Жаңалықтар

Зейнетақы жинағын туысымызға қалай береміз?

Қандай талаптар мен шарттар қойылады?

Салымшының жинағы жетпеген жағдайда, жақын туыстарының шоттарының есебінен тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін алуға болады. Десек те, осы ретте бірнеше шарт бар. Жақын туыс деп кімдерді айтады, беру реті қалай болады — осы туралы толығырақ ақпарат бергенді жөн көрдік. 

     Ең бірінші шарт сол, қаражатты беретін адамның келісім міндетті түрде болуға тиіс. Бұл енді түсінікті. Көпшіліктің білгісі келетіні — «жақын туыс» деген санатқа кімдер кіреді? Ереже бойынша, бұл тізімге ата-аналары, балалары, асырап алғандар, асырап алынғандар, ата-анасы бір немесе бөлек ағалы-інілілер мен әпкелі-сіңлілері, қарындастар, ата-әжелері, немерелері кіреді. Талап бойынша, алушы мен өтініш берушінің ара-жігі ажыратылған. Яғни өтініш беруші деген — БЖЗҚ-дан біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар салымшы. 

     Алушы — тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін өзінің біржолғы зейнетақы төлемдерін және (немесе) жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланатын жеке тұлға. Мысалы, өтініш беруші әкесі біржолғы зейнетақы төлемін баласына үй алуға немесе ипотеканы өтеуге аудара алады. 

Кімнің бере алатынын нақтылап алғаннан кейінгі мәселе — беру үшін жасалатын қадамдар. Зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегінен асқан бөлігін табыстауды жоспарламас бұрын, алдымен Отбасы банкінде арнайы шот ашу қажет. Яғни қаражатты табыстаушыға да, қабылдаушыға да бұл шарт міндетті. Банк сіздің жинақтарыңызды туысыңызға табыстау үшін жасаған өтінімдеріңізді 2 жұмыс күні ішінде қарайды. Содан соң БЖЗҚ 5 жұмыс күні ішінде қажетті қаражатты Отбасы банкіндегі арнайы шотыңызға аударады.

     Зейнетақы жинақтарыңызды Отбасы банкінің тиімді бағдарламалары арқылы баспаналы болуға бастапқы жарна ретінде пайдалануыңызға болады. Біржолғы зейнетақы төлемдерін алу бойынша онлайн-платформамен жұмыс істеу кезінде сізге nclayer сертификаттарын орнату қажет. Сертификаттарды Pki.gov.kz сайтынан жүктеп ала аласыз. Зейнетақы жинақтарын алу бойынша барлық іс-шара тек компьютер немесе ноутбук арқылы ғана мүмкін болатынын есте ұстаған жөн.