Ұжымдық иммунитет қалыптасу үшін халықтың қанша пайызына вакцина салынады?

Жарияланды
Журналистер де тәуекел тобына жатқызылады

Елімізде 1 ақпаннан бастап жаппай ерікті вакцинациялау басталды. Қазірдің өзінде ел алдындағы әкім-қаралар, дәрігерлер салдырып жатыр. сондай-ақ тәуекел тобына жататын мұғалімдерге, полиция қызметкерлеріне екпе жасалмақ. Сәуір айынан бастап қарапайым халықтың негізгі бөлігі екпе ала бастайды деген жоспар бар. 

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят барлық емханалардағы егу кабинеттері жеткілікті дейді. 

«Егер ол аз болса, кеңейтеміз. Басқа медициналық ұйымдарда санитарлық-эпидемиологиялық режимді сақтай отырып, қолайлы жағдай жасалатын болады. Бұл қолдану үшін келіп түсетін вакциналардың санына байланысты» деді Ғинаят.

Бас санитар дәрігер Ерлан Қиясовтың айтуынша, жаппай иммундау кезінде 750 мың вакцина дозасын жеткізу жоспарланған.  Оның үстіне, жеткізу де, вакцинация да кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Сонымен қатар журналистер де тәуекел тобына жатқызылмақ. Оларды вакцинациялау иммундау жүргізудің тиісті кезеңінде қарастырылған. Ал елімізде тұратын шетелдіктердің вакцинаны тегін алу, алмауына қатысты әзірге нақты ақпарат жоқ. 

Ажар Ғинаят бастапқыда коронавируспен ауырып, бойында антиденелер пайда болған адамдардың қан плазмасын коронавирустың ауыр түрімен ауырып жатқан науқастарды емдеу үшін пайдалану мәселесіне де назар аударды. 

«Плазма ауыр халде жатқан науқастарға емес, енді ғана ауыра бастағанда, вирус қанда болған кезде пайдаланылады. Емдеудің бұл түрі ауруы әбден өтіп кеткен, реанимацияда жатқан науқастарға көп көмек көрсетпегенін дәрігерлер өз тәжірибесінде айтып жүр. Сондықтан плазма тек дәрігерлердің рұқсатымен көрсетілімдер бойынша қолданылады. Ол қан орталықтарында әзірленеді және сұраныстар бойынша ауруханаларға беріледі» деді вице-министр өз жауабында.

Вице-министрдің сөзінше, реанимация бөлімшелеріндегі пациенттердің 60 пайыздан астамында жүрек-қан тамырлары жүйесінің созылмалы аурулары бар: қант диабеті, артериялық гипертензия, өкпенің обструктивті ауруы, семіздік, бауыр циррозы және онкологиялық аурулар.

«Айта кетейік, 310 пациенттің 66 пайызы алғашқы тәулікте реанимацияға түседі, бұл көбіне үйде өз бетінше емделуге тырысқаннан кейін медициналық көмекке кеш жүгінудің салдарынан болады. Учаскелерде COVID-19 симптомсыз, аурудың жеңіл түрімен ауыратын науқастарды амбулаториялық бақылаудың чек-парақтары, COVID-19 жұқтырған баланың жағдайын бақылау бойынша ата-аналарға арналған чек-парақтар жүргізілуі тиіс» деп еске салды ведомство өкілі.

Вакцинаны алғаннан кейін оның салдары болған жағдайда процестің барлық қатысушылары жауап береді: өндірушіден бастап медициналық мекемелерге дейін. Ерлан Қиясовтың айтуынша, өңірлердегі қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының жанынан бейінді мамандар қатарынан сараптамалық топтар құрылды. Теріс реакция болған жағдайда комиссия тергеу жүргізеді және тиісті шаралар қабылдайды.

«Бүгінгі таңда вакцинациямен барынша көп адамды қамту маңызды. Бұл КВИ бойынша жағдайды жеңуге және карантинсіз қалыпты өмір салтына оралуға, экономиканы тұрақтандыруға, балаларды балабақша мен мектептке, студенттерді дәріс залдарына қайтаруға және жалпы алғанда, туыс-туғанмен, әріптестер, дос-жаранмен еркін араласуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта БАҚ пен әлеуметтік желілерде вакцинацияның зияны туралы жалған хабарламалар жиі таралады. Сіздерді тек ресми дереккөздердің ақпаратына ғана сенуге, медицина қызметкерлерінің ұсыныстарына құлақ асуға және псевдосарапшылар мен арандатушылардың арбауына көнбеуге шақырамын. Қазіргі бұл  инфекциялардан қорғаудың ең тиімді шарасы, сондай-ақ карантин мен өзін-өзі оқшаулаудың жалғыз баламасы» деп түсіндірді  бас санитарлық дәрігері.

Алдын ала болжам бойынша және шетелдік ғалымдардың жарияланымдарына сәйкес, КВИ ауруын азайтуға мүмкіндік беретін ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін ересектердің 60 пайызы вакцинациялау қажет.

 Вакцинация бірінші кезектеинфекциялық стационарлардың, жедел медициналық көмектің, сондай-ақ басқа да бейіндегі медицина қызметкерлерін қамтиды. Бұдан әрі, екпе салынатын топқа вакцина көлемінің жеткіліктілігіне қарай вакцинацияланатын контингентті одан әрі кеңейте отырып, педагогтар, күш құрылымдары қызметкерлері қосылады.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысқан «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нариман Әбілшайықов адамның вирус тасымалдаушы екенін анықтайтын мобилді қосымшаға байланысты түсінік берді. Аталған қосымша ПТР ортақ базасымен интеграцияланады және QR-код арқылы жұмыс істейді. 

«Платформада 8 мыңнан астам абонент тіркелді. Кәсіпкерлермен екі аптада жүргізілген жұмыстардың қорытындысын шығарып, басқа салада жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қосатынымызды зерделеп, зерттеп, бас санитарлық дәрігердің қарауына өз ұсынысымызды енгіземіз. Жоба өз жұмысын бастамаған кәсіпкерлерге ғана қатысты. Олардың саны 13 мыңнан асады. Бұл кәсіпорындар пандемия басталғалы тоқтап тұр. Олардың ішінде компьютерлік клуб, боулинг, бильярд, банкет залдары бар» деді Әбілшайықов.

Спикер базарлар, сауда орталықтары мен тұрғын үйдің жанындағы дүкендерге QR-код енгізу қажет емес екенін атап өтті.

ҚР ДСМ хабарлауынша, жоба келушілер мен қызметкерлер арасында індетті жұқтыру қаупін айтарлықтай төмендетіп, бизнес шектеулерді жеңілдетуге мүмкіндік бермек. 

 

Сондай-ақ оқыңыз