Зейнетақы қоры салымшыларға 151 миллиард теңге аударды

Жарияланды
10 күннің ішінде 75 131 салымшы өтінішін жіберген

БЖЗҚ салымшыларға тұрғын үй жағдайларын жақсартуға шамамен 151 миллиард теңге аударды. Бұл туралы БЖЗҚ АҚ баспасөз қызметі хабарлады. 

Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдерін алу жөніндегі жедел деректер мынадай:

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2021 жылғы 25 қаңтар мен 3 ақпан аралығында уәкілетті операторлардан мақсатты пайдалану үшін мерзімінен бұрын төлемдерді жүзеге асыруға жолдаған 75 131 салымшының өтінішін қабылдады.

БЖЗҚ-ға өтініштердің көпшілігі «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ уәкілетті операторынан келіп түсті. Осы оператор арқылы 2021 жылғы 25 қаңтар мен 3 ақпан аралығында 73 355 өтініш қабылданды.

Жалпы сомасы 294,1 млрд теңгеге жуық 53 709 өтініш (73%-дан астам) алдын ала мақұлданып, өңдеуге қабылданды. БЖЗҚ 19 646 өтінішті (шамамен 27%) заңнама талаптарына сәйкес келмейтіндіктен қабылдамады.

«Отбасы банк» АҚ уәкілетті операторынан қабылданған 27 327 өтініш бойынша 2021 жылғы 1-3 ақпан аралығында жалпы сомасы шамамен 151 млрд теңгеге төлемдер жүзеге асырылды. Төлемдердің орташа сомасы 5,5 млн теңгеден асты.

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ уәкілетті операторынан 28 қаңтар мен 3 ақпан аралығында 1 766 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 1 548 өтініш (шамамен 87%) өңдеуге қабылданды, 228 өтініш заңнама талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты қабылданбады. Уәкілетті оператордың арнайы шотына 8,3 млн теңге аударылды.

Осылайша БЖЗҚ уәкілетті операторлардан өңдеуге өтінімдер қабылдай бастаған 25 қаңтардан бастап жалпы сомасы 301,7 млрд теңгеден астам сомаға кейіннен төлем жасау үшін 55 257 өтініш өңдеуге алынды. Салымшылардың уәкілетті оператор ретінде айқындалған банктерде ашылған арнайы шоттарына шамамен 151 млрд теңге аударылды.

Үкімет қаулысымен бекітілген «Зейнетақы төлемдерін, біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында жүзеге асыру» қағидаларына сәйкес, жинақтарды уәкілетті операторға аудару уәкілетті оператордан БЖЗҚ-ға салымшының өтініші келіп түскеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылатынын еске саламыз.

Бұл ретте Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 173-бабына сәйкес уақыт кезеңімен белгіленетін мерзімнің өтуі оқиғаның басталуы белгіленген күнтізбелік күннен немесе оқиғаның басталуынан кейінгі келесі күні басталатынын атап өткен жөн.

Қолжетімді сома туралы ақпаратты enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен немесе Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мобильді қосымшасы арқылы уәкілеті операторға біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға тікелей өтінім берер алдында мұқият тексеруге кеңес береміз.   Салымшының БЖЗҚ-да жеткіліктілік шегінен асатын сомасы болған жағдайда, оны пайдалануға өтінім шексіз рет берілуі мүмкін.

Азаматтардың өтінім беруге және зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу үшін нысаналы пайдалану шарттарына байланысты барлық мәселелерін уәкілетті оператор «бір терезе» қағидаты бойынша қарайды және БЖЗҚ-ға жеке өтініш беру талап етілмейді.

Сондай-ақ оқыңыз