Тәулігіне 3 мың адам. ДСМ болжамы көңіл көншітпейді
Денсаулық сақтау министрлігінің болжамы бойынша, наурыз айында коронавирус инфекциясы өрши түспек. Тәулігіне ең аз дегенде 3 мың адам инфекция жұқтыруы ықтимал. Тіпті ауырғандардың саны тәулігіне 9 мыңға дейін жетіп қалуы мүмкін. Сол кезде ауруханалар толып кетпес үшін, қатаң карантин шараларын енгізу қажет болуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бүгін үкімет отырысында осылай деп мәлімдеді.
Денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылдың соңына дейінгі елдегі эпидемиологиялық жағдай қалай қалыптасарына болжам жасаған. Ведомство басшысы Алексей Цойдың айтуынша, міндетті түрде маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау сынды шектеу шаралары мен алдағы екпе егу науқанын қоса алғанда, коронавирустың таралу ауқымы наурыз айында шегіне жетеді.
«Оптимистік сценарий бойынша тәулігіне 3 мың, ал пессимистік сценарий бойынша тәулігіне 9 мың науқас тіркелуі мүмкін. Денсаулық сақтау жүйене түсетін жүктеменің шамадан тыс артуына жол бермес үшін қатаң карантин шаралын енгізу қажет болуы мүмкін» деді денсаулық сақтау министрі.
Бұл ретте Алексей Цой қараша айының басынан республика бойынша коронавирус инфекциясын жұқтыру деңгейі өсіп келе жатқанын айтып өтті. Желтоқсан айында қарашамен салыстырғанда 1,2 есе өссе, қаңтарда қалыпты өсу үрдісі сақталып тұр. Қазіргі кезде қаңтар айында COVID-19 жұқтырған 24 мыңнан астам адам тіркелген.
«Шығыс Қазақстан облысын қоспағанда, барлық өңірлерде өсім байқалады. Науқастарға көмек көрсететін 74 мыңнан астам дәрігер бар. Оның ішінде 28 мыңға жуығы – салалық мамандар» деді Алексей Цой.
Министр кейбір өңірлердегі жергілікті билік карантин шараларының сақталуын бақылауды күшейтуі керек деп есептейді. Әңгіме «эпиджағдайды тиісті бақылау жоғы байқалатын Ақмола, Павлодар және Қостанай облыстары туралы» болып отыр.
«Нәтижесінде ауру таралуының 40 пайызы осы өңірлерге тиесілі. Осыған байланысты бұл аймақтардың әкімдері тиімді қосымша шектеу шараларын қабылдап, оның сақталуын бақылауда ұстауы қажет» деп атап өтті ол.
26 қаңтардағы мәлімет бойынша, елімізде 27 134 адам короновирус инфекциясынан (15 467 КВИ+ және 11 667 КВИ-) емделуде, олардың ішінде 6 576 пациент стационарда, 20 558 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдап жатыр.
КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:
• 285 адамның жағдайы ауыр;
• 43 пациенттің жағдайы өте ауыр;
• 41 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.