Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Instagram парақшасында газдандыру жұмысы қалай жүргізіліп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо.
«Қаланы газдандыру 3 кезеңнен тұрады. Қазір Көктал-2 елді-мекені тұрғындарының үйлерін көгілдір отынға қосу және жұмыстарды қабылдау жүріп жатыр. Бұған дейін осы елді-мекенде ішкі желілерге газ берілді. Сонымен бірге, газ Железнодорожный елді-мекеніне де беріліп, қараша айында орталықтандырылған газбен жабдықталды. Жалпы, қала ішіне 300 шақырымнан астам газ құбырлары тартылды», – дейді әкім.
Оның айтуынша 800 үй техникалық шарттарға сәйкестік құжатына қол жеткізіп, 5 мыңнан астам адам фронт-офистерде кеңес алды. Тұрғындарға ақысыз берілетін есептегіштер қарастырылған.
«Елорданы газдандыру – Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи жобасы. Қаланы газдандыру процесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында. Елорданы газдандыру зиянды қалдықтарды төмендетуге мүмкіндік береді. Қаланың экологиясы жақсарады, ал бұл – тұрғындардың денсаулығына жағымды әсер етеді», – деп жазды Алтай Көлгінов.