Вице-министр отандық вакцинаны алғашқылардың бірі болып салдырады. «QazCovid-in» қолданысқа қашан енеді?

Жарияланды
Отандық вакцина 2 млн доза көлемінде өндірілмек

Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов ақпан айынан бастап халықты кезең-кезеңімен вакцинациялау басталатынын айтты. Алғашқы кезекте медицина қызметкерлері, әсіресе жұқпалы аурулар ауруханаларының, жедел медициналық жәрдемнің, сондай-ақ басқа да бейіндегі қызметкерлерге салынбақ. 

Ал педагогтар мен күш құрылымдарының қызметкерлері наурыз айында, студенттер сәуірден бастап, мамыр айында вакцина көлемінің жеткілікті болуына қарай халықтың қалған контингенті қамтылады. 

«КВИ қарсы вакцинациялау 6 млн. адамды қамти отырып, ағымдағы жылдың соңына дейін жалғасады. Вакцинациялауға профилактикалық егуге қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар жіберіледі» деді Шоранов.

Оның айтуынша, вакцинация жүргізер алдында дене температурасы өлшенеді, эпидемиологиялық анамнезді жинау, сатурацияны, жүрек жиырылуының жиілігін, артериялық қысымды өлшеу, тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйесін аускультациялау және жұтқыншақты тексеру шаралары жасалады. Егер температура 37°C-тан асса, вакцинация кейінге қалдырылады.

Вакцинацияланатын адам егуді жүргізу алдында жазбаша түрде ерікті ақпараттандырылған келісімге немесе профилактикалық егуді жүргізуден бас тартуға қол қояды.

Қазіргі таңда өндірушіден медициналық ұйымдарға дейінгі жолда вакцинаның сапасын қамтамасыз ету мақсатында өңірлерде тоңазытқыш жабдықтарды сатып алу бойынша шаралар қабылдануда. Министр орынбасарының айтуынша, вакцинаны жеткізу тізбегі 4 кезеңнен тұрады: біріншісі – өндірушіден бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына дейін, содан кейін денсаулық сақтау басқармаларының дәріхана қоймаларына дейін, үшінші кезеңде – вакцина аудандар мен қалалардың медициналық ұйымдарына жеткізіледі, ал төртінші кезең тікелей вакцинация пункттерінде сақтауға қатысты. 

Вакцинация екі кезеңмен жүргізілмек. Алдымен I компонентпен 0,5 мл дозада және 21 күннен кейін – II компонентпен 0,5 мл дозада бұлшық етке егіледі. Қолданар алдында вакцинасы бар құтыны өздігінен бұзылатын бір рет қолданылатын шприцті пайдалана отырып, толық ерігенге дейін бөлме температурасында сақтайды.

Сонымен қатар елімізге ресейлік вакцина да әкелінеді. Спутник V вакцинасы 20 мың доза көлемінде ақпан айының басында жеткізіледі. Аталған партияны Қазақстан Республикасы аумағына бір реттік әкелу арқылы жеткізуге Ресей тарапымен тиісті келісімдер жасалған. 

«15 ақпаннан бастап Қарағанды фармацевтикалық кешені өндірісінің «Спутник V» вакцинасы тіркеледі. Қазіргі кезде 90 мың доза көлеміндегі бірінші партияның өндірісі басталды, ол 26 ақпаннан бастап бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына және одан әрі өңірлерге жөнелтіледі. Кейіннен шілде айына дейін өндіріс көлемі 2 млн дозаға дейін жеткізілетін болады» деді бірінші вице-министр.

Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл вакцинаның тиімділігі шамамен 92 пайызды құрайды. Ал отандық QazCovid-іn вакцинасы бірінші кезеңде шамамен 2 млн доза көлемінде өндіру жоспарланған. 

«Вакцина белсендірілмеген вирус пен зиянсыз адъювантқа негізделген, бұл технология уақытпен тексерілген және А гепатитіне, менингококк инфекциясына, тұмауға, іш сүзегіне, кене энцефалитіне және т.б. қарсы бұрыннан пайдаланылып жүрген вакциналарды өндіруде қолданылады. QazCovid-in вакцинасын COVID-19-ға қарсы клиникалық зерттеудің I және II фазаларының нәтижелері жақсы әрі қауіпсіз екедігін көрсетті. Кейбір жағдайларда вакцина енгізілген жерде қызару, аздап күйдіру, шаншу байқалды, бұл ағзаның иммундық жүйесінің енгізілген вакцинаға реакциясы болып табылады. Бұл белгілер зерттеу хаттамасында күтілетін құбылыс ретінде қарастырылған» деді Шоранов.

Спикердің атап өтуінше, «SARS-CoV-2» вирусына қарсы вакцинаның жоғары иммуногендік белсенділігі орнатылған. Ол екі рет вакцина алғаннан кейін анық көрінеді және тиімділігі 96 пайызды құрайды.

11 қаңтарда клиникалық зерттеулердің ІІІ кезеңі аясында вакцина 3000 еріктіге егілді. Қазіргі уақытта зерттеуге қатысушыларға динамикалық бақылау жүргізілуде.

Вакцинациядан қорғаныс әсері бірінші доза егілгеннен кейін 12 күн өткен соң біліне бастайды, бірақ толық қорғауды қамтамасыз ету үшін екі доза алу қажет, оларды 19-дан 23 күнге дейінгі аралықпен егу ұсынылады. Вакцина 40-тан 50 күнге дейінгі зерттеулерге сәйкес ағзаның иммундық реакциясын тудырады екен. 

Вице-министр вакцинацияның электронды паспортына қатысты да сауалға жауап берді. 

«Барлық ақпарат, операция, процедуралар ақпараттық жүйеге енгізіледі. Ақпарат тек медицина қызметкерлеріне ғана емес, жалпы халыққа қолжетімді болады. Оны m-gov мобильді қосымшасы, QR-код арқылы білуге болады. Вакцинация өткізу туралы деректер министрліктің орталықтандырылған ақпараттық жүйесінде электрондық форматта жүргізіледі. Бұл вакциналанғандардың санын есепке алуға және вакцинация көлемін жоспарлау, сондай-ақ сырқаттанушылықты болжау үшін болашақта халықтың иммундық мәртебесін қадағалауға мүмкіндік береді. Ал паспорт болмаған жағдайда, ұшаққа отырғызбау және тағы басқа шектеулер қарастырылмаған» деді вице-министрі өз жауабында.

Министрлік жоспарынша, жыл соңына дейін 6 млн-ға жуық қазақстандық COVID-19-ға қарсы вакцинаны алмақ. «Спутник V» вакцинасын егу ақпан айында басталады. 

«Біз денсаулық сақтау министрлігі ретінде бұл вакциналарды алғашқылардың бірі болып алуға дайынбыз. Ресейлік «Спутник V» және отандық «QazCovid-in» вакциналары Қазақстан аумағында өндіріледі. Біз қоғамға үлгі болуымыз керек, бұл вакциналар қауіпсіз және иммундық реакцияны тудырады. Қиясов мырза мен Ғинаят ханым «Спутник V» вакцинасын алуға өз еркімен шешім қабылдады. Мен вакцинациялау мәселелерімен айналысатындықтан және маған белгілі бір ақпарат қолжетімді болғандықтан, қазақстандық вакцинаның сенімді екенін білемін. Сынақтар аяқталған соң, ол нарықта қолжетімді болған кезде, мен алғашқылардың қатарында екпе аламын» деді бірінші вице-министр.
 

Сондай-ақ оқыңыз