Жаңалықтар

Қалдықтан қашан пайда табамыз?

Елімізде 120 млн тонна тұрмыстық қатты қалдық жиналған

COVID-19 пандемиясының салдарынан халықтың жаппай оқшаулануына қарамастан, Қазақстан қалаларында қоқыс шығару қарқыны артқан. Бұл туралы Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығы хабарлап отыр. 

Жақында өткен «Қазақстандағы қалдықпен жұмыс істеу: практикалық мәселелер» онлайн-конференциясында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қалдықты қайта өңдеу үлесін арттыру және жаңа экологиялық кодекстің ерекшеліктері талқыланды. Іс-шара StopMusor әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылған. 

Елімізде қордаланған экономикалық түйткілдер жетерлік. Әсіресе, қоғамдық орындарда жатқан қалдықтарды жиі байқаймыз. Бір қарағанда ұсақ-түйек секілді көрінгенімен, қарапайым қалдық үлкен экологиялық дүмпу тудыруы ықтимал. Өйткені бұл үлкен күресті қажет етеді. Қазірдің өзінде жағдай мемлекет бақылауынан шығып кеткен болуы әбден мүмкін. 

Экологиялық ұйымдар қауымдастығының басқарма төрағасы Айгүл Соловьеваның айтуынша, әрбір азамат қалдықтарды азайтуға өз үлесін қосуы тиіс және StopMusor жобасы осыған көмектесе алады.

«StopMusor жобасы азаматтар арасында тұрмыстық қалдыққа көңіл бөлу мәдениетіне сауатты тәрбиелеуге ғана емес, қазіргі экологиялық проблемаларды шешуге де бағытталған. Жоба аясында мобильді қосымша және stopmusor.kz арнайы сайты құрылды, онда әр тұрғын өз қаласындағы рұқсат етілмеген қоқысқа немесе өзге экологиялық проблема бойынша шағым түсіре алады. Барлық өтінімдер қауымдастыққа келіп түседі және мәселені одан әрі шешу үшін тиісті органға жіберіледі деді Айгүл Соловьева.

2020 жылдың өзінде 9000-ға жуық рұқсат етілмеген қалдық орындары анықталыпты. Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ахметжан Пірімқұлов қалдықпен күресу үшін алдымен азаматтар санасы өзгеруі керек деп санайды. 

«Заңсыз қоқыс тастау мәселесін жүйелі түрде шешу үшін жаңа экологиялық кодексте қоқыс шығаратын көлікке GPS-бергіштерін міндетті түрде орнату, қалдықтарды тасымалдау үшін хабарлама жасау тәртібі және қауіпті қалдықтарды лицензиялау мәселелері қарастырылған. Осылайша, аталған нормалар экологиялық жағдайды түбегейлі жақсартуға түрткі болып, халықты қолайлы қоршаған ортамен қамтамасыз етуі тиіс» деді Пірімқұлов. 

Вице-министрдің айтуынша, еліміздің 204 қаласы мен өңірінде әртүрлі деңгейдегі ТҚҚ бөлек жинау 94 пунктте, ал сұрыптау – 80 елді мекенде енгізілген. Қатты қалдықтар Нұр-Сұлтан, Шымкент және Жаңаөзендегі зауыттарда, сондай-ақ 218 шағын және орта бизнес кәсіпорындарында сұрыпталып, қайта өңделеді. Сонымен қатар, елдегі полигондардың тек 18 пайызы санитарлық нормаларға жауап береді. 

«Біз мереке өткізгенде таныстарымыздан біреуді шақырмасақ, онда бұл – ұят, ал қоқысты қоқыс жәшігінің жанынан лақтырып тастаудың еш әбестігі жоқ, өйткені оны әкімдік тазалайды, барлығы осылай ойлайды. Яғни, адам бұл оның елі, оның жері екенін түсінуі керек және ол бүгін тасталған қоқыс оған емес, болашақ ұрпаққа жасалған қиянат екенін ұғынуы керек»деп атап өтті эко-белсенді және қоғам қайраткері Шасалим Шагалимов.

Жаңа экологиялық кодексте бұл мәселеге басымдық беріліп, өндіріс және тұтыну қалдықтары мәселелері халықаралық талаптарға сәйкестендірілген. 

Жақында мәжіліс депутаттарының алдына келген экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев елде екі негізгі өзекті экологиялық проблема бар екенін айтты. 

«Біріншісі – қоршаған орта сапасы (ауа, топырақ, су) және қатты тұрмыстық қалдықтар. Егер ешқандай шара қабылданбаса 2030 жылы қоршаған ортаны ластайтын қалдық 3,6 млн тоннаға жетеді. Яғни, 10 жылда 1,5 есе көбейеді. Проблема заңдық механизм және заманауи технологияларды енгізу арқылы шешіледі. Сол себепті, ірі өнеркәсіп орындары үшін кезең-кезеңімен үздік қолжетімді технологиялар енгізу көзделеді» деді министр.  

Ведомство басшысының айтуынша, қазір елдегі 3,5 мың полигонда 120 млн тонна тұрмыстық қалдық жиналып тұр. Жыл сайын 5 млн тонна қалдық пайда болады. 2016 жылдан бері қалдықтарды қайта өңдеу процесінің өсім көрсетуі де (2,6 пайыздан 14,9 пайызға) жағдайды реттей алмай отыр. 

Қалдық мәселесін шешу үшін министрлік алдағы уақытта Waste to Energy механизмін енгізуді жоспарлап отыр. Яғни, ол бойынша қалдықтарды жағу арқылы электр энергиясын алуды көздейді. Сөйтіп, осы арқылы қалдықтың да көзін құртып, жаңартылған энергия көзін де табу, қысқасы бір оқпен екі қоян ату жоспары тұр. Бұл бастама қаншалықты сәтті орындалады, ол уақыт еншісінде.