Бүгін, 26 қаңтарда өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа агенттік құру туралы тапсырма берді.
«Жалға кәсіпорындармен жұмысты күшейту керек. Жалпы өнімнің төрттен бір бөлігі сұр аймақта. Қолма-қол ақшамен және заңсыз табыс алу тәсілдерімен айналысатын қылмыстық топтардың айналымы миллион теңгеге бағаланады. Былтыр көлеңкелі экономика бойынша рекордтық деңгейде қылмыстық іс қозғалды. 73 қылмыстық топтың қызметіне тоқтау салынды. Бұл тек жұмыстың басы ғана. Бұл жұмысты күшейту үшін президент жанындағы экономикалық қылмыспен күрес агенттігі құрылуы керек. Аталған ведомство көлеңкелі экономикамен күресуі тиіс. 2025 жылға таман көлеңкелі экономиканың үлесі 15 пайыздан аспауы керек» деді президент.
Сонымен қатар президент жұмысқа орналасу мәселесіне де тоқталды. Ол көптеген жұмыс орындарының салық пен зейнетақы аударымдарын төлеуден жалтарып отырғанын мәлімдеді.
«Азаматтардың жұмысқа орналасуы тек қағаз жүзінде болмауы тиіс. Дәл осындай 15 мың жағдай белгілі болды. Жұмысқа тұрған азаматтардың үштен бірі зейнетақы аударымдарын төлемеген. Мұндай фактілер негізінен Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында байқалып отыр» дейді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, жұмысқа тұрғандардың 40 пайыздан астамы көлеңкеде қалған. «Мен сондай фактілерді тексерудің автоматты механизмін енгізуді тапсырдым. Бірақ мемлекеттік кірістер департаменті мен БЖЗҚ бұл тапсырманы әлі орындаған жоқ» деді Тоқаев.
Кеңейтілген отырыста кеден мәселесі де сөз болды. Тоқаевтың айтуынша, тауарлар мен жүктерді өткізу бойынша қазақстандық және қытайлық кеден бекеттеріндегі деректердің сәйкессіздігі 5 миллиард доллардан астам қаржыны құраған. Президент 2020 жылы бюджетке түскен салықтық және кедендік түсімдер үлесі 47 пайызға дейін сақталғанын да атап өтті.
«Сенімді емес декларациялау тәжірибесі кеңінен қолданылады, кедендік төлемдерді жинаудың төмен деңгейі байқалып отыр. Тек Қытаймен шекараның өзінде ондай фактілер 50 мыңға жуық. Оның өзінде пандемия мен локдаун кезінде. Қытаймен статистикадағы сәйкессіздік 5 млрд доллардан асады. Контрабанда бұл тек салық төлемеу ғана емес, бұл отандық өнеркәсіп пен азаматтар денсаулығына төнген тікелей қауіп. Қазақстанның кеден-тарифтік саясаты тиімді болмай отыр. Үкіметке мемлекет шекарасында 1 қыркүйекке дейін заңсыз тауар айналымымен күресудің кешенді бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын» деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ президент салық-бюджет саясатын жетілдіру мәселесін де айтты.
«Дағдарыс ұлттық экономиканың проблемаларын көрсетіп берді. Маңызды мәселенің бірі – салық саясаты. Ол экономиканы қалыптастыруды ынталандыруы керек. Дағдарысқа қарсы шаралар аясында біз салықтық ынталандырудың кең спектрін ұсындық. Үкімет салық-бюджет саясаты бойынша ұсыныс дайындауы керек. Салықтық әкімшілік мәселесі аса маңызды» деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, карантин шараларынан шағын және орта бизнес қатты зардап шекті. Қазір бизнеске қолдау білдіруіміз керек деді ол.
«Биыл шағын және орта бизнесті қолдау жұмыстың негізгі бағыты болуы тиіс. Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірге бір ай ішінде қолдау шараларын әзірлеуі қажет. «Бастау бизнес» бағыты бойынша 150 мыңнан астам азамат білім алды. Бірақ солардың тек 10 пайызы несие алып, 19 пайызы грант алған. 100 мыңнан астам азамат мемлекет қолдауын сезіне алмаған» деді.
Президент бюджеттен дағдарысқа қарсы шаралар үшін бөлінген қаражат тиімді игерілуі керек дегенді де айтты. «Мен үкімет пен әкімдерге жергілікті сатып алуды күшейту бойынша тапсырма берген едім. Алайда аталған тапсырма қанағаттанарлық деңгейде орындалып жатқан жоқ» деді мемлекет басшысы.
Отырыс кезінде үкімет басшысы Асқар Мамин ҰБТ жүйесінің электронды форматқа көшірілетінін мәлімдеді.
«3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшаға орналастыру көрсеткішін 99 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл мектепке дейінгі білім беру мен жан басына қаржыландырудың жаңа моделін енгізу арқылы мүмкін болмақ. 400 жаңа балабақша ашылады. Сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 180 мектеп құрылысы жоспарда тұр. Ұлттық бірыңғай тестілеу толықтай электронды форматқа көшіріледі» деді үкімет басшысы.
Отырыста сөз алған Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Қазақстан экономикасының қашан қалпына келетініне байланысты мәлімдеме жасады.
«2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда ЖІӨ-нің қысқаруы 2,6 пайыз болды. Бұл бүкіләлемдік құлдыраудан (4,4 пайыз) әлдеқайда төмен. 2020 жылдың II кварталындағы рекордтық құлдыраудан кейін іскерлік белсенділік дағдарысқа дейінгі деңгейде қалпына келіп жатыр. Ұлттық банк болжамы бойынша 2021 жылдың II кварталында Қазақстан оң траекторияға шығады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай бағасы барреліне 45 доллар болған жағдайда 3,7-4,0 пайыз көлемінде өсім күтіледі» деді Досаев.
Асқар Маминнің айтуынша, 2021 жылы елімізде тамақ өнеркәсібі саласында 49 кәсіпорын іске қосылады.
«2020 жылы мұнай және газ өндірісі 85,7 млн тонна мұнайды құрады. 2021 жылы өндірісті арттыру бойынша жұмыс жалғасады. Биыл газ өңдеу зауытының құрылысы басталады. 23 жаңартылған энергия нысаны пайдалануға беріледі. Сондай-ақ эко-туризмді дамыту бойынша жобалар жүзеге асырылады. Туристер ағынын арттыру үшін Түркістан-Шымкент-Ташкент жаңа теміржол бағыты салынады. ЖІӨ-дегі туризм үлесі 5,9 пайызға дейін жеткізіледі» деді Мамин.