Жаңалықтар

Қызылордада аса ірі мөлшерде марихуана тасымалдаған тұрғын ұсталды

Оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде

Қызылорда облысында аса ірі мөлшерде марихуана тасымалдаған тұрғын құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2021 жылдың 26 қаңтары күні келіп түскен жедел ақпаратқа сәйкес Самара-Шымкент тас жолының Жаңақорған ауданының тұсында аудандық полиция және Қызылорда облысының ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жеңіл автокөлікті тоқтатты.

Тексеру барысында автокөліктің жүк салғышынан түрлі-түсті пакет алынды. Онда ерекше иісі бар шөп салынған 328 сіріңкі қорабы болды. Сараптама қорытындысы бойынша алынған заттар жалпы салмағы бір келіден астам кептірілген марихуана болып табылады.

Күдікті оқиға орнында ұсталды, ол Жаңақорған ауданының 39 жастағы тұрғыны болып шықты.

Аталған азамат Жаңақорған ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына  қамауға алынып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.