Зейнетақы жинақтарын 7 мақсатта пайдалану

Жарияланды
Бұл ақпараттарды міндетті түрде білуіңіз қажет

Қоғам талқысындағы тақырып — зейнетақы жинақтарын пайдалану. 23 қаңтарда арнайы платформа іске қосылғаны белгілі. Ендеше, зейнетақы жинағыңыздағы соманың бір бөлігін қандай мақсатта, қандай шарт-талаптармен пайдалана алатыныңызды білуіңіз керек.

Ипотеканы жабу үшін 

Кез келген банктен немесе ипотекалық ұйымнан тұрғын үй сатып алуға алынған ипотекалық қарыз бойынша берешекті толық немесе бір бөлігін өтеу үшін зейнетақы жинағыңыздың бір бөлігін ала аласыз. Сонымен қатар, баспана сатып алып және сол баспанаға жөндеу жүргізуге (бір банктік несие шарты шеңберінде алынған қарыз болған жағдайда) алынған қарызды, жеке тұрғын үй салуға алынған, оған қоса жер учаскесі мен жеке қосалқы шаруашылық нысанын салу үшін алынған қарызды да өтей аласыз. Ол үшін мынадай құжаттар қажет:

•    Сіздің және екінші деңгейлі банк немесе ипотекалық ұйым арасында жасалған өтеу кестесі бар банктік қарыз шарты;

•    Банктің уәкілетті тұлғасының қолы қойылған, мөрі басылған, несие қарызы туралы және қалған қарыз көлемі көрсетілген анықтама (банктік қарыз шартының нөмірі, мақсаты, қалған қарыз көлемі және деректемелері). Анықтаманың жарамдылық мерзімі — берілген сәттен бастап 5 жұмыс күні. Бұл құжаттарды PDF форматында Отбасы Банкінің онлайн платформасына жүктеу қажет болады.

Ипотекасыз тұрғын үй сатып алу

Көп қабатты үйден пәтер, жеке тұрғын үй немесе жатақханадан бөлме сатып алуға болады. Баспананы алғашқы немесе қайталама нарықтан, сондай-ақ салынып жатқан үйде (ҚР заңнамасына сәйкес кепілдік берілген жағдайда) үлестік қатысу шартына сәйкес сатып алуға болады. Бұл мақсат бойынша тұрғын үйді зейнетақы жинақтары есебінен де, зейнетақы жинақтары жетпеген жағдайда өз қаражатыңызды да қосып сатып алуға болады. Бұл жүйе бойынша жүргізілетін сатып алу-сату шартында, баспананы стандартты ипотекалық бойынша рәсімделетін шарттарындағыдай, соманың бір бөлігі өз қаражаты есебінен төленетінін (кепілпұл), ал қалған сома БЖЗҚ қаражатын алғаннан кейін белгілі бір мерзім ішінде төленетінін көрсету қажет. Шартта 2 аптадан кем емес мерзімді көрсетуге кеңес береміз. Мақсатты растау үшін келесі құжаттар тізімі қажет:

•    Тұрғын үйді сатып алу-сату шарты, жекешелендіру немесе айырбастау шарты, алушының және өзге де меншік иелерінің құқығын растайтын құжаттар;

•    Егер сіз көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына үлестік қатысу арқылы пәтер сатып алсаңыз, уәкілетті орган тіркеген тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт/алушының және жақын туыстарының атына рәсімделген цессия шарты/ҚР үлестік қатысу туралы заңнамасына сәйкес көп пәтерлі тұрғын үйдегі үлесті беру туралы шарт;

•    Жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы анықтама, техникалық сипаттамалары туралы уәкілетті органның құжаты (көп пәтерлі тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу арқылы сатып алу жағдайларын қоспағанда).

Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық қарыз алу

Отбасы банкінде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй қарызын алуға мүмкіндік беріледі. Алғашқы немесе қайталама нарықта пәтер немесе жеке тұрғын үй сатып ала аласыз. Бір банктің қарыз шарты шеңберінде баспана сатып алып және сол баспанаға жөндеу жүргізуге, жеке тұрғын үй салуға несие рәсімдем сол шарт шеңберінде жер учаскесін сатып алу немесе жеке қосалқы шаруашылық нысанын салуға жұмсалатын қаражатты несие есебінен рәсімдеуге болады. Біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып және 5 жылдан астам мерзімге ипотекалық қарыз алу арқылы рәсімделген барлық баспана түрлерін 5 жыл бойы сатуға болмайтынын есте ұстаған жөн.

Ипотека алу үшін бастапқы жарна ретінде пайдалану

Отбасы банкінен және ҚР басқа екінші деңгейлі банктері арқылы тұрғын үй сатып алуға, зейнетақы жинақтарын бастапқы жарна ретінде пайдалануға болады. Алғашқы немесе қайталама нарықтан пәтер, жеке тұрғын үй, жатақхана бөлмесін сатып алуға болады. Ал егер сіз жөндеу жұмыстарын жоспарлаған болсаңыз, оны да бір банктік қарыз шарты аясында көрсетіп, рәсімдей аласыз. Ол үшін қажет құжаттар тізімі мынадай:

•    Екінші деңгейлі банктің немесе ипотекалық ұйымның уәкілетті тұлғасының қолы қойылған, зейнетақы төлемдерін алушыға (біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып) ипотекалық тұрғын үй қарызы мақұлданғаны туралы хат.

•    Хатта несие бойынша бастапқы жарнаның сомасы, мақсаты, жалпы несиенің мөлшері, бойынша бастапқы жарна ретінде енгізу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін аудару қажет шоттың банктік деректері көрсетілуі тиіс.

•    Біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып және 5 жылдан астам мерзімге ипотекалық қарыз алу арқылы рәсімделген барлық баспана түрлерін 5 жыл бойы сатуға болмайтынын есте ұстаған жөн.

Сатып алу құқығымен жалдау шарты бойынша берешекті өтеу

Сатып алу құқығымен жалдамалы түрде алған баспанаңызыдың қарызын өтей аласыз. Зейнетақы жинақтарын пайдалана отырып, сіз тұрғын үй құрылыс бағдарламалары мен дағдарысқа қарсы бағдарламалар шеңберінде ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша берілген пәтер қарызын толық немесе бір бөлігін өтей аласыз. Қажетті құжаттар тізімі:

•    Тұрғын үй және дағдарысқа қарсы бағдарламалар аясында жасалған сатып алу құқығымен жалдау шарты (жалдау төлемдерін өтеу кестесін қоса);
•    Ұйымның уәкілетті тұлғасының қолы қойылған, сатып алу құқығымен жалдау шарты бойынша берешектің сомасы және берешекті өтеу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін аудару қажет шоттың банктік деректері көрсетілген хат.

•    БЖЗҚ-дан сіздің арнайы шотыңызға қаражат түскеннен кейін құжаттарды PDF форматында Отбасы Банкінің онлайн платформасына жолдау қажет.

Жеке тұрғын үй салу

Зейнетақы жинақтары есебінен де, сондай-ақ зейнетақы жинақтарына өз қаражатыңызды қосып та жеке тұрғын үй салуға (оның ішінде жер учаскесін сатып алу) болады.

Жер учаскесін сатып алу үшін:
•    Жер телімін сатып алу-сату шарты (егер жер телімі сатып алынса);
•    Жер учаскесі акті;
•    Жер учаскесіне тіркелген құқықтар туралы анықтама;
Құрылыс үшін:
•    Сәулет-жоспарлау тапсырмасы (АПЗ);
•    Тиісті лицензиясы бар құрылыс компаниясымен жасалған мердігерлік шарт;
•    Алушы / құрылыс компаниясы жасаған құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге арналған шығындар сметасы;
•    Эскиздік жоба;
•    Құрылыстың басталғаны туралы хабарлама.
⠀Мақсатын растау үшін:
•    Зейнетақы төлемдерін алушының және (немесе) жұбайының және (немесе) жақын туыстарының атына рәсімделген нысанды пайдалануға қабылдау актісі;
•    Жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және оның техникалық сипаттамалары (жер учаскесіне және салынған жеке тұрғын үйге) туралы уәкілетті органның құжаты.

Ипотекалық қарызын қайта қаржыландыру

Несиеңізді басқа банктен қайта қаржыландыруға болады. Осылайша тиімді шарттармен Отбасы банкіне аударасыз. Басқа банктерден тұрғын үй сатып алуға (оның ішінде жөндеу жүргізе отырып), жеке тұрғын үй салуға (жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда) алған ипотекалық несиелеріңізді біржолғы зейнетақы төлемдерінің көмегімен, Отбасы банкіне аударып қайта қаржыландыра аласыз. Несие бойынша ең төмен мөлшерлеме, салық жеңілдіктері, несие өтінімі жылдам қаралады. Зейнетақы жинақтарын ипотекалық қарызды қайта қаржыландыруға жіберу үшін онлайн-платформада өтініш беру қажет.

Сондай-ақ оқыңыз