Вице-министр вакцина салдырғаннан кейінгі жағдайын айтты
Бүгін, 1 ақпан күні денсаулық сақтау министрінің екі орынбасары өздеріне ресейлік «Спутник V» вакциналарын салдырды. Ведомство өкілдері екпеден кейінгі әсерлерімен де бөлісті.
«Ешқандай жайсыздық сезінбеймін. Әуелі науқас тексеріліп, анамнез алынады. Температура, қан қысымы өлшеніп, жұтқыншақты қарайды. Осыдан кейін ғана екпеге жіберіледі. Науқас өз еркімен келіскен жағдайда қол қояды. Егер ол барлық процедураға келісім берсе онда екінші рет келуі керек. Өйткені вакцинация екі кезеңнен тұрады. Екінші дозасы 21-күнде салынады» деді бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов.
Вице-министрдің айтуынша вакцинациядан кейін қолайсыз реакция пайда болған жағдайда өндіруші мен медициналық мекеме жауапкершілікті мойнына алады.
«Барлық жауапкершілік қарастырылады. Әрине, денсаулық сақтау министрлігі әр жағдайды жеке қарайды. Әрбір өңірлік денсаулық сақтау басқармасы жанынан арнайы комиссия құрылады» деді Қиясов.
Бас санитар дәрігердің айтуынша, науқас вакцинацияның екінші кезеңіне дейін карантинде болуға міндетті емес. Дегенмен маска тағу және әлеуметтік қашықтық сақтау талаптары әркез сақталуы тиіс.
«Мен барлық тәртіпті сақтауға тырысамын. Адам вакцина алғаннан кейін де вирус тасымалдаушысы болып қалуы мүмкін. Содан сақтануымыз керек. Ықтималдылық жоғары емес, дегенмен өздеріңізді сақтаңыздар. Вакцина алу арқылы әуелі өзіңізді қорғайсыз. Сіз организмнің инфекциялану мүмкіндігін төмендетіп, аурудың асқынуына жол бермейсіз. Вакцина организмді аурудан қорғап тұрады. Екі компонентті вакцина дозасы 26 доллар тұрады» дейді вице-министр.
Қиясовтың айтуынша, карантин шараларынсыз қалыпты өмірге қайта оралу үшін қазақстандықтардың тең жартысы екпе салдыруы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 1 ақпаннан бастап елімізде ерікті түрде жаппай вакцинациялау басталды. Қарағандыдағы фармацевтикалық кешенге ақпан айында «Спутник V» вакцинасының 112 мың дозасы, наурыз айында 150 мың дозасы, сәуір-маусым аралығында 600 мың дозасы жеткізілмек. Сонымен қатар сәуір айынан бастап отандық QazCovid-in вакцинасы салына бастайды. Екпені алғашқы кезекте медицина қызметкерлері, полиция, әскери қызметкерлер мен мұғалімдер алады.
Сондай-ақ елімізге Pfizer вакцинасы да әкелінбек. Аталған шетелдік вакцина қазақстандықтар үшін жылдың екінші жартысында қолжетімді болады дейді министрлік өкілі.
«Pfizer компаниясымен меморандумға қол қойылды. Қазір талқылау кезеңінде кейбір мәселелер талқыланып жатыр» дейді Ерлан Қиясов.
1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан «қызыл» аймақтан шықты. Ел бойынша Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары «қызыл» аймақта қалып отыр. Қостанай, Қарағанды, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы «сары» аймақта болса, өзге өңірлер «жасыл» аймақта тұр.