Жаңалықтар

Еліміздің 8 өңірі қызыл аймақта тұр

Елдегі аурулардың 40%-ы осы аймақтарға тиесілі

Еліміздің 8 өңірі қызыл аймақта тұр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында денсаулық сақтау министрі Анатолий Цой хабарлады, деп жазады primeminister.kz.

26 қаңтардағы жағдай бойынша «қызыл аймақта» 8 өңір бар: Ақмола, Атырау, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары.

Бұл ретте Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстарында эпидемиологиялық ахуалға тиісті бақылаудың жоқтығы байқалады.

    «Нәтижесінде, елдегі аурулардың 40%-ы осы аймақтарға тиесілі. Осыған байланысты осы өңірлердің әкімдері тиімді қосымша шектеу шараларын қабылдап, олардың сақталуын бақылауды қамтамасыз етуі қажет», — деді А. Цой.

Жалпы республика бойынша қараша айынан бастап КВИ ауруының өсуі байқалады, желтоқсан айында қараша айымен салыстырғанда 1,2 есе өсу байқалды. Орташа өсу үрдісі қаңтар айында да сақталды. Мәселен, қаңтар айында КВИ-мен ауырудың 24 247 жағдайы тіркелген. Шығыс Қазақстан облысын қоспағанда, барлық өңірлерде сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Науқастарға көмек көрсету үшін Қазақстанда 74 мыңнан астам дәрігер тартылған, оның ішінде 28 мыңға жуығы — бейінді мамандар.

Ауыл халқының медициналық көмекке қолжетімділігі қолда бар жылжымалы медициналық кешендер есебінен, оның ішінде 2020 жылы қойылған 100 ЖМК есебінен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, 2020 жылы өңірлерге 1167 бірлік санитарлық автокөлік келіп түсті. Инфекциялық стационарларға 5 мыңнан астам ӨЖЖ аппараты жеткізілді, шамамен 43 мың төсек-орын оттегімен қамтамасыз етілді. Бұдан басқа, 15 инфекциялық стационар салынды, 3 қайта бейінделген нысанның жөндеу жұмыстары аяқталды, 1 нысанның құрылысын ағымдағы жылдың ақпан айында аяқтау жоспарланып отыр.

Барлық өңірлерде жалпы сомасы 17 млрд теңгеге тұрақтандыру қорлары құрылды.