2020 жылы пандемия салдарынан дүние жүзіндегі халықтың табысы 3,7 трлн долларға немесе 8%-ға азайды. Жалпы жұмыссыздық 6,5%-ға дейін өсті. БҰҰ Халықаралық еңбек ұйымы (ILO) сарапшыларының пікірінше, жұмыс уақытының пандемияға дейінгі көлемін қалпына келтіру үшін бірнеше жыл қажет. 2021 жылы да көптеген елде жұмыс орындары тапшы болып, қызметкерлер қысқаруы мүмкін.
Халықаралық еңбек ұйымы жақында жұмыспен қамтудың жай-күйі жайындағы кезекті баяндамасын жариялады. Онда пандемияның еңбек нарығына қаншалықты әсер еткені туралы айтылады. Мамандардың сараптауынша, әлемдік еңбек табысы $3,7 триллионға төмендеген, бұл – ЖІӨ-нің 4,4%-на тең.
Халықаралық стандарттарға сәйкес, ILO жұмыс уақытының қысқаруын екі фактордың жиынтығы ретінде қарастырады: жұмыссыздық (адамдар жұмысынан айрылып, басқасын іздемей, әрекетсіз жүрген кезең) және кірісі азайып, жұмыс уақытының қысқаруы. Жоғалған «жұмыс уақытының» жалпы көрсеткіші толық жұмыс күндерге тең санға ауыстырылады. Сонымен, 2020 жылы 255 миллион жұмыс орны жабылған, бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 8,8%-ға көп. Олардың 45%-ы, яғни 114 млиллионы жұмыстан толық айырылып, бекер жүргендер. Ал 55%-ы – жұмыс уақыты мен кірісі қысқарғандар.
Жалпы көрсеткіште әр аймақтағы жұмыссыздық үлесі әртүрлі. Мәселен, Оңтүстік және Солтүстік Америкада 2020 жылы жұмыс уақыты 13,7%-ға азайған. Соның ішінде нақты жұмыссыздар саны 2,7 пайызды құраса, 4,7 пайызының жұмыс сағаты қысқарған, ал 6,3 пайызы – әрекет етпей жүргендер.
Орталық Азияда былтыр жұмыс сағатының қысқаруы 9,2%-ды құрады. Соның ішінде 7%-ының жұмыс сағаты қысқарса, тек 0,6 пайызы – жұмыссыздар.
Халықаралық еңбек ұйымының сарапшылары 2021 жылы еңбек нарығы 3 сценарий болйынша дамуы мүмкін деп болжайды. Қалай болғанда да, жұмыс уақыты қысқарады, бұл жерде тек шығын қаншалықты қомақты болады деген сұрақ туындап тұр.
Негізгі нұсқада 2021 жылы жұмыс уақытының қысқаруы 90 млн жұмыс орнына тең болуы мүмкін, бұл 2019 жылдың төртінші тоқсанының 3%-ын құрайды. Шығын көлемі көптеген елдер 2021 жылдың бірінші тоқсанында қатаң оқшаулау шараларын ұстанатына байланысты болуы мүмкін. Тек жазда қалпына келе бастайды.
Оптимистік болжам бойынша, жұмыс уақыты тек 1,3%-ға немесе 36 миллион жұмыс орнына қысқармақ. Бұл нұсқа коронавируспен күрес сәтті жүріп, шектеу шараларын тез алынып тасталса ғана жүзеге асады.
Ең пессимистік нұсқада жұмыс уақыты тапшылығы 4,6%-ды немесе 130 млн жұмыс орынын құрайды. ILO сарапшылары мұндай сценарийді әлемдік экономиканың қалпына келу қарқыны өте баяу жүруімен байланыстырады.
«Қатаң карантин шараларына байланысты АҚШ, Еуропа және Орталық Азияда жұмыс уақытын жоғалту өзге аймақтармен салыстырғанда екі есе жоғары болады деген болжам жасалып отыр. Қазір 2021 жылдың екінші жартысында экономикалық белсенділіктің қалпына келуі мүмкін екенін көрсететін белгілер бар. Алайда өңірлер бойында экономиканың аяққа тұруы біркелкі жүрмейді, бұл елдер арасындағы теңсіздіктің күшеюіне әкеледі» делінген ILO баяндамасында.
Бұған дейін Kursiv.kz карантин кезеңінде жұмыссыз қалған қазақстандықтар Қазақстандағыдағы ресми жұмыссыздық статистикасына енбегенін жазған. 2020 жылдың екінші тоқсанында бұл көрсеткіш 2018 жылдың аяғындағыдай 4,8% (440 мыңнан астам адам) деңгейде қалды. Ал бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов наурыз-сәуір айларында 4,2 млн азамат жұмыссыз қалғанын айтқан болатын.