Жұмысқа орналасқан кезде келісімшарт жасалады. Ол жерде сіздің айлық ақыңыздың көлемі жазылады. Бірақ ол дегеніміз сол сома сіздің есеп-шотыңызға түгел түседі деген сөз емес. Себебі ұстайтын төлемдер бар. Көбі шатасып, немесе не үшін алынатынын білмей жатады. Осы ретте назарыңызға жалақыңыздың қолға алатын сомасын есептеудің жолымен таныстырғанды жөн көріп отырмыз. Айлығыңыздан ұсталатын әлеуметтік төлемдердің көлемі 12-20 пайыз шамасында болады. Көпшілігі 20 пайыз деп, бестен бірін беремін деп қателеседі. Сөйтіп нағыз айлық түскенде ойлағанынан аз ақша түскенде есепшіге барып, түсіндірме сұрауы мүмкін.
Төлемнің қандай түрлері болады?
Жалпы алғанда міндетті әлеуметтік төлемдер туралы білетін боларсыз. Ол ресми түрде жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің бәрінен алынады. Ондай төлемдер мынадай:
• Мндетті зейнетақы жарналары — жалақыңыздың 10 пайызы ұсталады;
• Жеке табыс салығы — 10 пайыз;
• Міндетті әлеуметтік меди-циналық сақтандыруға ауда-рылатыны — 2 пайыз.
Міне, осы төлемдерді ұстағаннан қалғаны — таза жалақыңыз. Демек, бестен бірі деп емес, 22 пайызы деп есептесеңіз, дәл анықтайсыз деген сөз. Бір ескерте кететін жайт, қазақстандықтардың еңбек келісімшарттарында жалақының нетто және брутто сынды екі түрі көрсетіледі. Яғни нетто дегеніміз, қызметкердің қолына берілетін сома. Ол өзгермейді, соның негізінде жұмыс беруші аударым жасайды. Брутто болса, әлеуметтік төлемдерді есепке алмағандағы бекітілген жалақыны білдіреді. Демек, осы брутто сомасынан зейнетақы жарнасы, табыс салығы мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аударымдары алынады. Содан қалғаны қызметкерге аударылады.
Міндетті зейнетақы жарнасы деген не?
Айтқандай, 10 пайыз көлемінде міндетті зейнетақы жарнасы алынады. Қызметкердің жалақысынан бірінші кезекте ұсталатын төлем — осы. Міндетті зейнетақы жарнасын қызметкердің жеке зейнетақы шотына аударады. Қазақстанда барлық жерде 10 пайызы ұсталады. Соған қарап-ақ, қызметкердің қанша айлық, қай айларда алғанын білуге болады. Бірақ бір адамнан алынатын міндетті зейнетақы жарнасының көлемі бес минимал жалақы, яғни 212 500 теңгеден көп болмауы тиіс. Бұл дегеніміз, айлық көлемі 2 125 000 теңгеден жоғары болса, он пайызы салынбайды дегенді білдіреді. Ең көп дегенде салынатын жарна — 212 500 теңге екенін айттық.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлем
Бұл — сіздің айлық ақыңыздың толық сомасының 2 пайызына тең. Айына қанша теңге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жіберіліп жатқанын білу үшін 2 пайызын есептесеңіз жетіп жатыр. Мұнда да міндетті зейнетақы жарнасындағыдай мак-симал шек бар. Аударым көлемі 10 минимал айлық ақының (425 000 теңге) 2 пайызы тең. Демек, 8500 теңгеден көп ұсталмайды. Сонымен бірге, айлығы аз адамдардың өзінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін ұсталады. Өйткені емханалар мен ауруханаларда медициналық көмекті толық алу үшін қажет.
Жеке табыс салығынан қанша ұстайды?
Жеке табыс салығына жалақының 10 пайызы ұсталады. Бірақ ол алдыңғылары секілді жалақының толық көлемінің есебінен алынбайды. Жеке табыс салығының көлемін анықтау үшін шегерімдерді есептейді. Бұл дегеніміз салыққа ұсталатын бөлігін есептеу үшін айлығыңыздан ұсталатын зейнетақы жарнасын, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерін, минимал жалақыны шегереді. Өтініш бойынша ерікті зейнетақы жарнасын, ай сайынғы тұрғын үй құрылыс банкіндегі ипотека бойынша артық төлем, емделуге арналған төлемдерді шегеруге болады. Осы шегерімдерден қалған соманың 10 пайызы жеке табыс салығы үшін ұсталады. Енді қалай есептеуге болатынын мысалға келтіріп көрелік.
Мысалы, айлығыңыз 150 мың теңге делік. Осы жалақы көлемінен міндетті зейнетақы жарнасын, яғни 10 пайызын шегереміз. Бұл — 15 мың теңге. Одан соң, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға алынатын соманы, 2 пайызын шегеру керек. Яғни 3000 теңге. Ал жеке табыс салығы минимал жалақы, яғни 42 500 теңгені, міндетті зейнетақы жарнасын, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға шегерілетін соманы алу керек. 150 000-42 500 – 15 000 – 3 000= 89 500. Осыдан 10 пайызын алсақ, 8950 теңге шығады. Бұл — сіздің жалақыңыздан ұсталатын жеке табыс салығының көлемі. Енді төлемнің бәрін қосып, оны жалақыңыздың толық көлеміне бөліп, 100-ге көбейтсеңіз, әлеуметтік төлемдерге жалақыңыздың қанша пайызы ұсталатынын білесіз. Мына жағдайда, 17,9 пайызы ұсталады. Мінеки, сізге мысал түрінде анық түсіндіре алдық деп ойлаймыз. Енді сіз жалақыңыздан ұсталатын төлемдерді өзіңіз есептей аласыз.