«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «QazTech Ventures» бен сингапурлік «Quest Ventures» KDA қорымен бірлесе ұйымдастырылған халықаралық «Kazakhstan Digital Accelerator» (KDA) халықаралық акселераторында (бизнесті қолдау институты) финалист атанған Қанат Келдібеков – қазір бизнесін табысты өркендетіп отырған жас стартапер.
34 жастағы кәсіпкер өз жұмысын 2008 жылы қонақүй бизнесінде бастап, үш жылдан соң сайт жасау мен интернет-маркетингке қызыға бастайды. Сөйтіп жүріп тәуліктік пәтерлерді жалға берумен айналысады. Біртіндеп ол дәл осы кәсіпті қалай онлайн форматқа айналдыру жолдарын ойластырады. 2016 жылы бизнесін бастауға тәуекел етеді. Тіпті инвестор да табады. Алайда шаруа соңына дейін жетпейді. Тағы үш жылдан соң тест режиміндегі ApartX қосымшасын іске қосады. Мобилді қосымша пәтерлерін тәуліктік арендаға беретін жылжымайтын мүлік иелерін біріктіреді. Жазда бұл жобаға жеке инвестор 115 мың доллар салады.
Қосымшаны жасаумен Қанаттың Saccess Team командасы айналысқан. Команда Lean Startup қағидаларын үлгі етеді. Ал Lean Startup артық шығыннан аулақ болу үшін істі ғылыми тұрғыда реттеуді қалайды. Сол үшін команда арнайы зерттеу жасайды. Зерттеу нәтижелері бойынша команда меншік иелері үшін көптеген нысандарды пайдалану қиын деген қорытындыға келді. Меншік иелері көбіне кілттерін жоғалтады, сосын оның көшірмесін жасауға мәжбүр болады. Сондай-ақ пәтерден теледидарды, басқа да мүліктерді ұрлап кету фактілері де жиі кездеседі. Команда егер пәтерді ашу және жабу жүйесін цифрландыра алсақ көп проблемадан құтыларын түсінеді.
ApartX қағидасы бойынша пәтерді тапсыру онлайн форматта жүзеге асады. Жалға беруші қосымшаға кіріп, тура сол жерде пәтерді «құрып», оған «ақылды» құлыпты байлайды. Содан кейін ғана пәтерді брондау мүмкін болады. Мұның бәрі пәтердің қауіпсіздігі үшін жасалған. Яғни, пәтер иесі кез-келген уақытта мобилді қосымша арқылы ақылды құлыпты басқарып тұрған PIN-кодты ауыстыра алады. Құлыптар есікке бар-жоғы 5 минут көлемінде орнатылады. Оны ауыстыру, алып тастау мүмкін емес. Ақылды құлып есіктің қашан ашылғанын, кім ашқанын, бәрін «айтып» тұрады.
Мысалы, адам сіздің пәтеріңізге көшуді қалайды. Сіз оның атына бронь жасайсыз, тіркеу және шығу күнін бағдарламалайсыз. Әрі қарай, пәтерге байланған құлыпқа PIN код жасалады, ол сіз бағдарламалаған уақыт шеберінде ғана жұмыс істейді, содан кейін ол белсенді болмайды.
Жалға алушы болса қосымшаға немесе сайтқа кіріп, тексерістен өтіп, өз жеке куәлігін жүктеп, селфи жасап, PIN-код алады. Machine Learning сурет пен адамның сәйкес келуін қадағалайды. Верификация сәтті өткерілген соң жалға алушы келісімге қол қойып, PIN-код алады. Әрі қарай мекен-жайды анықтап, пәтерге барады.
Қазіргі таңда қосымшаға Нұр-Сұлтан, Алматы және Мәскеу қалаларындағы 100-ден астам пәтер қосылған. Алдағы уақытта жобаға Қарағанды және Көкшетау қалалары қосылуы мүмкін. Қазірге дейін қосымша арқылы 9000-нан астам брондау жасалыпты. Орта есеппен ApartX арқасында клиенттер 27 000 доллар шамасында ақша үнемдеп қалған.
Қосымшаны құруға 6 мың доллардай ақша жұмсалған. Төрт айда стартап сәтті жүзеге асып, табыс әкеле бастаған. Қанат және оның командасы келешекте Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына шыққысы келеді.
Бұл жұмысты серіктесі Иван екеуі бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Иван жобаның техникалық қырына жауап берсе, Қанат жобаны дамыту, маркетинг тұрғысына жауапты. IT-стартаптардың халықаралық технопаркі Astana Hub кеңсемен қамтамасыз ету, салық преференциясын жасау бойынша жобаға көмек жасап жатыр.