Зейнетақы қаржысын алуға қалай онлайн өтініш беруге болады? (видео)
Бүгін, 23 қаңтардан бастап «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ уәкілетті оператор ретінде біржолғы зейнетақы төлемін алу бойынша арнайы платформаны іске қосты. Біржолғы төлемді азаматтар тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделуге төлеу үшін пайдалана алады.
Ол үшін арнайы enpf-otbasy.kz сайты іске қосылды. Бұл сайтқа кіріп өтінім бермес бұрын сізде ЭЦҚ кілті болуы керек. ЭЦҚ сертификаттары арқылы ғана қол қойып, өтініш беруді жүзеге асыра аласыз.
Зейнетақы жинақтарының қолжетімді көлемін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры порталынан нақтылауға болады. Зейнетақы шотында жеткіліктілік шегінен тыс және ЖТС шегеріле отырып жинақталған ақшаны пайдалануға болады, бірақ оны да кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі. Бұл жағдайда клиент жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарының барлық көлемін пайдалана алады. Айта кетейік, жинақтарды әр түрлі мақсаттарға шектеусіз рет пайдалануға болады.
«Отбасы Банк», уәкілетті оператор ретінде, зейнетақы жинақтары аударылатын арнайы ағымдағы шоттарды ашу және жүргізу, сондай-ақ зейнетақы жинақтарын арнайы ағымдағы шоттан арнайы мақсатқа аударуға қатысты агенттік қызметтер көрсеткені үшін комиссия алмайды.
Enpf-otbasy.kz сайтында өтініш беру үлгісі өте қарапайым және ыңғайлы. Өтініш беру үлгісінің нұсқаулығы төмендегі видеода анық әрі түсінікті түрде көрсетілген.