Ұлттық Банк 2021-2022 жылдарға арналған зерттеу бағдарламасы аясында цифрлық валюта шығару қаншалықты қажет, тиімділігі қандай деген мәселені егжей-тегжей зерделемек. Бұл туралы ҰБ баспасөз қызметі хабарлады.
«2021 жылы халықаралық тәжірибені ескере отырып, орталық банктің цифрлық валюта шығару тіиміділігі және оның монетарлық саясат пен қаржылық тұрақтылыққа әсері жөнінде зерттеу жүргізіледі» делінген хабарламада.
Одан бөлек, төлем индустриясындағы соңғы үрдістерге, технологияларға зерттеу жүргізу, төлем қызметтерінің трансформациясына, оның ішінде банктер мен финтех-компаниялардың рөліне талдау жасау жоспарланған.
«Дүние жүзіндегі ұлттық төлем жүйелерін жаңғырту саласында жүргізіліп жатқан реформаларды талдау мен бағалау, олардың бәсекелестіктің жай-күйіне және ішкі қаржы нарығының дамуына әсері зерттеледі» деп хабарлайды Ұлттық банк.
Бұған дейін еліміздің бас банкі біраз елде тиімділігін танытқан цифрлық валюта – Central bank digital currency-ді (CBDC) енгізу мәселесін зерттеуді қолға алғаны хабарланған еді.
Бұл зерттеу 2021 жылдың екінші жартысында жарық көреді деп жоспарланған.