1 350 ипотекалық қарыз алушыға 12 млрд теңгеге қосымша көмек көрсетілді. Бұл туралы fingramota.kz хабарлады.
2020 жылдың басынан бастап Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын халықтың әлеуметтік осал топтары (бұдан әрі – ХӘОТ) санатына жататын ипотекалық қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету бөлігінде іске асыруда.
Екінші деңгейдегі банктерге ХӘОТ-қа жататын қарыз алушының қаржылық және әлеуметтік жағдайын талдау негізінде негізгі борышты азайту, 20 000 теңгеден бастап ай сайынғы төлеммен жеңілдік кестелерін белгілеу және қарыз алушының кірісін күнкөріс деңгейінен төмен емес сақтау түрінде борыш жүктемесін жеңілдетудің қосымша тетіктерін жеке тәртіппен қолдану құқығы берілді.
Қарыз алушының қаржылық жағдайын талдауды жүргізген және қарыз алушының төлем жасау қабілеттілігін айқындаған кезде банктер үшінші тұлғалардың, оның ішінде қоса қарыз алушының, кепілгердің қарыз шарты, кепіл шарты бойынша кірістерін есепке алмайды, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар және әлеуметтік төлемдер кіріс ретінде танылмайды.
Банктің балансында есепте тұрған жалғыз баспанасын қарыз алушының меншігіне қайтару мақсатында қаржы институттарына қарыз алушының жылдық 3% сыйақы мөлшерлемесі бойынша қаржыландыруды жүзеге асыру не оған кейіннен сатып алу мүмкіндігімен тұрғын үйді жалға беру құқығы ұсынылады.
2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ХӘОТ санатына жататын және жалғыз баспанасы банктің балансында тұрған 1 350 қарыз алушыға 11,9 млрд теңге сомаға қосымша көмек көрсетілді.
Банктердің шығыстарын өтеу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 44,6 млрд теңге бөлді.
Ипотекалық қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету мерзімі 2021 жылғы 1 шілдеге дейін деп белгіленді. Шамамен 8 мың қарыз алушыға қолдау көрсетіледі деп жоспарлануда.