Жаңалықтар

Жол компаниялары 2,5 миллиард теңгенің жұмысын қайта жасады

Жол-көлік материалдарының 6 мыңнан астамы талапқа сәйкес емес

Былтыр жол компаниялары мамандардың ескертулеріне байланысты 2,5 миллиард теңгенің жұмысын қайта жасады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

2020 жылы ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен елдің жолдарына 12709 инспекциялық тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде 9609 бұзушылық анықталды. 

Сонымен бірге былтырғы жылы мамандар жол-көлік материалдарынан  27568 сынама алып, зерттеген. Соның 6 мыңнан астамы талапқа сәйкес келмей шықты. Осылайша жол компаниялары 2,5 млрд. теңгенің жұмысын қайта жасады.  

Орталық олқылықтарды жоймағандар бойынша антирейтинг жасады. Оған Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Атырау және Алматы облыстары кірді. 
2020 жылы анықталған бұзушылықтар бойынша МСҚБ-ға 124 өтініш жолданған.  34 ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл көлемі –  17,4 млн. теңге.

Айта кетейік, бүгінде көңіл көншітпейтін жергілікті желінің үлесі – 26%. Сапасыз жолдардың көшбасында Батыс Қазақстан облысы тұр. Аталған өңірдегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар 34%-ды құрайды. Ал сапасы сын көтермейтін республикалық маңызды жолдардың үлесі – 11%. Антирейтингті Атырау облысы бастайды. Мұндағы республикалық жолдың 32 %-ы жаңартуды қажет етеді.