Жаңалықтар

Салық шегерімі кімге керек?

Uchet.kz негізін қалаушы Максим Барышевтің пікірі

Қазақстанда ипотека  көлемі артып келеді: халық «арзандатылған»  иптека есебінен баспана мәселесін шешуге тырысып жатыр. Алайда сонымен  бірге тұрғын үй бағасы да шарықтап,   адамдардың сатып алу қабілеті төмендеп барады. 

Осы орайда салық шегерімі  – ипотека алғандарға мемлекет берген жап-жақсы бонус болар еді. Ипотека бойынша салық шегерімін алу –  борышкер үшін жеке табыс салығына кететін шығынды нақты қысқарту жолы. Алайда бұл жеңілдікті әзірге Отбасы банкі арқылы  ипотека алғандар ғана пайдалана алады.

Ал үкімет Салық кодексіне жеке тұлғалардың кез келген екінші деңгейдегі банктен алған қарызы бойынша сыйақы сомасы мөлшерінде салық шегерімін пайжалануына мүмкіндік беретін өзгеріс енгізуді екінші рет кейінге қалдырды. Алғашында  бұл жеңілдікті  2020  жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу жоспарланған-тұғын, содан соң тағы бір жылға кейінге қалдырылды. Ал 2020 жылдың желтоқсанында осы  мақсаттағы түзетулер мен өзгерістер  тек 2025 жылдан кейін күшіне енетіні белгілі болды. 

Салық шегерімін жасау негізінде халықтың қолда бар қаржысын тұрғын үй жинақ жүйесіне молынан тарту жатқан жоқ, бұл  – аздаған жеңілдік ретінде мемлекет тарапынан берілетін шағын бонус. Алайда баспаналы болу мақсатында әр тиынын  жинап жүрген жұрт үшін кез келген жеңілдік  – олжа. 

Мәселен Ресейде адамдар кез келген банктен ипотека немесе  белгілі бір жылжымайтын мүлік үшін несие алса, борышкер жұмыс істейтін компаниясынан мүліктік шегерім деген жеңілдік ала алады. Несие сомасы мен  төленген пайызына байланысты олар табыс салығының 13%-ын қайтарып алады. Ал 2020 жылдың желтоқсанында ресейліктер салық төлеушінің жеке кабинетінен өтініш беру арқылы, онлайн режимде ипотекалық салық шегерімін жасай алатыны жарияланды.

Ал Қазақстанда сыйақы бойынша салық шегерімін Қазақстан Республикасының резиденті – жеке тұлғасы өз пайдасына жұмсалған, Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін тұрғын үй құрылысы жинақ банктерінен алынған ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны төлеуге арналған шығыстар бойынша қолдана алады. 

Салық шегерімін алу үшін борышкердің қолында 3 құжат болуы тиіс. Біріншісі –  тұрғын үй құрылысы жинақ банкімен жасалған ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты.  Екінші – сыйақы сомалары бөліп көрсетілген ипотекалық тұрғын үй қарызын өтеу кестесі, үшіншіден сындай қарыз бойынша сыйақының төленгенін растайтын түбіртек. 

Салық шегерімі банктің сыйақы сомасына жасалады және  тұрғын үй ипотекалық несиесін өтеу кестесіне сәйкес, ең соңғы  сыйақы өтеу күні немесе сыйақы төлеу күніне сай салықтық кезеңде қолданылады.

Мәселер борышкер 2021 жылдың қаңтар-ақпан айында төлем кестесіне сай соманы төлесе және төлем кестесі бойынше негізі қарыз сомасы – 100 мың теңге, ал сыйақысы 20 мың теңге болса, онда 2021 жылдың ақпан айы үшін жеке табыс салығын есептегенде, жұмыс беруші қызметкердің салық санылатын табысынан 20 теңгені алып тастайды. Егер қызметкер  банк сыйақысын төлем кестесінде көрсетілген сомодан көбірек төлесе, соған сәйкес салық шегерімі де көбірек болады. 

Айталық бір кісі «Отбасы банкінен» 25 млн теңгеге ипотека рәсімдеп, 30 млн теңге төлейді. Бұл ретте сыйақы шегерімі банк  сыйақысы – 5 млн теңгеден жасалады. Яғни, қарыз алушының шығыны осы соманың 10 пайызы  – 500 мың теңгеге азаяды. 

Ипотека алғандардың бәрі қарызды тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен алмайды. Егер ипотека беретін екінші деңгейлі банктердің  бәріне осындай салықтық шегерім жасауға мүмкіндік берілсе, бұл пандемия кезінде ипотека иелерін мемлекет тарапынан жақсы қолдау болар еді.