Жаңалықтар

БАӘ шетелдіктерге өз азаматтығын бере бастайды. Бұл мүмкіндікті кімдер пайдаланады?

Азаматтық алған шетелдіктер қандай басымдыққа ие болады?

Біріккен Араб Әмірліктері парсы шығанағы елдері ішінде алғаш болып шетелдіктерге азаматтық бере бастайды. WAM мемлекеттік жаңалық агенттігінің жазуынша, әмірліктер шетелдіктердің кей категорияларының азаматтық алуына мүмкіндік беретін заң жобасына түзетулер енгізгіп, қабылдаған. 

Агенттік жазуынша, паспортқа инвестор, ғалым, дәрігер, суретші, өнертапқыштар үміттене алады. Әрине, әрбір адамның өтінішін үкімет жеке қарастырып, шешім қабылдайды. 

«Біз инвесторларға, белгілі бір мамандықтар бойынша таланттарға және кәсіпқойларға, соның ішінде ғалымдарға, дәрігерлерге, инженерлерге, суретшілер мен жазушыларға, сондай-ақ олардың отбасыларына БАӘ азаматтығын беруге мүмкіндік беретін заңға енгізілген түзетулерді қабылдадық. Жаңа жарлық біздің елдің дамуына үлес қосатын талантты адамдарды тартуға бағытталған» деді Біріккен Араб Әмірліктерінің премьер-министрі шейх Мұхаммед Ибн Рашид Аль Мактум өзінің Twitter-дегі парақшасында.

БАӘ азаматтығын алу үшін төмендегі шарттарды орындау керек:

  • Инвестор БАӘ-де жылжымайтын мүлікке ие болуы керек. Ірі беделді халықаралық орган немесе БАӘ экономика министрлігі мақұлдаған бір немесе бірнеше патент алуы тиіс. Сондай-ақ елдің экономика министрлігінен ұсыныс хат алу да маңызды саналады; 
  • Дәрігерлер және өзге де маман иелері ғылыми тәртіппен немесе «БАӘ үшін аса маңызды» бірегей ғылым саласында жұмыс істеуі тиіс. 10 жылдан кем емес тәжірибесі және беделді ұйымның мүшелігі болуы шарт; 
  • Ғалымдардың да 10 жылдан кем емес тәжірибесі, сонымен қатар университетте, зерттеу орталығында немесе жеке секторда «белсенді зерттеумен айналысуы» қажет. Беделді ғылыми марапаттарының болуы, өз зерттеулеріне «үлкен көлемде қаржыландыру» алуы, сондай-ақ БАӘ-де мойындалған ғылыми мекемелердің ұсыныс хаттарын алуы да маңызды саналады; 
  • Шығармашылық мамандық өкілдері мәдениет және өнер саласында жетістікке жеткен, бір немесе бірнеше халықаралық жарыстардың лауреаты болуы қажет. Сондай-ақ олардан өз саласына қатысты мемлекеттік мекемелерден алынған ұсыныс хаттар да талап етіледі. 

БАӘ – парсы шығанағы елдері ішінен шетелдіктерге азаматтық беруді заңдастырып отырған алғашқы ел. Бұрын ондай мүмкіндік тек ішінара жағдайларда, нақтырақ айтсақ мемлекеттік қызметте істеу үшін ғана рұқсат етілген еді. БАӘ үкіметі мақұлдап, сол елдің азаматы атанған шетелдіктер мемлекет тарапынан берілетін ерекше сый-құрметке ие болады. Қазірдің өзінде әмірліктер халқының 80 пайызын өзге ел азаматтары құрайды. 

БАӘ қандай ел?

Бұл елдің территориясы да үлкен емес, халық саны да аз. Есесіне мұнай мен газ қоры орасан. Сарапшылардың айтуынша, елдің табиғи байлығы БАӘ халқын әлі қаншама жыл бойы еркін асырайды. 1950 жылдары БАӘ аумағында небәрі 86 мың адам тұрса, қазір халық саны 10 миллионға таяған. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 38 мың доллар шамасында. Мұндай аса ірі көрсеткішке себеп болып отырған аса үлкен көлемдегі көмірсутек қоры – елде 97,8 млрд баррель мұнай және 6 млн м3 табиғи газ бар. Осы байлықтың 94 пайызы тек қана бір әмірлік территориясында – Әбу-Дабиде, қалған 4 пайызы Дубай территориясында жатыр. 

Әмірліктер экономикасын әртараптандыруға күш салып келеді. Ел экономикасының 85 пайызы мұнай экспортына негізделген. Сонымен қатар елдің басты көзірі туризм саналады. Қазірдің өзінде мұнда әлемдегі ең ірі, сән-салтанаты келіскен қонақүйлер мен орталықтар бар. Аса ірі деңгейдегі құрылыс, жыл сайын аясы кеңейіп келе жатқан өндіріс ел экономикасының әртараптануына мүмкіндік сыйлауда. БАӘ ОПЕК және дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі. 

БАӘ және Қазақстан

Екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 27 жылдан асты. Қазақстан БАӘ-ні парсы шығанағы өңіріндегі басты әріптес деп таниды. 

«27 жылдан астам уақыт ішінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени байланыстар нығайып, өзара тиімді ықпалдастық қалыптасты. Екі ел арасында өзара сенімге негізделген тығыз байланыстардың арқасында жыл сайын жоғары деңгейдегі ресми және жұмыс сапарлармен алмасу жүзеге асады. Әмірліктер еліміздің екіжақты және көпжақты форматтағы барлық бастамаларын қолдайды, Әбу Даби Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің белсенді мүшесі, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің тұрақты қатысушысы болып табылады. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын құру туралы біздің бастамамызды Әмірліктер толық қолдайды. Халықаралық және өңірлік өзекті мәселелердің басым бөлігі бойынша Қазақстан мен Әмірліктердің ұстанымдары бірдей немесе ұқсас. Екі елдің сыртқы істер министрліктері арасында тұрақты түрде саяси консультациялар өткізіледі.
2018 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 490 млн АҚШ долларын құраса, 2019 жылдың қаңтар-қараша аралығында 500 млн АҚШ долларынан асып, алдыңғы жылдың көрсеткішінен шамамен 10 пайызға артық болды. Осы ретте, екіжақты сауда айналымында Қазақстан экспортының үлесі үлкен екенін атап ету керек. Осы уақытқа дейін еліміздің экономикасына Әмірліктерден тартылған тікелей инвестициялар көлемі 2,1 млрд АҚШ  долларынан асты» делінген сыртқы істер министрлігінің хабарламасында. 

2020 жылдың қазан айында екі ел құны 6,1 млрд доллар болатын 21 жобаны жүзеге асыру бойынша инвестициялық құжатқа қол қойды. Инвестициялық жобалар жоғары қосылған құны мен рентабельділігі, сондай-ақ ішкі және перспективалы сыртқы нарықтарда сұраныстың үлкен әлеуеті бар жаңа өндіріс орындарын құруды көздейді. Оларды жүзеге асыру Қазақстанда жаңа сапалы жұмыс орындарын құруға, озық технологиялар мен тәжірибелерді енгізуге мүмкіндік бермек.