БЖЗҚ-ға 4 мыңнан астам өтінім түсті
2021 жылғы 28 қаңтарда «БЖЗҚ» АҚ-ға «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ уәкілетті операторынан жалпы сомасы шамамен 103,1 млрд теңгеге 4 426 өтінім келіп түсті. Бұл туралы БЖЗҚ АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы сомасы 17,2 млрд теңгеден астам 3 151 өтінім (немесе 71%) өңдеуге қабылданды. Бұл сома кейінгі 5 жұмыс күні ішінде салымшылардың «Отбасы банкі» АҚ-дағы арнайы шоттарына аударылатын болады. Аударымның орташа сомасы 5,45 млн теңгені құрайды.
1 275 өтінімді (29%) БЖЗҚ заңнама талаптарына сәйкес келмегендіктен қабылдамады.
«Қазақстан Халық Банкі» АҚ-дан да өтінімдер қабылдау басталды. 2021 жылғы 28 қаңтарда осы уәкілетті оператордан 16,64 млн теңге сомасына 2 өтінім келіп түсті, оның ішінде 8,3 млн теңге сомасына бір өтінім өңдеуге қабылданды, екінші өтінім қайталап берілгендіктен қабылданбады.
25-28 қаңтарда, яғни БЖЗҚ-ға уәкілетті операторлардан түскен өтінімдерді қарау басталған төрт жұмыс күні ішінде келіп түскен барлық өтінімдер сол күні-ақ кідіріссіз қаралды. Бұл ретте төлемдерді жүзеге асыру үшін жалпы сомасы 168,2 млрд теңгеге жуық 30 391 өтінім жұмысқа қабылданды. Өтінімнің орташа сомасы шамамен 5,5 млн теңгені құрайды.
Осы күндерге жасалған талдау көрсеткендей, өтінімдерді қабылдамаудың негізгі себебі (86% – дан астам) өтініште көрсетілген сұратылып отырған сома зейнетақы жинақтарының алуға қолжетімді сомасынан асып кетуі болып табылады. Бас тартудың 13%-дан астамы сұралып отырған соманың өңдеуге қабылданған өтініштерді ескере отырып, зейнетақы жинақтарының алу үшін қолжетімді сомасынан асып кетуімен байланысты, бұл осы өтініштердің қайта берілгендігін білдіреді. Кейбір өтінімдерді БЖЗҚ-да жинақтары жоқ адамдар немесе біржолғы зейнетақы төлемін алуға құқығы жоқ салымшылар берген.
Қандай да бір себеппен (толтыру кезіндегі қателер, дұрыс көрсетілмеген сомалар, төлеуге қолжетімді соманың өзгеруі және т. б.) біржолғы зейнетақы төлемін алуға арналған өтінімін қанағаттандырудан бас тартылған салымшылар бас тарту себебін жойып, уәкілетті операторға қайтадан өтінім беруге болады.
Салымшы өз жинақтарын әртүрлі мақсаттарға пайдаланғысы келсе, онда алуға болатын сома шегінде осы мақсаттарға жеке өтінімдер беруге болатынын тағы да естеріңізге сала кетуді жөн көрдік.
Біздің салымшыларымыздың зейнетақы жинақтары туралы мәліметтердің құпиялылығы туралы алаңдауларына негіз жоқ, олар «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының талаптарына сәйкес салымшының өзіне ғана беріледі.
Қолжетімді сома туралы ақпаратты enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен немесе Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мобильді қосымшасы арқылы уәкілеті операторға біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға тікелей өтінім берер алдында мұқият тексеруге кеңес береміз. Салымшының БЖЗҚ-да жеткіліктілік шегінен асатын сомасы болған жағдайда, оны пайдалануға өтінім шексіз рет берілуі мүмкін.
Азаматтардың өтінім беруге және зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу үшін нысаналы пайдалану шарттарына байланысты барлық мәселелерін уәкілетті оператор «бір терезе» қағидаты бойынша қарайды және БЖЗҚ-ға жеке өтініш беру талап етілмейді.