Елімізде жаңа қаржылық мониторинг агенттігі құрылды. Президент жарлығында жаңа мекеменің Қазақстан Республикасының президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган екені айтылады.
Жаңа агенттікке қылмыстық жолмен табылған табысты жекешелендірумен күресу міндеті жүктеліп отыр. Жаңа орган терроризмді қаржыландырудың да жолын кеспек. Сондай-ақ экономикалық және қаржылық қылмыс пен құқық бұзушылықтар бойынша да тексеру, зерттеу жүргізуге құқылы. Дәл осы міндеттер бойынша қаржы министрлігінің кейбір өкілеттілігі жаңа агенттікке беріліп отыр.
Президент жарлығымен жаңа агенттіктің басшысы болып Жанат Элиманов тағайындалған. Ол осыған дейін қаржы министрлігі қаржылық мониторинг комитетінің басшысы болып жұмыс істеген.
Президент 26 қаңтар күні өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында экономикалық қылмыспен күресетін агенттік құруды ұсынған еді.
«Бұл шешім қабылдаудың дербестігін арттырады және мүдделер қақтығысын жояды. Бұл бөлім үкіметпен және басқа органдармен бірге көлеңкелі экономикаға қарсы іс-шараларды жүзеге асыра бастауы керек. 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 15% -дан аспауы керек. Бұл өте маңызды міндет» деген еді президент.
Кейінірек мемлекет басшысы аталған агенттік басшысын жеке қабылдады. Жанат Элиманов жаңадан құрылған қаржылық мониторинг агенттігінің алдағы жоспарлары, жақында таратылған қаржы мониторингі комитетінің 2020 жылы атқарған жұмыстарының қорытындылары туралы баяндаған.
«Президентке Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ шеңберінде Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (FATF) нормаларын іске асыруды өзара бағалаудың екінші кезеңін өткізуге дайындық барысы туралы ақпарат берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жанат Элимановқа көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты күшейтуді, бұл ретте бизнесін адал істеп отырған кәсіпкерлердің мүддесін қорғауды және олардың жұмысына жөнсіз араласуға жол бермеуді тапсырды» делінген Ақорда сайтында.
Жаңа агенттік құру арқылы мемлекет көлеңкелі экономикамен күресуге шындап кіріскен сыңайлы. Былтыр қыркүйек айында премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов заңсыз сауданың жолын кесу жұмысының қарқынды жүріп жатқанын айтқан.
«Осыған дейін эксперттік бағалау бойынша көлеңкелі экономиканың ЖІӨ-дегі үлесі 40 пайыз деңгейінде болса, ол қазір аталған пайыздың үштен біріне дейін төмендеді. Ресми статистика бойынша біздегі көлеңкелі экономиканың үлесі 23,7 пайыз» деген еді.