Ұлттық банк 10,9% деңгейінде зейнетақы активтерінің кірістілігін қамтамасыз етті

Жарияланды
Ұлттық Банк 2,3 трлн теңгеге дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландырды

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық банктің 2021 жылғы жұмыс қорытындылары, сондай-ақ банк саласының жай-күйі туралы баяндады. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады. 

Коронавирус пандемиясынан туындаған бұрын-соңды болмаған дағдарыс жағдайында Ұлттық банк Үкіметпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және алға қойған міндеттерге қол жеткізу үшін уақытылы шаралар қабылдады.

2020 жылы Ұлттық банктің негізгі күш-жігері келесі мақсаттарға қол жеткізуге бағытталды:  

Ақша-кредит саясаты инфляцияның өсуін 8-8,5% деңгейінің шегінде ұстап тұруға бағытталды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 7,5% болды.

Ұлттық банк валюта нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етті. Теңгедегі активтерді қорғау мақсатында алыпсатарлыққа жол бермеу және шетел валютасының ұсынысын қолдау бойынша шаралар кешені қабылданды.

Ұлттық банк қаржы нарығын дамытуға және кірістілік қисығын құруға жәрдем көрсетті. Үкіметпен бірлесіп ақша нарығындағы артық өтімділік бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталды. Бұл ретте мемлекеттік бағалы қағаздар шығарылымдарындағы нарық қатысушыларының үлесі 3,8%-дан 32,7%-ға дейін ұлғайды.  

Сіздің экономикалық белсенділікті қолдау бойынша дағдарысқа қарсы бастамаларыңызды іске асыру үшін Ұлттық Банк 2,3 трлн теңгеге дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландырды, бұл дағдарысқа қарсы жалпы қаржының 50%-дан астамын құрайды.  

2020 жылы жоғары нарықтық құбылмалылыққа қарамастан, Ұлттық банктің басқаруымен активтердің жоғары кірістілігі қамтамасыз етілді. Ұлттық қордың кірістілігі 7,6%, зейнетақы активтерінің кірістілігі 10,9% болды, бұл инфляциядан 3,4%-ға жоғары.

Пандемия және электрондық қызметтерге сұраныстың өсуі жағдайында Ұлттық банк цифрландыру мен қаржылық технологияларды белсенді түрде дамытты. Цифрлық қызметтер үлесін арттырған жаңа сервистерді енгізумен бірге Ұлттық банк қаржылық технологиялар мен ұлттық төлем жүйесін дамытуға бағытталған бірқатар стратегиялық құжаттарды қабылдады.

     «Пандемия Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең терең құлдырауды бастай отырып, барлық елдердің экономикасына әсер етті. Халықаралық валюта қорының болжамдары бойынша 2020 жылдың қорытындысы бойынша әлемдік экономиканың қысқаруы 4,4%-ды құрайды. Негізгі дамушы елдердің ішінде экономиканың өсуі жалпы ішкі өнімі Қытайда ғана өскен – 2,3%-ға, бірақ онда соңғы 45 жылдағы ең төменгі мән тіркелді. 2021 жылы әлемдік экономиканың 5,2%-ға дейін қалпына келуі күтілуде, алайда тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайға, сондай-ақ вакциналау процесінің жылдамдығы мен тиімділігіне байланысты неғұрлым баяу қалпына келу тәуекелі сақталуда», — деді Ұлттық банк төрағасы.

Қазақстанда 2020 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің қысқаруы 2,6% болды, бұл қабылданған дағдарысқа қарсы бұрын-соңды болмаған шаралардың арқасында жалпы әлемдік құлдыраудан айтарлықтай төмен.

2020 жылдың 2-ші тоқсанында рекордтық құлдыраудан кейін іскерлік белсенділік дағдарысқа дейінгі деңгейге қарай қалпына келуде. Ұлттық Банктің болжамы бойынша, 2021 жылдың ІІ тоқсанынан бастап Қазақстан экономикасы оң траекторияға шығады.

2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай бағасы бір баррель үшін $45 болған кезде 3,7-4% деңгейінде өседі деп күтіледі.

2021 жылы Ұлттық Банк инфляцияны ағымдағы 7,5% деңгейінен 4-6% нысаналы дәлізіне қайтару міндетін қойып отыр. Орта мерзімді перспективада бұл инфляцияның 3-4%-дық мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

    «Бұл үшін Ұлттық банк мемлекеттің макроэкономикалық саясатының тиімділігін арттыру бойынша жүйелі шаралар көзделетін Ақша-кредит және макроэкономикалық саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясын әзірледі. 2020 жылы Қазақстанның валюта нарығы күрделі күтпеген өзгерістерді бастан өткерді. Жаһандық пандемия және шикізат нарықтарындағы күтпеген өзгерістер 2020 жылғы наурызда теңге бағамының 17%-ке 448,5 теңгеге дейін әлсіреуіне әкелді», — деді Ерболат Досаев.

Осының аясында Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесіп, ішкі валюта нарығында тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін қабылдады. Жоғарыда аталған шаралардың арқасында теңгенің айырбастау бағамы әлсіреуін біршама өтеп,  2020 жылдың соңына қарай 6,1%-ға 420,91 теңгеге дейін нығайды. Нәтижесінде дамушы нарықтар валюталарының айтарлықтай әлсіреуі аясында теңгенің бағамы бір жыл ішінде тек 10%-ға төмендеді. 2021 жылы өзгермелі бағам режимін нығайту және Ұлттық қордың активтерін конвертациялау және нарықтың құбылмалылығын реттеу операцияларын жүргізу кезінде нарықтық қағидаттарды сақтау бойынша одан әрі шаралар қабылданатын болады. 2015 жылдан бері байқалған төлем балансының созылмалы тапшылығы сыртқы жағдайлардың нашарлауы аясында күшейе түсті.

Нәтижесінде 2020 жылдың қорытындысы бойынша импорттың қалпына келуі мен шетелдік инвесторлар кірісінің төленуіне байланысты ағымдағы жылы (-)5,7 млрд АҚШ доллары деңгейінде тапшылық күтілуде, ол ағымдағы жылы (-)6,5 млрд АҚШ долларына дейін артады. 2020 жылы Ұлттық қордың активтері 4,8 трлн теңге сомасындағы трансферттердің рекордтық көлеміне және 2019 жылмен салыстырғанда түсімдердің 2 еседен астам қысқаруына байланысты $58,74 млрд дейін $3,1 млрд төмендеді.

    «Нарықтың жоғары құбылмалылығына қарамастан Ұлттық қордың инвестициялық кірісі оң болып, $4,15 млрд құрады. Дамушы елдер облигацияларының, корпоративтік облигациялар мен акциялардың үлесін ұлғайту есебінен кірістілікті одан әрі арттыру Ұлттық Банктің Ұлттық қордың активтерін басқару жөніндегі 2021 жылғы негізгі міндеті болады», — деді Е. Досаев.

Ұлттық банктің алтынвалюта резервтері 2020 жылы $6,7 млрд ұлғайып, $35,7 млрд жетті. Алтын портфелі $4,7 млрд өсіп, 2020 жылдың соңында 388 тоннаны құрады. Алтынвалюта резервтерінің құрамындағы еркін конвертацияланатын валютадағы активтер бір жыл ішінде $2 млрд ұлғайып, $12,1 млрд дейін өсті. Жалпы алғанда, Ұлттық қордың активтерін қосқанда, Қазақстанның халықаралық резервтері 2020 жылы $3,6 млрд ұлғайып, $94,4 млрд құрады. 2020 жылы зейнетақы активтері 12,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды, кірістілік 10,9% мөлшерінде қамтамасыз етілді. 

Сондай-ақ оқыңыз