Енді салықты онлайн төлеуге болады. Ол үшін не істеу керек?
Мемлекеттік кірістер комитеті жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны енді онлайн тапсыруға болады. Бұл туралы аталған комитет төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев мәлімдеді.
Сервис «E-Salyk Azamat» мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылмақ. Сервис барлық қажетті сынақтардан өткізілген. Қазіргі таңда азаматтар үшін қолжетімді. Жыл басынан бері 150 мыңнан астам декларация тапсырылған, оның ішінде «E-Salyk Azamat» арқылы 115 мың декларация тапсырылыпты. Мобильді қосымшаның интерфейсі ыңғайлы және «сұрақ-жауап» түріндегі жеңілдетілген форматы бар.
Мемлекеттік кірістер комитетінің басқа мемлекеттік органдармен бірігуіне байланысты 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда Қазақстан аумағында тіркелген жылжымайтын мүлік, көлік құралдары, сондай-ақ шетелдік банктердегі банктік шоттардағы ақша көрсетілмейді.
«Жеке тұлғалар жыл сайын жылжымайтын мүлік объектілері, көлік құралдары, жер учаскелері бойынша мемлекеттік органдардың ескірген деректер базасы проблемасына тап болады. Бұл мәселені шешу үшін 2019 жылдан бастап деректер базасын өзектендіру жөніндегі жұмыс тобы құрылды, оның құрамына ҚМ, ІІМ, ЦДИАӨМ, «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ, «ҰАТ» АҚ техникалық өкілдері кірді. «E-salyq Azamat» мобильді қосымшасының жеке кабинетінде түзетуге өтінім беру арқылы жеке тұлғалар да көмектесе алады» дейді Іңкәрбаев.
Ресми деректер бойынша, жұмыс тобы 25 миллионнан астам мәліметті өңдеп, 5 миллионнан аса қате мәліметті өзектендірді: жылжымайтын мүлік бойынша – 2,6 млн; көлік құралдары бойынша – 943 мың; жер учаскелері бойынша 1,7 млн.
«Нысан деректемесінде қате мәліметтер болған жағдайда, салық төлеуші «E-salyq Azamat» мобильдік қосымшасында өзектендіру үшін тиісті уәкілетті мемлекеттік органға өтінім жіберу мүмкіндігі бар. Өтінімді қарау мәртебесін сол сервисте қадағалауға болады» деп түсіндірді спикер.
Көлік құралдары бойынша деректерді түзетуге – 8938, жылжымайтын мүлік бойынша – 228, жер учаскелері бойынша 568 пайдаланушы өтінім берген. Сондай-ақ «E-salyq Azamat» мобильді қосымшасында артық төлемді басқару сервисі іске қосылған.
Қосымшаның «Артық төлем» қосымша парағында қандай салықтар бойынша артық төлемнің бар екендігі және салық төлеушінің онымен қандай іс-әрекеттер жасағысы келетіні – басқа салықтарға бағыттайтыны немесе өзінің банктік шотына қайтаратыны көрсетіледі. Ол үшін шоттың деректемелерін, банкті және қайтарылатын соманы көрсету қажет. Айта кетейік, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап есептеулер мен қайтарымдарды жүргізу мерзімі 10-нан 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды.
«Артық төлемді басқару» сервисін 347,8 млн теңге сомасына 5,5 мың пайдаланушы пайдаланып үлгерген. Өз кезегінде МКК 2018 жылдан бастап берешек сервисінің екінші деңгейдегі банктерімен интеграциялау бойынша ауқымды жұмыс жүргізген.
Жайдар Іңкәрбаевтың айтуынша, нәтижесінде салық төлеушілер салық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларында, сондай-ақ салық төлеуші кабинетінде, МКК порталында, «Электрондық үкімет» порталында дайын деректемелер бойынша тексеру және төлеу мүмкіндігіне ие.
«Сервис азаматтарға дайын деректемелер бойынша бір мезгілде төлеу мүмкіндігімен алдағы салық сомасын оны төлеу мерзімі келгенге дейін білуге мүмкіндік береді. Бұрын салық төлеушіге банкке бару, кезекте тұру, банк комиссиясын төлеу, өз салығын төлеу үшін көптеген деректемелерді таңдау қажет болатын. «E-salyq Azamat» салық әмиянында қолда бар салық салу объектілері: мүлік, жер және көлік салығы бойынша online толықтыруға, автоесептеуге және қарауға болады. Салық төлеушілерді артық инстанцияларға жібермей, салық салу объектілері бойынша түзетуге уәкілетті мемлекеттік органдарға электрондық өтінімдерді жіберу мүмкіндігі жасалды» деп атап өтті Іңкәрбаев.
2020 жылы банктік қосымшалар арқылы жеке тұлғалардың салықтары бойынша 2,6 млн – нан астам push-хабарлама жіберілді, нәтижесінде алдағы төлемдер сервисі бойынша 2,9 млрд теңге немесе мүлік салығы мен жер салығы бойынша барлық түсімдердің 44,8%-ы келіп түсті.
Салықтарды төлеу туралы ақпарат екінші деңгейдегі банктерден МКК ақпараттық жүйелеріне онлайн режимде 2 минуттың ішінде түседі, ал бұрын салықтарды төлеу туралы ақпарат 2-3 күнде жететін.
Салықтарды төлеу туралы ақпаратты алу уақытын қысқарту мемлекеттік қызметтерді жедел көрсетуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ жаңашылдықтар тауарларды шығару кезінде төлемді растайтын құжаттарды ұсыну талабын алып тастауға, бюджетпен есеп айырысулардың жай-күйі туралы өзекті мәліметтерді ұсынуға, өсімақыларды есептемеуге, инкассалық өкімдер шығармауға, шоттарға салынған тыйымды алып тастауды жедел жүргізуге мүмкіндік берді.
«E-salyq Azamat» тегін мобильді қосымшасын App Store және Play Market-тен жүктеуге болады. Бұл қосымша ел азаматтары арасында кеңінен қолданыс тауып отыр. 2021 жылғы 5 ақпандағы жағдай бойынша, мобильді қосымшаны пайдаланушылар саны 265 мыңнан асты.
Ресми деректер бойынша, 2019 жылдың қорытындысы бойынша бюджетке төленген қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесі 80%-дан асты, ал 2020 жылы 90%-ға дейін ұлғайды.
«Цифрлық салықтық әкімшілендіруде «электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесін енгізу едәуір тиімді болып шықты. Шын мәнінде, бұл шаруашылық жүргізуші субъектілердің барлық мәмілелерін тіркеу. Сонымен қатар, бастапқы бухгалтерлік құжаттарды электронды түрде рәсімдеу енгізілді, бұл қызмет салық төлеушілер қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болған локдаун кезеңінде кеңінен қолданылды. Барлық 40 мемлекеттік қызметті автоматтандыру арқылы 97% электрондық түрде қызмет көрсетуге ауыстырылды. Бұрын қызметтердің көбі салық төлеушінің міндетті физикалық қатысуымен ұсынылатын және бұл рәсімге 5-7 күн жұмсалатын. Сондай-ақ, Қазақстанда салық төлеушілердің 99%-ы декларацияны тек электронды түрде тапсырады» деді спикер.