«Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшін қаржы ұйымдарына 2020 жылдың қорытындысы бойынша 127,3 млн теңге айыппұл салынды» – А. Терентьев. Бұл туралы fingramota.kz сайты хабарлады.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуы тұрғысынан қаржы ұйымдары жол берген бұзушылықтарға мониторинг өткізіп, талдайды және ықпал ету шараларын және әкімшілік жаза қолданады.
2020 жылы екінші деңгейдегі банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына, коллекторлық агенттіктерге және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға қатысты 127,3 млн теңгеден асатын сомаға 103 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы, 276 жазбаша ұйғарым және 253 әкімшілік жаза қолданылған.
2020 жылы қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзғаны үшін екінші деңгейдегі банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға (бұдан әрі – банктер) қатысты:
– 94 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы;
– 4 жазбаша ұйғарым;
– 75 әкімшілік жаза қолданылды.
Негізі бұзушылықтар клиенттердің банктік қарыздарына және шоттарына қызмет көрсету, ішкі қағидалар мен рәсімдерді сақтамау мәселелері болды. Банктер кредиттік бюроларға клиенттің келісімінсіз мәліметтер берген және клиенттің келісімінсіз кредиттік есеп алған. Сондай-ақ банктер жарнамада лицензиясының нөмірін және оны берген ұйымды көрсетпеген. Кейбір банктер жарнамасында кредит бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін көрсетпеген. Банктерге қатысты қолданылған әкімшілік жазалардың жалпы сомасы 38,8 млн теңге болды.
2020 жылы бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру барысында қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзғаны үшін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына қатысты:
– 9 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы;
– 6 әкімшілік жаза қолданылды.
Сақтандырушының жәбірленушіге көлік құралына келтірілген зиянның мөлшері туралы есеп беру үшін белгіленген мерзімді бұзғаны үшін ұсынымдық қадағалап ден қою шаралары қолданылды. Сақтандырушылар жәбірленушіге көлік құралына келтірілген зиянның мөлшері туралы есеп бермеген, кейде зақымдалған көлік құралын тексерместен зиянның мөлшері туралы есеп жасаған. Кейбір жағдайларда зақымдалған көлік құралын суретке түсіру кезінде масштабты сызғыш қолданылмаған немесе калькуляция Көлік құралына келтірілген зиянның мөлшерін анықтау қағидаларының талаптарына сәйкес келмеген.
Сақтандыру төлемін жүзеге асырмағаны және уақтылы жүзеге асырмағаны, сондай-ақ мемлекеттік бақылау және қадағалау органына анық емес ақпарат бергені үшін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына қатысты шығарылған әкімшілік жазалардың жалпы сомасы 1,8 млн теңгені құрады.
2020 жылы бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру барысында қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзғаны үшін МҚҚЖҰ (микрокредит беру бойынша қызметті жүзеге асыратын микроқаржы ұйымы, кредиттік серіктестік, ломбард) лауазымды тұлғаларының және қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері немесе әрекетсіздігі анықталған кезде:
– 262 жазбаша ұйғарым;
– 165 әкімшілік жаза қолданылды.
Жүргізілген талдау нәтижесі көрсеткендей, МҚҚЖҰ тарапынан Хабарлау қағидаларының, Микрокредит беру туралы шарт жасасу тәртібінің талаптарын бұзуға және оның Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты бұзушылықтарға жол берілген. МҚҚЖҰ-ға қатысты шығарылған әкімшілік жазалардың жалпы сомасы 85,1 млн теңгені құрады.
«Әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, МҚҚЖҰ тарапынан жол берілген негізгі бұзушылықтарға мыналар жатады: микрокредит беру туралы шарттарда сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін көрсетпеу немесе дұрыс көрсетпеу және оның шекті мөлшерін асырып жіберу. Клиенттердің кредиттік тарихы бойынша Қазақстан Республиканың заңнамасына сәйкес ұсынылуы талап етілетін мәліметтерді кредиттік бюроға уақтылы ұсынбау. Кейбір жағдайларда МҚҚЖҰ тіпті кредиттік бюроларға жалған ақпарат берген», – деді Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев.
2020 жылы Агенттік барлық банктік емес кредиттеу субъектілерін есептік тіркеуден өткізді. Сондай-ақ микроқаржыландыру субъектілерінің басшы қызметкерлері мен қатысушыларына қойылатын талаптар күшейтілді, ең аз жарғылық және меншікті капиталдарға қойылатын талаптарды кезең-кезеңмен арттыру белгіленді. Кепіл ретінде қабылданған мүліктің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, ломбардтарға қатысты олардың үй-жайларының қауіпсіздігі мен техникалық нығайтылуына қойылатын талаптар белгіленді. Сонымен қоса Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Агенттік Бас прокуратурамен, қаржы және ішкі істер министрліктерімен бірлесе отырып 2020 жылғы сәуірден бастап тамыз аралығында ломбардтардың, онлайн-кредиттеу компанияларының және МҚҰ-ның қызметінде қаржы пирамидасы, алаяқтық және заңсыз банктік қызмет белгілерінің болуы тұрғысынан тексеру жүргізді.
«Микроқаржы ұйымдарының саны көп шоғырланған Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында тексерулерді Агенттіктің Өңірлік өкілдер басқармалары жүргізді, олар қадағалау және құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, 1,3 мың субъектіні тексерді. Тексеру нәтижелері бойынша 86 млн теңгеге айыппұл салына отырып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 952 іс қозғалды, сондай-ақ анықталған бұзушылықтардың іс-шаралар жоспарын міндетті түрде ұсына отырып, жазбаша ұйғарым түрінде, оның ішінде артық есептелген сыйақы мен тұрақсыздық айыбы (өсімпұлдар, айыппұлдар) деректері бойынша 152 шектеулі ықпал ету шарасы қолданылды», – деп атап өтті А.Терентьев.
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде микроқаржылық қызметті лицензиялау енгізілді. Лицензияны беруге қойылатын талаптар, лицензия беруден бас тарту, тоқтата тұру, тоқтату және одан айыру негіздері белгіленді.
Жосықсыз ұйымдардың қызметіне жол бермеу, нарықтың орнықтылығын қамтамасыз ету және тұтынушыларды қорғау үшін мінсіз іскерлік беделінің болуы, өтелмеген соттылығының және сыбайлас жемқорлық қылмыстарының болмауын қоса алғанда, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың ірі қатысушылары мен басшы қызметкерлеріне қойылатын күшейтілген талаптар енгізілді.
2020 жылы анықталған бұзушылықтар қорытындысы бойынша коллекторлық агенттіктерге қатысты:
– 10 жазбаша ұйғарым;
– 7 әкімшілік жаза қолданылды.
Жүргізілген талдау нәтижелері коллекторлық агенттіктер қарыздар бойынша берешекті өтеу есебінен төлемдер қабылдауға шектеу белгілеуге, сондай-ақ борышкерді берешектің мөлшеріне, сипаттамасына және негіздеріне қатысты жаңылыстыруға әкелетін жосықсыз әрекеттерді жүзеге асыруға байланысты бұзушылықтарға жол бергенін көрсетті. Коллекторлар борышкермен өзара іс-қимыл жүргізу барысын белгілеуді аудио- немесе бейнетехника арқылы жиі жүзеге асырмаған және аудиожазба материалдарын борышкермен өзара іс-қимыл жүргізген күннен бастап алты ай бойы сақтауды қамтамасыз етпеген. Кейбір коллекторлық агенттіктер орналасқан жерінің өзгергені туралы Агенттікті қажетті мерзімде хабардар етпеген.
Коллекторлық агенттіктерге қатысты қолданылған әкімшілік жазалардың жалпы сомасы 1,6 млн теңгені құрады. Әкімшілік жауапкершілік көзделген, коллекторлық агенттіктер жол берген бұзушылықтар шектеулі ықпал ету шарасын қолдану жөніндегі міндеттерді орындамау, сондай-ақ Коллекторлық қызметті жүзеге асыру қағидаларын сақтамау және кредиттік бюроларға және Агенттікке анық емес мәліметтерді ұсыну болды.