БЖЗҚ-ның инвестициялық кіріс көлемі 1,3 трлн теңгені құрады

Жарияланды
2020 жылғы нақты кірістілік 3,42% құрады

2020 жыл ішінде алынған инвестициялық кіріс көлемі 1,3 трлн теңгені құрады. Бұл туралы БЖЗҚ АҚ баспасөз қызметі хабарлады. 

Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы болып табылады және оларды Инвестициялық декларацияға сәйкес инвестициялайды. Зейнетақы активтерін инвестициялау үшін рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін Үкімет бекітеді. Зейнетақы активтерін инвестициялаудың негізгі бағыттарын Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес айқындайды. 

Зейнетақы активтері БЖЗҚ-ның Ұлттық банктегі инвестициялық шотына орналастырылған. БЖЗҚ салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы (ЖЗШ) зейнетақы жинақтарының дербестендірілген есебін жүргізеді.

Инвестициялық басқару нәтижелері және зейнетақы активтері инвестицияланған қаржы құралдары туралы ақпарат БЖЗҚ-ның ресми сайтындағы (www.enpf.kz) «Көрсеткіштер/Инвестициялық қызмет» бөлімінде ай сайын орналастырылады.

БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын алынған инвестициялық табысты ескере отырып, күн сайын қайта есептейді және қайта бағалайды. Инвестициялық табыстың шамасы өзгеріп отырады және көптеген факторларға, соның ішінде инвестициялардың ағымдағы нарықтық құнына және валюта бағамына байланысты болады. Нәтижесінде инвестициялық табыс ұлғаю жағына да, азаю жағына да өзгеруі мүмкін. Салымшылардың ЖЗШ-дағы инвестициялық табыстың ықтимал теріс ауытқуы қысқа мерзімді кезеңде байқалады және ол уақытша болып табылады. Орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективада инвестициялық табыс, әдетте, оң болады. Сондықтан инвестиция нәтижелерін бір жылдан кем емес ұзақ кезеңнің нәтижелері бойынша бағалаған дұрыс.

Зейнетақы жинақтары туралы ақпарат салымшының enpf.kz БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинетінде, БЖЗҚ мобильді қосымшасында, egov.kz порталында 24/7 режимінде қолжетімді.

2020 жылы зейнетақы активтері бойынша инвестициялық табыстылық инфляция 7,5% болған кезде 10,92% құрады. Нәтижесінде 2020 жылғы нақты кірістілік 3,42%, ал 2020 жыл ішінде алынған инвестициялық кіріс көлемі 1,3 трлн теңгені құрады.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесі басталғаннан бері салымшылар алған инвестициялық табыс 5,5 трлн теңгеден асты және зейнетақы активтерінің 43% астамын құрады. Жинақталған инвестициялық табыстылық 1998 жылдан бастап (жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жұмыс істей бастауы) 602,9%, ал жинақталған инфляция 496,65%  құрады.

Осылайша  2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша өткен 23 жылдағы зейнетақы активтерінің нақты (яғни инфляциядан асатын) жинақталған табыстылығы оң сипатта  және 106,25% құрады.

Сондай-ақ оқыңыз