Экономика түгел құлдырағанда тек бір сала пандемиядан зардап шеккен жоқ

Жарияланды
Жаһандық ЖІӨ төмендеп кетті

Халықаралық валюта қорының есептеуінше күллі әлемді дүрліктірген коронавирус пандемиясы жаһандық жалпы ішкі өнім көрсеткішін 4,4 пайызға дейін төмендеткен. Қазақстан экономикасы 2,6 пайызға дейін құлдырады. Экономиканың барлық саласы қиындыққа ұшырап жатқан мезетте бағдарынан айырылмаған, сұранысын жоғалтпаған сала – машина құрастыру өнеркәсібі. 

Energyprom.kz мәліметінше, елдегі машина құрастыру көлемі 1,81 трлн теңгеге жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 16,3 пайызға көп.

«Қазақстандық машина құрастыру өсімінің нүктесі – автомобиль өнеркәсібі. Автомобиль саласы барлық машина құрастыру секторының үштен бір бөлігін қамтып отыр. 2016 жыл бұл сала бүкіл сектордың 10 пайызын ғана құрайтын. Құн мәнінде бұл 612,8 млрд теңгеге тең. Осылайша, дағдарыс кезеңінде автоөнеркәсіп Қазақстанның бүкіл экономикасының жаңа драйверіне айналды» деп жазады Energyprom. 

Жалпы, 2020 жылы елімізде 77,4 мың дана көлік құралы құрастырылған. Оның 64,8 мыңы жеңіл автокөліктер болса, 8,2 мыңы жүк көліктері. Екеуінде де жылдық мерзіммен алып қарағанда елеулі өсім байқалады. Өңірлік бөліністе көлік өндіру тұрғысынан Қостанай облысының алдына түсер аймақ жоқ. Аталған облыс бір жылда 35,2 мың автокөлікті нарыққа шығарды. Бұл былтырмен салыстырғанда бір жарым есе жоғары көрсеткіш. Одан кейінгі орындарда Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласы тұр.  

Қазақстанда жаңа өндіріс орындарының құрылуы да сала дамуына серпін береді. Еске салсақ, 2020 жылдың көктемінде Қостанай зауытында Chevrolet автокөлігі құрастырыла бастаса, күзде Алматыда Hyundai автокөліктерін жинайтын зауыт жұмысын бастаған еді. Әрине, көлік саласының шатқаяқтап қалмауына мемлекет те мейлінше көмек жасап отыр. Мемлекет бастамасымен қолға алынған онлайн-сату жүйесі, сондай-ақ төлем қабілетін қолдау мақсатында қолға алынған жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламалары көпшілік қажетіне жарап отыр. 

Осылайша, машина құрастыру саласы тығырықтан шығып қана қойған жоқ, ел экономикасына дем берер елеулі күшке де айналып үлгергендей. Қазақстан автомобиль бизнесі қауымдастығының дерегі бойынша, 2020 жылы өндірушілер таяу шығысқа 8,1 мың автомобиль экспорттаған. Экспортқа елімізде құрастырылған әрбір оныншы автокөлік жөнелтіліпті. Экспорт көлемі 56 млрд теңгені құраған. 

  •  2020 жылы қазақстандықтар 93 мың жаңа автокөлік сатып алды
  • Автоөнеркәсіптің Қазақстан ЖІӨ-дегі үлесі 612,8 млрд теңгені құрады
  • Автомобиль нарығы 24 пайызға өсім көрсетті

Қазақстандық автобизнес қауымдастығының хабарлауынша, 2020 жылы елімізде 22 136 Hyundai, 434 000 Chevrolet және Ravon, 15 848 Lada, 863 000 Kia және 4173 JAC құрастырылған. Сатылымның ең жоғарғы нәтиже көрсеткен кезі төртінші тоқсанда тіркелген. Аталған уақыт мерзімінде 29 465 автөлік сатылған. Алушылар тарапынан Hyundai және Chevrolet көліктеріне деген сұраныс өте жоғары. 

Жалпы, жыл қорытындысы бойынша Hyundai көш бастап тұр. Дилерлер корей көлігінің 17 856 данасын сатса, екінші орында 17 453 дана сатылыммен Lada орналасқан. Ал импортталған көліктер арасында Toyota автокөлігінің шоқтығы биік. Бір жылда елімізге 10 081 жапон көлігі (Toyota) әкелінген. 

Салада шешілуі керек мәселелер де жоқ емес. Қазақстан машина құрастыру одағының төрағасы Мейрам Пішембаевтың айтуынша, тез арада шешімін табуы тиіс жүйелік барьерлер баршылық. 

«Басқа елдерден шикізат пен компоненттерді жеткізушілерге тәуелділік отандық кәсіпорындардың дұрыс жұмыс істемеуіне алып келеді және олардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Біздің ойымызша, аталған проблеманы шешу үшін базалық өндірісті құру және дамыту қажет» дейді одақ басшысы. 

Аталған одақтың басқарма мүшесі Павел Беклемишевтің сөзінше, өзге салалармен салыстырғанда машина құрастыру саласы барынша сергек әрі ілгері. 

«Біріншіден, бұл сала жеткілікті инерциалды. Екіншіден, машина құрастыру өніміне деген сұраныс әрқашан бар. Оның үстіне пандемия дағдарысы кезінде билік те бұл салаға жеткілікті көңіл бөліп жатыр» деді ол. 

Ал «Қайнар АКБ» ЖШС-ның даму жөніндегі директоры Тұрар Жолмағамбетов салада әлі шешімін таппаған күрмеулі түйткілдердің бар екенін растайды. 

«Шикізатпен проблема жиі туындайды. Компаниялар шикізатты Қытайдан сатып алады. Бізге бірінші керек шикізат – бастапқы қорғасын, қорғасын сынықтары. Бастапқы қорғасынның құны соңғы алты айда тоннасына 2000 долларға дейін қымбаттады. Бұған теңгенің әлсізденуі де әсер етті. Бұл өнімнің өзіндік құнына әсер етеді және шетелдік нарықтағы бәсекеге де әсерін тигізеді. Президент кәсіпорынды жеткілікті шикізатпен қамтамасыз етіп тұратын тұрақты механизм керек деген еді. 10 жыл бойы индустриаландыру бағдарламасы жұмыс істеп келеді, оның бір ғана мақсаты бар – шикізаттың максималды түрде дайын өнімге айналуы. Біздің кәсіпорын қорғасынды қайта өңдеумен айналысады. Алайда шикізатты қымбат күйінде сатып алуға мәжбүр болсақ онда үстеме баға қосылған өнімді қайтіп шығарамыз» дейді компания басшысы.
 

 
Сондай-ақ оқыңыз