Қазақстан үкіметі біршама жасарған

Жарияланды (жаңартылды )
Гендерлік құрамы еш өзгермеді

2021 жылдың 18 қаңтарында Қазақстан үкіметінің құрамы жаңарғаны белгілі. Министрлер кабинетіне жас та жаңа министрлер қосылды. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болып Серік Шапкенов тағайындалса, ұлттық экономика тізгіні Әсет Ерғалиевке сеніп тапсырылды. 

Ұлттық экономиканы басқаратын су жаңа министр – үкімет құрамындағы ең жас басшы. 33 жастағы министрдің арқасында министерлер кабинеті жасарып, үкіметтің орта жасы 48,4 болды. Алдыңғы министрлер кабинетінің орта жасымен салыстырғанда, бір жылға жас. Министерлердің арасында ең жасы үлкені – Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев. Ол кісі 58 жаста.

Бұл жолы Үкіметтің гендерлік құрамы еш өзгермеді. Министрлер кабинетіндегі 23 адамның 21-і – ер-азамат, тек екі министрлік басшылығына әйелдер отыр. Олар – Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Министрлердің басым бөлігі қалада туып-өскен, олардың үштен бір бөлігі – Алматы қаласының  тумалары. Министрлер көп шыққан келесі қала – Шымкент. Жаңадан сайланған Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев – Қостанайдың тумасы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе кентінде дүниеге келген.

Министрлердің бәрі дерлік екі-үш мамандық бойынша жоғары білім алған. Үкіметте экономист, инженер, қаржыгер, заңгер, философтар мен педагогтар жұмыс істейді.

Айта кетейік, 10 қаңтарда елімізде Парламет мәжілісі депутаттарын сайлау өтті. Содан кейін заң бойынша  ел үкіметі отставкаға кетті.

Сол күні  бұған дейін премьер-министр қызметін атқарған Асқар Мамин қайтадан үкіметбасы болып тағайындалды.

Правительство-РК-(каз).jpg

Сондай-ақ оқыңыз