсетуге ысылып үлгерген. Тіпті Halyk Bank пен Kaspi халықаралық нарыққа шығып жатыр. 

     Яғни қазақстандық нарықта қазіргі таңда бәсеке бар десек болады. Енді банктерге бизнесс-процестерді қайта құрып, пайдаланушыларға қажет ақпаратты жылдам әрі оңай табуға, тың ұсыныс пен өнім дайындауға мүмкіндік сыйлайтын клиенттермен жұмыс істеу тәжірибесіне ден қойған жөн. Әдетте шетел банктері біраз уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан корпоративтік клиенттердің соңынан еріп келеді. Себебі бұл — банкке де, клиентке де оңтайлы тәсіл. Осыдан кейін барып банктер бөлшек бизнесті де біртіндеп қолға ала бастайды. Ендеше шетелдік банктер онлайн-қызмет енгізіп, қаржылай техникалық компаниялар ретінде инновациялық тартымды ұсыныстармен келуі мүмкін.  

     Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің айтуынша, кейбір шетелдік банктер елімізге көз салып отырған көрінеді. «Жалпы нарыққа келген кез келген ойыншы жергілікті банктердің дамуына көмектеседі. Яғни шетелдіктердің келуі біздің банктердің белсендірек жұмыс істеп, бәсекелесуіне мүмкіндік береді. Егер 2-3 бейрезидент келетін болса, олар жергілікті менеджерлерді жалдап, оларға жаһандық тәжірибелерді үйретеді. Мысалы бүгінгі таңдағы ең мықты банкирлер — кезінде шетелдік қаржы институтында жұмыс істегендер» дейді сарапшы.

Шетелдіктер келсе, не болады?

     Иә, банктеріміз заман көшіне ілесуге тырысып-ақ жатыр. Жұмыс істеу, клиенттерге қызмет көрсету сапасына көптің көңілі толмаса да, ТМД елдері ішінде бізде сапа әлдеқайда жоғары. Дегенмен мәселе экономика, шикізатқа тәуелділік, мемлекеттің араласуынан туындайды. Себебі бізде тегін бюджеттің қаражатынан несие беріледі. Бұл банкттерге біршама соққы боп тиетіні бар. ЦентрКредит банкінің басқарма төрағасы Ғалым Құсайын Қазақстанға шетелдік бәсекелестердің келуіне қатысты мынадай пікірде: «Жаһандық ойыншылардан бізге соншалықты келіп-кетер пайда бола қоймас деген ойдамын. Ресейлік банктер келуі мүмкін. Бірақ бізде бұл елдің барлық дерлік банкі жұмыс істеп жатыр. Қазақстанда бәсеке жоғары, ал өткен жылдардың тәжірибесі екінші деңгейдегі шетелдік банктер үшін Қазақстан – тәуекелді басқару тұрғысынан алғанда, түсініксіздеу ел болып тұр. Мүмкін, олар жеке жаһандық жобаларды жүзеге асыруға келер, бірақ отандық нарықта шетелдік банктердің даму трендін көріп тұрған жоқпын». 

     Шетелдік банктердің келуі клиенттердің жан-жаққа сабылуын да білдіруі мүмкін. Себебі тиімді ұсыныстар құлаққа жетсе, сол бағытқа қарай ығысуға көпшіліктің бейім екені белгілі. Дегенмен бірден ат құйрығын кесісе қоймас. Себебі шетелдік банктерде жергілікті қаржы институттары ұсынатын қызметтің бәрі бірдей бола бермейді. Бәлкім, оларға нарықтан орын алу үшін уақыт керек болар. Ал енді корпоративті клиенттердің мәселесі сәл бөлектеу. Себебі бірінші кезекте ауысуға дайын тұратын да — солар. Мәселен кезінде Сбербанк келгенде осыған ұқсас жағдай болған. Жалпы алғанда жаңа банктер жеңілдетілген бағамен жабдықтар, тауарлар әкелсе, клиенттердің кетуі ықтимал.  

Төмен пайызбен несие алар күн туа ма?

     Осы ретте шетелдік банктер тарапынан берілетін несиелерге тоқталсақ. Көпшілік батыс елдеріндегідей төмен пайызбен берілетін несиені «армандайды». «Бізге қашан сол күн туар екен?» деп жүргені де жасырын емес. Негізі шетелдік банктерге теңгелей депозиттік база қажет. Ал база жасақтау үшін теңге жинау керек. Содан кейін барып несие бере алады. Ал доллармен несие беру мәселесі қалай болары әлі белгісіз. Расул Рысмамбетов доллармен берілетін несиелер бизнес үшін жақсы әсер етуі мүмкін дейді. «Бизнесті дамытуға бағытталған долларлық несиелерді алар болсақ, шетелдік банктердің келуі мөлшерлемені азайтуы мүмкін. Олардың ақша алатын қор базалары тәуекелдерді ескерген күннің өзінде әлдеқайда арзандау болады. Сондықтан кәсіпкерлерге арналған арзан несиелердің пайда болуы әбден мүмкін» дейді экономист.  

     «Қарыз берушінің жүйелі және спецификалық тәуекелдері өтімді әрі табысты көп әкелетін әлемдік құнды қағаздарға қатысты тәуекелдерден асып түседі. Соған байланысты шетелдік банктер жоғары несие мөлшерлемесін ұстанады деп ойлаймын. Болмаса, қазіргі мөлшерлемелермен шамалас болады. Тіпті несие бермеуі де мүмкін. Екіншіден, отандық депозиторлардың қаражатын белсенді алса, салымдардың мөлшерлемесі қазіргіге жуықтау болатын болса керек. Қазақстан аумағында шетелдік ойыншылар реттеуші ортаға тап болатынын ескерсек, отандық банктермен теңеседі» дейді экономист Владислав Туркин. 

    Соңғы он жылда бізге келген шетелдік банктердің көбі нарықтан шығып кетті. Мысалы күні кеше лицензиясынан айырылған Tengri банкті алайық. Иесі —  үндістандық Pundjab National Bank. Былай қарасаңыз, шетелдік акционердің шағын қаржы институтын сақтап қалуға ақшасы жетпеуі мүмкін емес. Себебі активінің көлемі — 120 млрд доллар. Қолынан келсе де, тырыспады. Осындай жағдайларға қарасақ, Қазақстанға шетелдік банктер қызықпайтын секілді деп те ойлауға болады. Бүгінде шетелдік банктердің біздегі «балалары» аз емес. Бірақ оларды бәсекеге айтарықтай қабілетті деуге келмейді. Дегенмен сервис сапасы, дамыған технологияларды ұсынуға келгенде мықты екенін мойындау керек. Бәлкім, сол «бала банктер» сатылып, кейіннен филиал ретінде ашылуы да мүмкін. Бұл тақырыпқа қатысты болжамды сценарий көп. Қайсысы орындалары алда белгілі болады.   
Қандай талаптар қойылады?

     Филиал ашу үшін шетелдік ұйымдар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен рұқсат алып, лицензия иеленуі керек. Квалификациялық маңызды талаптардан бөлек (халықаралық рейтингтер мен лицензиялар), бұл компаниялардың жұмысына қойылатын шарттар мынадай:
•    Шетелдік банк үшін активтерінің минимал көлемі 20 млрд доллар болуы тиіс;
•    Сақтандыру компаниялары үшін — 5 млрд доллар;
•    Ұйымның жұмыс Істеп жатқанына да біраз уақыт болуға тиіс. Шамамен, 10 жылдан астам;
•    Қаржылық тұрақтылық үшін филиалын резервтік активтермен қамтамасыз етуі шарт. Ол Қазақстанның Ұлттық банкінде сақталады. Қордың сомасы банктердің филиалына — 10 млрд теңге, сақтандыру компаниялары — 1,5 млн-нан бастап, 10,5 млн АЕК-ге дейін. Яғни 2021 жылға 4,375 млрд теңге мен 30,628 млрд теңге аралығында.    

     Шетелдік банктерге қойылатын тағы бір маңызды талап — басшылығында Қазақстанның кемі екі азаматы болуы керек. Ал филиал басшысы болуы үшін жоғары білімді, іскерлік беделі мықты, халықаралық қаржы ұйымдарынд қызмет еткен тәжірибесі болуға тиіс. Тағы бір айта кетерлігі, шетелдік банктердің филиалдарына жеке тұлғалардың депозитін қабылдауға келгенде белгілі бір тыйымдар бар. Яғни жеткілікті сома болмайынша, жеке тұлғаға депозит ашуға болмайды. Салымның көлемі 120 мың доллардан асуы қажет. 
  
    

 
     
     
 

Сондай-ақ оқыңыз