Қазақстандық автоөнеркәсіпте жақсы жаңалықтар бар. Отандық өндірушілер Қазақстанда құрастырылған автомобильдерді жаңа бағыт – Беларусь Республикасына жеткізе бастайды. Бұл – сала үшін үлкен жетістік. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналы хабарлады.
Алғашқы 500 көлікті 2021 жылдың бірінші жартысында жеткізу жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде экспортталатын автомобиль маркалары – Santa Fe және Sonata. Олар «Астана Моторс» компаниялар тобына кіретін Hyundai Trans Kazakhstan зауытында жиналады.
Зауыт 2020 жылдың қазан айында іске қосылды. Мұнда шанақтарды дәнекерлеу және бояу, автомобильдерді құрастыру, пластикалық бөлшектерді бояу цехтары және ұсақ торапты құрастыру әдісімен автомобильдерді өндіруге арналған компоненттер қоймасы бар.
Кәсіпорын туралы Оңтүстік Кореяның Hyundai Motor Company президенті Ли Вон Хи мырза өз ойын білдірді. Ол аталған зауыт Қазақстан нарығына Hyundai-дың жоғары сапасы мен технологиясын әкеледі деп есептейді. Ал кәсіпорынның өзі автомобильдерді ТМД нарығына таратады.