Жаңалықтар

ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасы және экотуризм. Талғар қаласы туралы не білеміз?

Алматы іргесінде жатқан шағын қаланың тыныс-тіршілігі

1959 жылы Софийская стансасы Талғар қаласы болып қайта құрылады. Талғар –  Алматыдан 25 шақырым жерде орналасқан, аудандық маңызы бар қала. Бұл аймақта ЮНЕСКО-ның  дүниежүзілік мұра тізіміне еніп, мәдени-тарихи жәдігер ретінде қорғалатын, Ұлы Жібек Жолы кезеңінен кел жатқан Талхиз қаласы жатыр. «Курсив» пен «Шеврон» компаниясы бірлесе қолға алған «Нағыз Қазақстан» жобасы аясында елдің әр аймағындағы қалалар мен олардың тыныс-тіршілігі жайлы әңгімемізді жалғастырамыз. 

Қазақстандықтар ежелгі Талхиз қалашығы туралы 2016 жылы, қоғам белсенділері «Алматы облысында орналасқан дүниежүзілік мұра жойылып бара жатыр» деп  БАҚ бетіне  дабыл қаққан кезде  кеңінен білді. Сол кезде VIII-XIV ғасырларға жататын  көне қалашық үстінен «Ақ бұлақ» тау шаңғысы курортына қарай автомобиль жолы салына бастаған. Ал  Талхиз қалашығы 2014 жылы БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі мамандандырылған мекемесі – ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұрасы қатарына енген еді.

«Мәдени астанадан»  25 шақырым жерге жатқан дүниежүзілік мұра

Сергей Куратов бастаған құқық қорғаушылар құрылыс жұмыстарын тоқтата алғанымен, сол кезде қалашықтың оңтүстік бөлігі толығымен жойылып кеткен-тұғын.  Одан кейін  де Талхиз қалашығы аумағында мал емін-еркін жайылып, тарихи-мәдени мұраның   жойылып кетуіне елеулі қауіп төндірді. Қалашық аумағы тек 2019 жылы қоршалды. 

vsemirnoe-nasledie-yunesko-i-ekoturizm.-chto-my-znaem-pro-gorod-talgar_1.jpgҚар астында жатқан көне қала  Фото: Жанна Байтелова 

Талхиз қаласы туралы мектептің Қазақстан тарихы  оқулығында айтылады. Қалашық орналасқан аймақты жергілікті тұрғындар, неге екені белгісіз, «Маракан» деп атайды. Талхиз қаласы 2014 жылы Ұлы Жібек жолы бойындағы Чанъань-Тянь-Шань дәлізінде  орналасқан көне қоныстың бірі ретінде ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасы тізіміне енген. Бұл жерде экскурсия өткізілмейді,  қоршауында құлып тұр. 

Сәулетші Зенковтың тарихи қолтаңбасы 

Талғарда 1900 жылы сәулетші Андрей Зенковтың жобасы бойынша салынған әулие Николь ғибадатханасы сақталған. Бұл –  Жетісу аймағындағы көне шіркеудің бірі. Алматыдағы шіркеу де осы сызба  негізінде салынған. 

vsemirnoe-nasledie-yunesko-i-ekoturizm.-chto-my-znaem-pro-gorod-talgar_2.jpgӘулие Николь шіркеуі. Фото: Жана Байтелова 

 Отызыншы жылдары, Кеңес өкіметі кезінде шіркеудің  күмбездері алынып тасталып, керек-жарағы жоғалып, бір бөлігі клуб фойесіне айналса да,  ғибадатхана әлі күнге жұмыс істеп тұр. Ғибадатхана ғимараты кейбір жылдары көкөніс қоймасы ретінде пайдаланылса,  кейінірек кинотеатрға айналды. 1995 жылы шіркеу келушілерге есігін қайта ашты. 

Алматы қорығындағы экобағыттар 

Талғарда 1931 жылы құрылған Алматы қорығы орналасқан. Алғашында бұл жерде  жалпы аумағы 13 мың гектарды құрайтын  Кіші Алматы қорығы болған. 1951 жылдары жабылып қалып, тек 10 жылдан соң қайта ашылды. Тянь-Шаньның орталық бөлігіндегі Іле Алатауының солтүстік баурайында орналасқан қорық аумағы 71 700 гектардан астам жерді алып жатыр.

vsemirnoe-nasledie-yunesko-i-ekoturizm.-chto-my-znaem-pro-gorod-talgar_3.jpgФото: Салтөре Сапарбаев

Бұл қорықта көптеген сирек кездесетін ағаш өседі.  Мәселен, Сиверс алма ағашы және Шренк шыршасы. Қорық фаунасының арасында Қызыл кітапқа енген жануарлар, құс пен көбелек, жәндік көп. Бұл аймақты Тянь-Шань қоңыр ақ құйрықты аюы, Түркістан сілеусіні, қар барысы, сусар, бүркіт, сақалтай, орақтұмсық, құмай және басқалары мекендейді.

Қорықта 1967  жылы қарашада ашылған Табиғат мұражайы  жұмыс істейді. Ол Талғардың «Мелиоратор» шағын ауданынан жоғары орналасқан. Мұражайда 3 мыңнан астам жәдігер жинақталған. 

Билет бағасы: ересектерге – 250 теңге, балаларға – 100 теңге.

vsemirnoe-nasledie-yunesko-i-ekoturizm.-chto-my-znaem-pro-gorod-talgar_4.jpg

Экологиялық білім бөлімінің басшысы  Жанерке Биғазинова қорықта үш экобағыт бойынша экскурсия жүргізілетінін айтып өтті. Олар кене азайған соң, маусым айында басталады. «Оңтүстік Талғар» экобағытының ұзындығы – 10,5 км, экскурсия келген кісілерге байланысты 3 сағаттан 8 сағатқа дейін созылуы мүмкін. 

«Солтүстік Талғар» экобағыты Солтүстік Талғар шатқалындағы көптеген  көпір мен жартас арқылы өтеді. Ұзындығы 6,5 км болатын бағытты жүріп өту үшін әдетте 3-7 сағат керек.

«Есік» экобағыты – Іле Алатауының ең көркем шатқалдарының бірі. Есік шатқалынан өзі аттас көлге дейін жетеді. Экскурсия құны қазақстандықтар үшін – 1200 теңге, шетелдіктер үшін – 1550 теңге,  оған қоса экопостқа 250 теңге төлем төленеді. 
 

vsemirnoe-nasledie-yunesko-i-ekoturizm.-chto-my-znaem-pro-gorod-talgar_5.jpgФото: Салтөре Сапарбаев

Алайда бұл экскурсияға қызығушылық танытқанның бәрі бара алмайды.

«Көптеге кісілер кіруге рұқсат бермегенімізге ренжіп жатады. Бұл қорық аймағы болғандықтан, жылына келетін адам саны 1200- аспауы тиіс деген шектеу бар» дейді Жанерке Биғзинова.

135 жылдан бері спирт шығарып келеді 

Талғар қаласында Қазақстанның бұрыннан келе жатқан кәсіпорынның бірі – этиль спиртін шығаратын зауыт орналасқан. 1886 жылы көпес Никита Пугосов осы зауыттың негізін қалайды. «Талғар Спирт» ЖШС  – әлі күнге дейін толық өндірістік қуатымен жұмыс істеп келе жатқан санаулы кәсіпорынның бірі. Зауытта 164 адам қызмет етеді, өндірістік қуаты – жылына 860 мың декалирт. 

 vsemirnoe-nasledie-yunesko-i-ekoturizm.-chto-my-znaem-pro-gorod-talgar_6.jpgФото «Талғар Спирт» ЖШС мұрағатынан

«Талғар спирт» ЖШС директоры Сергей Налейкиннің айтуынша, өнім Қазақстан Республикасының барлық аймақтарында, ішкі нарықта сатылады.

«Негізгі сатып алушылар  – фармакологиялық компаниялар, алкоголь өндірушілері, медициналық мекемелер» дейді ол. Спирт өндірісіндегі ілеспе улы өнімдер – төп, көмірқышқыл газы, эфироальдегид фракциясы да өткізіледі. 

vsemirnoe-nasledie-yunesko-i-ekoturizm.-chto-my-znaem-pro-gorod-talgar_7.jpgФото «Талғар Спирт» ЖШС мұрағатынан

Бертінде салынған бес қабатты үйлер мен кәсіпорын орналасқан аудан «Спиртзавод» деп аталып кеткен. 

Талғар трикотажын көрдіңіз бе?

Қаладағы «Талғар трикотаж комбинаты» ЖШС бертінге дейін жұмыс істеді. Ол бұған дейін Алматы трикотаж өндірістік бірлестігінің Ф.Дзержинский атындағы  №2 филиалы болған. Бұл комбинаттың негізі 1960 жылы 25 маусымда қаланған. «Талғар трикотаж комбинаты» ЖШС-ның кейінгі тағдыры, не болғаны белгісіз.  Қала әкімдігі кәсіпорын банкротқа ұшыраған дейді.  Комбинаттан тек үлкен төрт қабатты ғимарат қалған. Әлі күнге қала базарларында «Талғар трикотажы» деген атпен мата-тоқыма өнімдері сатылып жатады, сатушылардың айтуынша, бұл – комбинаттың емес, сол комбинат ғимаратында орналасқан бірді-екілі цех шығарған өнімі. 

vsemirnoe-nasledie-yunesko-i-ekoturizm.-chto-my-znaem-pro-gorod-talgar_8.jpg4 қабатты үй – комбинаттың қараусыз қалған ғимараты. Ашық дереккөзден алынған фотосурет

Айтпақшы, киім-кешек тігу жайлы тағы айта кетсек. Ерлер костюмі мен мектеп формасын тігетін «Glasman» ЖШС да Талғардан шыққан. Тоқыма кәсіпорны қалада 2008 жылы ашылды.

Қаланың бір кездердегі негізгі кәсіпорындары  

Өнеркәсіптік өндірістің тағы бір «ардагері» – Талғар эксперименттік құю-механикалық зауыты (ТЭЛМЗ). Ол қаладағы негізі кәсіпорындардың бірі, негізгі өндірістен бөлек, көпқабаттты  үй де салған. 
 

vsemirnoe-nasledie-yunesko-i-ekoturizm.-chto-my-znaem-pro-gorod-talgar_9.jpgФото зауыт мұрағатынан

Сонау 1967 жылы құрылыс техникасын жөндеу шеберханасы (РТС) құрылған. Келесі жылы осы жөндеу шеберханасының негізінде «ҚазКСР СоюзИлиВодстройдың» Талғар Жөндеу-механикалық зауыты (ТРМЗ) ұйымдастырылды. Зауыт жол-құрылыс техникасын жөндеу және металл конструкциялары, мелиорация және су шаруашылығы жүйесіне арналған жабдық шығарумен айналысты. 1972 жылы шойын, болат және түрлі-түсті металл құю өндірісін тәжірибелік игеру жоспарлануына  байланысты ТРМЗ кеңейтіліп, Талғар эксперименттік құю-механикалық зауыты (ТЭЛМЗ) болып қайта құрылды. 1982 жылдан бастап зауыт халық тұтынатын тауар шығаруды қарқынды түрде  игере бастады. Өнім желісі кеңейе түсті, ал 1987 жылы Мәскеуде өткен  КСРО халық шаруашылығының жетістіктері көрмесіндегі Бүкілодақтық  байқауда екінші орын алды.

vsemirnoe-nasledie-yunesko-i-ekoturizm.-chto-my-znaem-pro-gorod-talgar_10.jpg

vsemirnoe-nasledie-yunesko-i-ekoturizm.-chto-my-znaem-pro-gorod-talgar_11.jpgТұрмыстық тауарлар. Зауыт мұрағатынан алынған сурет

90-жылдары зауыт мемлекеттік акционерлік қоғамға айналды және Қытайға жөнелтілетін су тарту құрылғыларын өндіру жөніндегі халықаралық тендерді жеңіп алды. 1997 жылы зауыт «Ремстройтехника» өндірістік бірлестігінің қарамағынан шығып, «ТЭЛМЗ» ашық  акционерлік қоғамы болып құрылды.

Кейін академик Альберт Болотов пен техника ғылымдарының кандидаты Валентин Низовкиннің басшылығымен Алматы энергетикалық институт зертханасымен бірлесіп, әлемдік нарықта баламасы жоқ виндроторлы БОНИ-ШХВ жел агрегаттарын шығара бастады.

2000-жылдардан бастап ТЭЛМЗ ҚТЖ мен «АЛМАТЫСПЕЦАВТОМАТИКА» тапсырысымен өнім шығара бастады.

Сіз Талғарда жасалған лифтіге мінген де шығарсыз… 

2019 жылдың соңында Талғарда LGS сауда маркасымен LGS Kazakhstan Elevator Group лифт пен эскалатор зауыты іске қосылды. Компания банктен проблемалық нысан – ауыр жүк машиналарына арналған тұрағы бар өндірістік базаны сатып алды да, соның негізінде зауыт салды.

«Зауыт орналасқан аймақ Алматыға жақын болғандықтан таңдалды. Қазіргі кезде жергілікті атқарушы билік тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр, бизнесті дамытуға  еш кедергі жоқ. Өкінішке қарай пандемия мен бірқатар өзге де себепке байланысты қазір эскалатор шығаратын цех жұмыс істеп тұрған жоқ» деді Қазақстан лифтшілер қауымдастығының президенті Ержан Игібаев.

Лифт  пен эскалаторлардан бөлек, LGS мүгедектер арбасына арналған арнайы лифт шығарады. Сонымен қатар, биыл зауыт базасында Талғар политехникалық колледжінің студенттеріне арналып электромеханик пен электр монтаждаушыларды оқыту шеберханасы ашылды. Осы саладағы мамандардың орташа жасы – 45-50 жас екенін ескерсек, мамандықтың болашағы зор.

Талғарда лифт зауытынан бөлек, бәріне белгілі ZETA кәсіпорны орналасқан. Өндіріс 2010 жылы Алматыдан Талғарға көшірілді. Зауыт пен цехта 700 адам жұмыс істейді, сондықтан компания – Талғардағы ең ірі компаниялардың бірі. 

«ZETA» ҚҚП  бас директоры Мақсұт  Омарбаевтың айтуынша, алғашқы жылы компания Талғар бюджетіне 65 млн теңге салық төлесе, қазір бұл сома 1 млрд теңгеден асады.
 

Подробнее: https://kursiv.kz/news/kursiv-guide/2021-01/vsemirnoe-nasledie-yunesko-i-ekoturizm-chto-my-znaem-pro-gorod-talgar
Копирование возможно только при ссылке на Kursiv.kz. Все права защищены.