Теңге бағамының тұрақты болуына қандай фактор көмектесіп тұр? Ұлттық банк Ресейдегі геосаяси жағдайдың теңгеге ықпалы туралы айтты
2021 жылдың алғашқы бір айында әлемдік нарықта айтарлықтай жаңалық бола қойған жоқ. Бәрі өз қалпымен, ырғағымен жүріп жатыр. Атап өтерлік жаңалық – Covid-19-ға қарсы вакциналардың сынақтан сәтті өтіп, жаппай қолданысқа енгізіле бастауы. Дәл осы фактордың өзі әлемдік мұнай және валюта нарығындағы ахуалды оң бағытқа қарай өрістетпек. Дегенмен мәселені шешу үшін жалғыз вакцинация процесі жеткіліксіз. Осы орайда Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова қаңтар айына шолу жасаған.
«Қаңтардың алғашқы екі онкүндігінде АҚШ экономикасы кезекті ынталандыру пакетін алған соң және инфляциялық болжамдардың өсуіне байланысты, төмен ставкалардың перспективасын реттеуші пікірлерге байланысты қордық индекстердің өсімі байқалды. Айдың басында шикізат нарықтарында да жақсы динамика байқалды. 5 қаңтар күні ОПЕК+ мүше елдер мұнай өндіруді азайту туралы компромисті шешімге қол жеткізді. Сауд Арабиясы ақпан мен наурызда ерікті түрде тәулігіне 1 млн баррельге аз мұнай өндіреміз деген шешімін мәлім етіп, бұл да өз кезегінде мұнай нарығына қолдау болды. Қара алтынның бағасы пандемияға дейінгі деңгейіне жетіп, барреліне 57 доллардан асты. Алайда, айдың соңғы аптасында кәсіби емес трейдерлердің GameStop сияқты бірқатар компанияларға жасаған мәмілелері қорлар нарығындағы жағдайды құбылтып жіберді» дейді Молдабекова.
Оның айтуынша, коронавирус жұқтырған адамдар санының азаймай тұрғаны нарықтың құбылуының басты факторы болып отыр. АҚШ қор биржасында саудаланатын аса ірі сауда капиталына ие 505 компания құрамына енген қор индексі – S&P 500 индексі қаңтар айының қорытындысы бойынша 1,1 пайызға төмендеп кеткен. Мұнай өндіру бойынша келісілген шектеулер кезінде Brent маркалы мұнайдың бағасы бір айда 8 пайызға өскеніне қарамастан, көмірсутектерге деген сұранысты қалпына келтіру қарқыны бірқатар күмән туғызды дейді Ұлттық банк өкілі.
Қаңтар айында теңге динамикасы әлемдік нарықтағы өзгерістерге сай өрбіген.
«Мұнай бағасының күрт өсуі мен АҚШ долларының бағамы әлем бойынша әлсіреп жатқан кезде, айдың басында теңге 418,94 деңгейінде нығайды. Айдың біраз бөлігінде айырбас бағамы 418,4–420,8 аралығында болды. Айдың соңында теңге 424,2 көрсеткішіне дейін немесе инвесторлар тәуекелден қорқып, АҚШ доллары нығайған және қор индекстері құлаған жылдың басынан бері 0,8%-ға әлсіреді. Көптеген дамушы елдердің валютасы осы айда әлсіреді. Мысалы, Бразилияның реалы 5,4%, Мексиканың песосы 3,3%, Оңтүстік Африканың ранды 3,2%, Ресей рублі 2,5% әлсіреді. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың жалпы көлемі 2020 жылдың желтоқсаныдағы 2,5 млрд АҚШ доллары көрсеткішінен 2021 жылдың қаңтарында 2,2 млрд АҚШ долларына дейін төмендеді» дейді сарапшы.
Алайда нарықтың негізгі факторлар ықпалына орай қалыптасатынын ескерген бас қаржылық қадағалаушы қаңтар айында интервенция жасауды қажет деп таппаған. Теңгеге қолдау көрсеткен факторлардың бірі – бюджетке трансферт беру аясында Ұлттық қордан алынған валютаның сатылымы. Бұл сатылым көлемі 720 млн долларды құраған. Сондай-ақ квазимемлекеттік сектордағы субьектілердің 206 млн доллар көлемінде табыс табуы да ұлттық валюта курсын тұрақтандыруға пайдасын тигізген.
Ұлттық банк өкілі Ресейдегі геосаяси жағдайдың біздің ұлттық валютаға тигізер әсерін де жоққа шығармайды.
«Теңге мен рубль курсының арасында өзара байланыс бар. Алайда ол байланыс тікелей емес. Қазір Ресейге төніп тұрнған санкциялық тәуекелдердің ерекшелігі бар және олар жергілікті валюталық нарықтарға тікелей әсер ете алмайды. Десе де Қазақстанның негізгі серіктес валютасының бірі – рубльдің әлсіреуі теңгенің бағамына да жаман әсер етуі мүмкін. Ресей нарығынан портфелді инвесторлар тағы кете бастаса, резидент еместердің бір бөлігі Қазақстанның қарыз нарығына келеді. Қаңтар айында шетелдік инвесторлардың бізге келе бастағанын байқадық. ҚР МҚҚ-дағы резидент еместердің көлемі 191 млрд теңгеге өсіп, 604 млрд теңгеге жетті (1,4 млрд доллар). Халықаралық сарапшылар Қазақстанның қарыз және валюталық нарықтарына жақсы баға беріп, активтерді ұлттық валютада сатып алуға кеңес береді, өйткені, олардың пайымынша, ставкалар тартымды болады» дейді Молдабекова.
Ал Ұлттық қор валюта активтері жыл басынан бері 1 миллиард долларға азайып, 57,7 миллиард долларды құраған. Ұлттық қордағы көлемнің төмендеуіне түрткі болған басты себеп – бюджетке трансферттердің бөлінуі еді, оның көлемі 381 миллиард теңгені (900 миллион АҚШ долларына балама) болған. Осы мақсаттар үшін валюта нарығында 720 миллион АҚШ доллары сатылған, бұл шамамен 300 миллиард теңгеге тең, ал қалған трансферттер теңге шотындағы қалдықтар есебінен жүзеге асырылыпты. Бұл валюта нарығында негізінен 2020 жылдың соңғы екі айында Ұлттық қорға түсімдер есебінен қалыптасқан.
«Ақпан айының басында-ақ қор нарығының қалпына келе бастағаны байқалды. Ақпанның алғашқы 5 күнінде Ұлттық қордың инвестициялық кірісі қаңтардағы құлдырауын реттеп, 440 миллион АҚШ долларына жетті» дейді Ұлттық банк өкілі.
Әлия Молдабекованың сараптауынша, әлемдік экономиканың қалпына келу қарқыны коронавирустың жағдайына тікелей байланысты.
«Вакцинациямен байланысты оптимизмге және вакцинаның тиімділігі туралы жалпы оң мәліметтерге қарамастан, бірқатар қауіпті факторлар сақталып қалып отыр, олар: вирустың жаңа, неғұрлым жұқпалы штамдарының пайда болуы, вакцинацияның баяу жүруі, вакциналармен қамтамасыз ету мен өндірудегі қиындықтар, бір сөзбен айтқанда – «вакционализм». Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кейбір дамыған елдерді вакцина жеткізілімінің көп бөлігін сатып алады деп айыптайды, бұл олардың санынан бірнеше есе көп, мұндай әрекеттер кедей елдерді вакциналарға мүлдем қол жетімді етпеуі мүмкін деп ескертеді. Вакцинаның қол жетімділігі мен вакцинация мөлшерінің үлкен айырмашылығы оның біркелкі болмауына әкеп тірейді: мысалы, Израиль өз халқының 60%-ына бір немесе бірнеше дозада вакцина егіп үлгерген, Ұлыбритания – 19%, АҚШ – 12%-дан, ал Үндістанда бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен және 1%-дан аз. Дамушы елдер үшін ұжымдық иммунитет алу үшін вакцинациялау қарқынын жеделдету және вакциналардың қол жетімділігін арттыру – шектеу шараларын біртіндеп алып тастаудың алғышарты болса керек» дейді ол.
Белгіленген тәуекелдерге және тұрақты құбылмалылыққа қарамастан, нарықтар негізінен позитивті болып табылады және біз ақпан айының басынан бастап қор индекстері мен мұнай бағасының өскенін байқадық. Бұл дамушы нарықтардың валюталарына және қаржы құралдарына қатысты инвесторлардың тәуекелінің жоғарылауына ықпал етеді дейді Әлия Молдабекова өз болжамында.