Бозжыра шатқалында салынатын кешен құрылысының құны – 38,6 млрд теңге
30 қаңтарда primeminister.kz сайтында Маңғыстау облысының 2020 жылғы даму қорытындысы мен алдағы жоспарын қамтыған материал жарық көрді. Бұл мақалада 2024 жылға дейін осы аймақта жүзеге асырылатын 12 туристік жоба тізбектелген. Қарақия ауданында Safari Hotel қонақ үй кешенімен «визит-орталық» салу туристік жобалар тізімінде екінші тұр.
Ал Қарақия ауданында Бозжыра шатқалы орналасқан. Safari Hotel қонақ үй кешені бар «визит-орталықтың» құны – 38,6 млрд теңге. Жобаны 2021 жылдың 4 тоқсанында іске қосу жоспарланған. Оны TETHYS INTERNATIONAL HUB LTD жеке компаниясы салып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, қаңтар айында Маңғыстау облысы әкімдігінің сайтында «Маңғыстау облысы, Қарақия ауданындағы қонақ үй кешенінің» қоршаған ортаға әсерін бағалау жобасы жарияланды. Осы құжатқа сәйкес, қонақ үй кешеніне екі және үш адамға арналған виллалар (кейбір вилланың бассейні бар), мейрамхана, ашық және жабық бассейндер, тікұшақ, бассейні бар СПА, фитнес-орталық, бар, кофехана, тіпті спорттық тауарлар дүкені кіреді.
Tethys International Touristic Hub Ltd жеке компаниясын былтыр 29 қазанда түріктің FTG GAYRİMENKUL YATIRIM TURİZM MADENCİLİK VE İNŞAAT SANAYİ TİCARET ANONİM ŞİRKETİ (FTG) және Қазақстан инвестициялық даму қоры (KIDF) бірлесіп құрған болатын. FTG ең ықпалды түрік кәсіпкерлерінің бірі, Rixos желісінің иесі Феттах Таминжеге тиесілі.
Феттах Таминже Sembol Construction компаниясының негізін қалаған, ал оның компаниясы Бурабай, Алматы мен Нұр-Сұлтандағы Rixos қонақ үйлерін, Astana Expo қазақстандық павильонын, Назарбаев орталығын және халық арасында «Пирамида» аталып кеткен Бейбітшілік және келісім сарайын салған.
Айта кетейік, KIDF 2019 жылдың көктемінде шетелдік инвестицияны тікелей тарта отырып, «серпінді жобаларды» іске асыру үшін құрылған болатын. KIDF тікелей ҚР Үкіметіне бағынады. Ал инвестициялық шешім қабылдайтын директорлар кеңесіне ҚР премьер-министрі, қаржы министрі және сыртқы істер министрі кіреді, қордың ақшалай қаражаты Ұлттық Банк шоттарына жинақталады.
Aktau Tourism City Ltd компаниясын да KIDF пен FTG компаниясы бірлесе отырып, дәл осы жүйе бойынша құрған. Ол Rixos Aktau құрылысына инвестиция салды. Каспий Rixos-қа салынған қаражат – 66,8 млрд теңге, оның 42 млдр теңгесін Aktau Tourism City Ltd Қазақстан даму банкінен 20 жылға жылдық 13% -бен несиеге алды.
2021 жылғы 5 ақпанда «Маңғыстау облысының Қарақия ауданындағы қонақ үй кешені» жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтеді.
Қараша айында Президент Қ.Тоқаев үкіметке Бозжыра шатқалындағы қонақ үй жобасын қайта қарауға тапсырма берген еді. Сол кезде Маңғыстау облысының ерекше қорғалатын табиғи қорығындағы құрылыс қоғам қарсылығын тудырған болатын.
Бозжыра – өңірдегі ең танымал туристік нысан әрі табиғи ескерткіш. Американың Юта штатындағы монумент аңғарына ұқсайтын Бозжыра шатқалы «Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының» құрамына кіреді. Ол 1984 жылы бірегей шөлді кешен және фолара мен фаунаны сақтау мақсатында құрылған.