Жаңалықтар

Қазақстандықтар 2020 жылы 75,3 миллиард теңге әлеуметтік көмек алды

936,2 мың адамға тағайындалды

2020 жылдың қорытындысы бойынша 184,7 мың отбасындағы 936,2 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) тағайындалды. Бұл мақсатқа бюджеттен 75,3 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен азаматтарға тағайындалады.

Бұдан басқа, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен (бұдан әрі – әлеуметтік топтама) қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде.

2020 жылдың қорытындысы бойынша АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 218,2 мың бала азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама алды.

Естеріңізге сала кетейік, 119,7 мың отбасындағы 614,3 мыңнан астам қазақстандыққа 2020 жылғы IV тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мемлекеттік инстанцияға жүгінбей-ақ автоматты түрде ұзартылды.

АӘК алушыларға бұдан бұрын, II және III тоқсанда ТЖ режимі мен карантиндік шектеу шараларының қолданылуына байланысты көмек тағайындау ұзартылған болатын.

Сонымен қатар, аталған практика 2021 жылғы 1 тоқсанда барлық АӘК алушыларға қолданылды, бұл шаралар халық арасында вирустық инфекцияның таралу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.