Екі ірі банктің бірігуі қаржы секторында қандай өзгеріс жасайды?
2020 жылдың соңында «Жусан банк» қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің келісімінен соң АТФ Банк акциясының 99,76 пайызын сатып алды. Осыдан соң екі банктің жалпы активі 3 триллион теңгеге жетті. Бұл дегеніңіз елдегі бүкіл банк секторының 10 пайызын құрайды деген сөз.
«Біз бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан АТФ Банктің Жусан тобына қосылғанына қуаныштымыз. Қазіргі уақытта АТФБанк өзінің өтімділігін едәуір арттырды, провизиялардың қажетті деңгейін құрды және сенімді қаржы институты болып табылады. Біздің келесі қадамымыз екі банктің клиенттік базасын одан әрі кеңейтуге және заманауи цифрлық қызметтерді ұсынуға бағытталған ұзақ мерзімді даму стратегиясын әзірлеу болмақ» деген еді Jýsan Bank директорлар кеңесінің төрағасы Шигео Катсу.
2020 жылдың желтоқсан айында АТФ қарыз портфелі 828,2 млрд доллардан 580,3 млрд долларға немесе 247,9 млрд теңгеге төмендеген. Активтер 42 млрд теңгеге азайып кеткен. Сарапшылар Жусан басшылығы банктің несие беру мүмкіндігін қатты тежеп отыр, АТФ-қа жаңадан келген басшылық бұрынғы командаға сенбейді дейді.
АТФ табысы 2020 жылдың 11 айында 3,5 миллиардты құрап, жыл қорытындысы бойынша 119,9 млрд теңге шығынға батқан. Желтоқсанда шығынның жиынтық мөлшері 123,4 млрд теңгеге жетіпті. Бұл сома түгелдей жұмыс істемей тұрған портфелді жабуға жұмсалған. Бұл туралы телеграмдағы Risk Takers каналы тарқата жазды.
«2019 жылдың қорытындысы бойынша біз АТФ портфелінің 27-28 пайызы проблемалық займдардан тұратынын анықтадық. Ал ресми статистикада NPL деңгейі 7,2 пайыз деп көрсетілген. Jýsan ғажайып нәтижелер көрсетуді жалғастыруда. Желтоқсан айында банк 30,3 млрд теңге табыс тапқан. Банк капиталы 72 млрд теңгеге өскен. 30,362 млрд теңге резервті қайта бағалау есебінен алынған. S&P өзінің соңғы есебінде екі банктің бірігуі жайлы аз ғана ақпарат берілуі, бұл мәселеде ашықтықтың болмауы қосымша тәуекелдер тудыруы мүмкін дейді. Біз S&P-ты қолдаймыз. Қазіргі кезде «Жусанға» және АТФ-ке жаңа мемлекеттік көмек көрсетілмеді деп ойлаймыз. Көмек жасалуы мүмкін, сондықтан оқиғаны мұқият бақылаймыз» делінеді арнадағы жазбада.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екі банктің бірігуін оңды, қаржы нарығы үшін пайдалы құбылыс деп есептейді.
«Банктердің бірігуінің қаржылық моделі қосылу мен жұтылып кетудің классикалық моделіне сай келеді. 124 млрд теңге көлеміндегі банктің меншік капиталы қосымша провизия құру үшін пайдаланылды. Ағымдағы акционердің шығынын жапқаннан кейін, Jısan Bank реттеушінің талаптарына сәйкес жеткілікті мөлшерде капитал құра отырып, АТФ Банкті 97 млрд.теңге мөлшерінде қосымша капиталдандыруды жүзеге асырды. Мәміле нәтижесінде АТФ Банк провизиялардың қажетті мөлшерін құрды, ұзақ мерзімді перспективада банктің қаржылық тұрақтылығы мен тұрақты дамуын қамтамасыз ететін қажетті капитал мен өтімділік резервтеріне ие болды.
Агенттік қазақстандық ірі банктердің бизнес-модельдерінің бірігуі екі банктің қаржылық және технологиялық артықшылықтарын пайдалану арқылы банк секторының тұрақтылығын арттыруға және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға көмектеседі деп санайды.
Екі банктің ағымдағы қызметі, сондай-ақ банк клиенттеріне арналған қызметтердің қол жетімділігі уақтылы және толық көлемде жүзеге асырылады» делінген агенттік хабарламасында.
2020 жылы «Жусан банк» активі 1,33 трлн теңгеге жетіп, ол банктер рейтингінде 10-орын алған. 2020 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша АТФ Банктің тұрақтандыру капиталы 287,3 млрд теңге болған.
Жалпы, соңғы бес жылда мәжбүрлі жабылу, бірігу және жұтылу салдарынан 9 банк жойылып, банктер саны 35-тен 26-ға қысқарған.