Банк пен қаржы

«Эволюция емес, революция». 2020 жылы қолма-қол ақшасыз төлем көлемі 2,6 есе артты

Виртуалды транзакция 34,6 трлн теңгені құраған

Қаржыгерлер 2020 жылы Қазақстандағы «қолма-қол ақшасыз есеп айырысу эволюциясын» «революция» алмастырды деп тұжырымдайды. Былтыр елдегі қолма-қол ақшасыз транзакция көлемі 2,6 есе өсіп, 34,6 трлн  теңгені құраған. 

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы ұсынған шолуда  қолма-қол ақшасыз операциялар үлесі 45,5%-дан 67,4%-ға дейін  артқаны айтылады. 

2018 жылы оған барлық операциялар көлемінің 29%-ы, 2019 жылы – 46%, 2020 жылы 67%-ы тиесілі болды. Егер COVID-19 пандемиясына дейін банктер мен финтех-компаниялардың төлем инфрақұрылымын жоспарлы дамытуы қолма-қол ақшасыз төлем нарығының негізгі драйвері болса, онда 2020 жылдың ІІ тоқсанында шектеу шаралары есеп айырысудың қолма-қол ақшасыз нысанын дамытуға қосымша серпін берген.

Мемлекет адамдар арасындағы әлеуметтік қатынасты  барынша азайту мен табыссыз қалған халықты қолдауға ұмтыла отырып, локдаун кезеңінде банк бөлімшелері, сауда және сервис кәсіпорындарына қашықтан қызмет көрсету үшін ол жаққа баруды шектейтін, заңнамалық шаралар пакетін қабылдады. Нәтижесінде жүздеген мың қазақстандықтың қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшуіне ықпал етіп, мүмкіндік пайда болды. 

Қолма-қол ақшасыз операция тәсілдерінің арасындағы ең танымалы –  интернет-тарнзакциядар  (барлық қолма-қол ақшасыз операцияның 81%- құрайды). Ақшалай мәнде алсақ,  2020 жыл қорытындысы бойынша, интернет арқылы 28,2 трлн теңге көлемінде транзакция өткен. 

Сонымен қатар айналыстағы несие карталары мен дебиттік карталардың да саны артыпты. Несие карталарының саны екі есе өсіп, 10,9 млн данаға жетсе, дебит карталар 40 пайыз өсім көрсеткен. Сәйкесінше, елдегі әр 100 тұрғынға 189 дебит және 58 несие картадан келеді.