Үйдегі жеделсаты: өз қауіпсіздігіңіз үшін нені білуіңіз керек?

Жарияланды
Жеделсатылардың қауіпсіз қызмет ету мерзімі қанша ?

Көп қабатты үйдің әрбір тұрғыны білуі тиіс 7 маңызды сұрақ. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналы хабарлады.

Жеделсатыларға техникалық тексеру қаншалықты жиі жүргізілуі керек?

Жеделсаты жоспарлы түрде ай сайын тексеріліп тұруы тиіс. Жылына бір рет толық техникалық куәландыру жүргізіледі. Онымен Пәтер иелері кооперативтері (ПИК) немесе Мүлік иелерінің бірлестігімен (МИБ) шарт жасасқан қызмет көрсетуші компанияның мамандары айналысады.

Айтпақшы, Қазақстанның лифт қауымдастығына кіретін қызмет көрсетуші компаниялар жеделсатылардың жағдайы туралы үй тұрғындарын арнайы жапсырмамен хабардар етіп тұруға келісті. Олар жеделсатының қызмет ету мерзімін және соңғы техникалық куәландыру күнін хабарлап отырады. Мұндай жапсырмалар көрнекті жерде – жеделсатыға кіре берісте немесе оның ішіне орнатылады. Егер мұндай жапсырма болмаса, ақпарат алу үшін ПИК/МИБ-ке хабарласуға болады

Жеделсатылардың қауіпсіз қызмет ету мерзімі қандай?

Жеделсатыларды пайдаланудың нормативтік мерзімі – 25 жыл. Және оны 2 жылға ұзартуға болады. Содан кейін жеделсаты қауіпті техникалық құрылғы ретінде бөлшектеліп, жаңа жабдыққа ауыстырылуы керек. Немесе толықтай жаңғырту қажет. Ол мерзімді анықтау үшін үйіңіз салынған жылға 25 жыл қоссаңыз, күнделікті қолданып жүрген жеделсатының нақты жағдайын түсінесіз.

Жеделсатыға қызмет көрсету регламентінің сақталуын кім бақылауы керек?
Тұрғын үй иелерінің бірлестігі және тұрғындардың өздері бақылауы керек. Өйткені, бұл сіздің және жақындарыңыздың өмірі мен қауіпсіздігініне қатысты мәселе. Мемлекеттік қызметкерлер мен әкімдіктер сіздің кондоминиумның ісіне және шешімдеріне араласуға құқығы жоқ. Олар тек ұсыныс жасай алады. 

Егер ПИК/МИБ жеделсатыларды техникалық тексеру және оларға қызмет көрсету қажеттілігі туралы «ұмытып кетсе» не істеу керек?

Мұндай жағдайда біреуге сеніп жүре беруге болмайды. Мәселені көршілеріңізбен талқылап, жеделсаты жабдықтарын мамандарға техникалық тұрғыдан тексертіп алған жөн. 

Жаңа жеделсатылардың бағасы қанша тұрады және оны ауыстыру үшін ақыны кім төлеуі керек?

Елімізде қолданыстағы заңнамаға сәйкес, үйдің инженерлік желілері, шатыры мен жертөлесінің жай-күйі үшін ортақ жауапкершілік тұрғындарға жүктелген. Сондықтан егер жеделсатыны жаңарту қажет болса, ол үшін барлық пәтерлер, яғни бірінші қабаттан бастап ең жоғарғы қабатқа дейінгі пәтер тұрғындары жаңа жабдыққа ақша жинауы тиіс. Жаңа жеделсатылардың бағасы 8 миллион теңгеден басталады. Оны өндірушілердің өздері белгілейді. Ал жаңасын сатып алмай, ескісін жаңғыртамыз десеңіздер, біршама арзанға түседі. 

 Бұл салада мемлекет қалай көмектесе алады?

Мемлекет тұрғындарға түсетін жүктемені азайту үшін 7 жылға дейінгі мерзімге пайызсыз несие бөле алады. Оны алу үшін жеделсаты орнататын немесе оны жаңғыртумен айналысатын компаниямен бірге құжаттар топтамасын жинап, оларды тұрғын үй саясаты басқармасына тапсыру қажет.

 Егер жеделсатының ресурсы аяқталып, үйдің тұрғындары  жабдықтарды жаңартуға немесе сатып алуға келіспесе не істеу керек?

Ондай жағдайда үш жол бар: біріншісі – жеделсатыны тоқтатып, мөрлеп, жаяу жүру. Бұл – ең арзан және қауіпсіз жолы. Екінші амалы лифт сатып алу үшін демеуші іздеп табуға болады. Ал соңғы жолы жеделсатының үй үшін маңызын айтып, көршілерді сендіріп, ортақ шешімге келу керек.
 

Сондай-ақ оқыңыз