Нұр-Сұлтан мен Алматыда крематорий салуға қанша қаржы бөлінген?

Жарияланды (жаңартылды )
"Жылжымайтын мүлік" бөлімінің редакторы
Алматы жайлы қалалық орта басқармасы мердігерді анықтап қойыпты

 Ақыры Алматыда крематорий салынатын болыпты. 2020 жылдың соңына қарай Алматы жайлы қалалық орта басқармасы тендер өткізіп, крематорий салатын мердігер ретінде Mega Build Kazakhstan компаниясын таңдаған. Ал Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі әзірге елордалық крематорийдің жобалау-сметалық құжаттамасын (ЖСҚ) әзірлейтін компанияны ғана таңдап қойған. 

Тендер – өрт!

Мемлекеттік сатып алу порталының деректеріне сәйкес, Алматы билігі 2020 жылғы 21 желтоқсанда «Mega Build Kazakhstan» ЖШС-мен 1,47 млрд теңгеге крематорий салу шартына қол қойған. Құжат бойынша жұмыс 2021 жылдың 21 қыркүйегінде аяқталуы тиіс. Сатып алу бір көзден, тікелей шарт жасасу арқылы жүзеге асырылған.

Бір залы мен екі пеші бар крематорий Алматы қаласы, Алатау ауданы, Ақын Сара көшесінің солтүстігі, ЖЭО-2-нің шығысына қарай орналасқан патологоанатомиялық бюро жанында салынады.

Mega Build Kazakhstan  компаниясының құрылтайшысы –  Айдос Жұрынов, компания түрлі құрылыс нысандарын салады. Компания сайтының деректеріне  сүйенсек, Mega Build Kazakhstan мердігер ретінде Алматыда бірнеше элиталық тұрғын үй кешенін, Tamos Education оқу орталығын, сондай-ақ Азия газ құбырын және «Жетіген-Қорғас» теміржол желісін салуға қатысқан.

Бұған дейін Алматыда салынатын крематорийдің жобалау-сметалық құжатын  әзірлеу тендерін «DNT Center Stroy» ЖШС жеңіп алған. Шартқа сәйкес, ол жұмысты бес ай ішінде, яғни 2020 жылғы қазан айының соңына дейін 44,5 млн теңгеге орындауға тиіс еді. Осы компания крематорий құрылысы барысына авторлық тексеріс жүргізіп, қадағалап отырады. Бұл қызмет құны  бюджетке 15 млн теңгеге түседі.

Ал Нұр-Сұлтан қаласында крематорий кім салатыны әзірге белгісіз. 2020 жылғы желтоқсан айының басында елорданың құрылыс басқармасы «Биологиялық және медициналық қалдықтар жиналатын патологоанатомиялық бюроның құрылысы» нысаны бойынша жобалау- сметалық жұмыс жүргізуге шарт жасасты. Құжаттарда «Зираты бар крематорий салу» келісімшарты  099 бюджеттік бағдарламасы бойынша тіркеуге алынатын айтылған.

Жобалаушы – «Инженерлік жобалау бюросы» ЖШС құжаттаманы  2021 жылдың 28 ақпанына дейін ұсынуға міндетеме алған. ЖСҚ әзірлеу құны  – 41,9 млн теңге.

Даулы іс 

Қазақстанда крематорий салу туралы дау-дамай 1980 жылдардан бері жалғасып келеді.

2003 жылы кремация жабдықтарын жеткізетін чех компаниясы өкілдерімен кездесу барысында, олар тіпті оңтүстік астанаға екі кремация пешін әкелетіні жайында шешім шығып, бюджеттен крематорий салуға қаражат қарастырылған болатын. Бірақ жоба кейінге қалдырылды.

Бұл мәселе тағы бір рет 2012 жылы көтерілді. Алайда сол кезде Алматы құрылыс басқармасы елдегі мұсылман қауымы мәйітті өртеуге қарсы шығатындықтан, Қазақстанда крематорий ешқашан салынбайтынын мәлімдеген еді.

Дегенмен, 2014 жылы «Спецкомбинат Спецкомбинат ритуальных услуг» МКК өкілдері әкімдіктің тапсырысы бойынша құны $3 млн тұратын крематорий құрылысы жобасын дайындаған, бірақ сол кезде де жоба тоқтап қалған.

Дегенмен, 2020 жылға арналған республикалық бюджетте билік Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында зираты бар крематорий салуға тиісінше 1,74 млрд және 1,48 млрд теңге қаржы бөлуді қарастырып отыр. 
 
Айта кетейік, 18 қаңтарда бұқаралық ақпарат құралдары Алматы жайлы қалалық орта басқармасының бастығы Сапар Нұрашевтың ұсталғаны жайлы ақпарат таратқан болатын.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Нұрашев пен BI-Industrial директорының ұсталғанын растамады. Ал BI Group холдингі өз қызметкерінің ұсталғаны жайлы ақпаратты жоққа шығарды.

Сонымен қатар, Алматы қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет модульдік жұқпалы аурулар ауруханасын салу кезінде  қаржы жымқыру туралы іс ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша 2021 жылдың 16 қаңтарында тіркелгенін хабарлаған еді.

2020 жылдың қорытындысы бойынша, Алматы жайлы қалалық орта басқармасы мемлекеттік сатып алуға ең көп қаржы жұмсаған мемлекеттік органдар арасында көш бастап тұр. Былтыр бұл басқарма жалпы сомасы 230,8 млрд теңгеге 652 шарт жасаған. 

Аталмыш басқармамен келісімшарт жасаған ең ірі   компаниялар  – BI Group, Qazaq Stroy, Sheberbuild және Bazis-A құрылыс компаниясы.

Соның ішінде BI Group холдингі басқармамен өз құрамындағы үш компания арқылы жалпы сомасы 50 млрд теңге болатын 9 келісімшартқа қол ғойған. Мемлекеттік құрылыммен BI Group-тың еншілес компаниялары тікелей келісімшарт жасасқан: «KAZPACO» ЖШС, «BI-Industrial» ЖШС  және «BI Urban Construction» ЖШС.

Солардың  арсында ең қымбат келісімшарт – Алматы қаласының Наурызбай ауданында 300 төсек-орынға арналған тез тұрғызылатын модульдік аурухана салу жөніндегі келісім. Мердігер –  KAZPACO компаниясы, келісімшарт сомасы – 13,4 млрд теңге. Мердігер  былтыр қазан айының басында Қалқаман шағын ауданындағы «Апорт» СОО жанында салынған жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысын аяқтады.
 

Сондай-ақ оқыңыз